Әр әріптің артында ұлт тағдыры тұр

Уақыты: 08.08.2017
Оқылды: 2045
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Төл дыбысынан әріп саны асып түсетін әліпби тілге қауіп төндіреді. Осы уақытқа дейін қолданылып отырған қырық екі таңбаның тең жарымы қазақ тіліне қажетсіз. Басы артық әріптер дыбыстарға нұқсан келтіріп, тілді ұлттық құнарынан айырады. Өкініштісі, кирилл әріптері қазақтың шұрайлы тілін жетпіс жеті жыл бойы шұбарлап келеді. Сондықтан, латын әліпбиіне көшу – кезек күттірмейтін міндет. Латын қарпі қазақ тілін оқытуды жеңілдетеді әрі түркілік бірегейлікті нығайтады.

Тіл сарайындағы «Латын әліпбиіне көшу: дайындық барысы» атты жиында филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбек осындай ой өрбітті. Оның айтуынша, ең үлкен қасірет – ауылда өскен қазақтың қара баласы ана тілінде акцентпен сөйлей бастауы. Мұндай қауіптің бетін латын қарпіне тез арада көшкенде ғана қайтарамыз. Қазіргі таңда қырық екі әріпті кирилл әрпінің кесірінен қазақ тілінде бірізділік жойыла бастады. Әр ғалым, әр газет, әр адам өз бетінше грамматикалық, орфографиялық ереже қалыптастырып алды. Профессор бұл арада бір сөзді бірнеше нұсқада таңбалайтын республикалық басылымдарды, түрліше жазу ережесін ұсынған орфографиялық сөздіктерді меңзеді.
– Бүгінде латын жазуына көшудің бірнеше себептері бар. Біздің елімізде нақты міндеттер айқындалып қойды. Атап айтқанда, латын графикасына көшудің түпкі мақсаты – ұлттық әрі түркілік бірегейлікті қалыптастыру, қазақ тілін әлемдік ақпарат кеңістігіне енгізу әрі мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту. Аталған айқын мақсаттарды ақпарат құралдары арқылы түсіндіру керек, – деді Ерден Қажыбек өз баяндамасында. Ғалым өз ойын осыған дейін үш мәрте әліпби ауыстырған қазақ халқының бүгінгі рухани бейнесімен сабақтастырды. Қазақ тілінің көш басында тұрған Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Иасауи еңбектерін атап, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуда латын графикасының маңызы ерекше екендігін жеткізді.
Түркі халықтарының латын графикасына көшуін кезінде коммунизмнің көшбасшысы Владимир Ленин қызу қолдап: «Шығыстағы ұлы төңкеріс», – деп атаған көрінеді. Алайда қызыл жендеттер түркілердің латын таңбасына көшуін көп ұзатпай тоқтатып, кеңес билігін бірегейлендіру мақсатында ірілі-ұсақты ұлттардың жазуын кириллицаға ауыстырып жібереді. Саяси шешімнің салдарынан қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған үндестік қағидасы да, төл дыбыстарды таңбалаған латын қаріптері де ескерусіз қалады. Нәтижесінде, қалай таңбаланса, солай сөйлейтін, сырттан енген сөздерді ұлттық фонемаға бейімдемей, еш өзгеріссіз жазатын жаңа емле қалыптасты. Семинар-кеңесте бас қосқан ғалымдардың пікірінше, латын қарпін қолданғанда осындай олқылықтар болмайды. Қазақ тілі славян дыбыстарынан арылады.
Бұл тақырыпты А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек кеңірек түсіндіріп берді. «Қазіргі әліпбиімізді қазақ әліпбиі деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені, ол қазақ-орыс, тіптен, ақиқатын айтсақ, орыс-қазақ әліпбиі десе де болады. Әліпбиіміз бір тілдің емес, әлдеқашан қос тілдің әліпбиі болып орнығып алды. Бүгінгі қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек болып тұр. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Дыбыс, әліпби және емле-ереже реформасы керек», – дейді ғалым. Қазіргі уақытта А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына латын графикасының 100-ден астам жобасы келіп түскен.
Семинар-кеңесте латын әліпбиіне көшуге қандай кедергілер бары жан-жақты айтылды. Ғылыми және тәжірибелік бағыттар көрсетілді. Сүлеймен Демирель атындағы университет профессоры Құралай Күдеринова әріп ауыстырудағы графикалық және фонологиялық сана туралы баяндама жасады. Ғалымның сөзіне сүйенсек, кирилл әліпбиі қазақ халқын орыс тілінде акцентсіз сөйлеуге үйретті. «Біз бұл әліпби арқылы орыстың ойлау жүйесін, орфографиясын айна-қатесіз көшіріп алдық. Орыс тілін қазақ тіліне бейімдеп сөйлейтіндерге жата қап күлетінді шығардық. Ал қазақ тілінің орфоэпиясы бұзылып жатса мән бермейтін болдық», – деген пікірін алға тартқан профессор өз тарапынан ұсынған дыбыстық фонема мен морфемаларды айтып берді. Сондай-ақ, ғалым кейбір тілшілердің латын графикасына көшуді латын тіліне көшу деген жаңсақ мағынада түсініп, қате ақпарат тарататынына қынжылыс білдірді. Өз сөзінде ол қазақ тілінің әрпі ғана латын таңбасына ауысатынын түсіндіріп өтті.
Латын әліпбиіне көшуде қордаланған ғылыми мәселелерден бөлек, саяси және рухани тұрғыда да түсіндіруді қажет ететін сауалдар жеткілікті. Семинарға келген саясаттанушы Дос Көшім латын әліпбиіне көшуді отарсыздандырудың басты белгісі деп атады. Дос Көшім ғасырлар бойы бодандықта өмір сүрген халықты Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан отарсыздандыру саясаты жүргізілетінін айтып өтіп, алайда мұндай бағытта біздің елде бірде-бір әрекет белгісі байқалмағанын алға тартты. Бір сөзбен түйіндегенде, латын қарпіне көшу ширек ғасыр толған азаттығымызды тағы бір мәрте сезіндіре түспек. Ал саясаттанушы Айдос Сарым әр әріптің артында ұлт тағдыры тұрғанын тілге тиек етті. Латын графикасына көшу Мұхаммед пайғамбарымыздың Мединеден Меккеге көшкеніндей үлкен өзгеріс болғалы тұрғанын айтты. Латын графикасына көшер кезде ғалымдар осындай философиялық ұғымды меңгеруі тиіс. «Әліпби ауыстырған кезде төл дыбысымызды бейнелейтін бір әрпімізді жоғалтып алсақ, басқа ұлтқа айналып шыға келетінімізді ұмытпайық. Мұндай реформа кезінде пікірталас қызу болуы керек еді. Әрбір ұлт перзенті өзін тіл жанашыры ретінде сезінгенде ғана пікірталас туады және келісіммен жетілген әліпбиді қабылдаймыз», – деді Айдос Сарым.
Филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес әліпби реформасы арқылы мемлекеттік тіліміздің аясын кеңейтуге болатынын, әсіресе, орыс тілді қазақтардың қолдау танытуы өте-мөте қажет екенін тарқатып берді. Ғылым докторының айтуынша, латын қарпіне көшу экономикалық реформалар секілді өте қысқа мерзімде жүзеге асуы керек. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл мұнда жеке-дара қазақ тілі мәселесі ретінде түсіндірілмей, жалпыұлттық сипатта қорғалғаны абзал.

Қуаныш ТҰНҒАТАР