Жатқа оқудан жарысты

Уақыты: 10.08.2017
Оқылды: 1422
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақ қаламгерлерін жарыса оқитын жастардың көп екендігіне күмән жоқ. Ал, олардың жазғандарын жатқа айтатындардың жөні бөлек. Проза мен поэзиядан сусындап қана қоймай, оны көңіл ұясына қондырып, жүрекке сіңдіру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Бүгінгі жарысқа түскен өрендердің өлең-жырға өзінше өрнек салғаны осының дәлелі болса керек.

Осы орайда, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті.
Ұйымдастырушылардың көздеген мақсаты – қатысушылардың шеберлігін ұштау ғана емес, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Сонымен қатар, Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген ұлт жастарының ықыласын арттыру. 
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс», – деген болатын. Соған сай, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы бұл шара арқылы ұлы ақынды ұлықтаумен қатар, ана тіліміздің өрісін кеңейтіп отыр.
Ереже бойынша, жарысқа 17-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Олар алдымен өздері сүйіп оқитын автордың бір прозасынан үзінді келтірсе, одан соң сүйікті ақындарының бір туындысын жатқа айтып беруі қажет. Қазылар алқасы қатысушылардың көркем мәтінді оқу шеберлігін, дұрыс дыбыстауын, туындыны таңдау талғамын және сахналық бейнесін басты назарға алады.
Жарысқа аудан қалалардан 17 адам қатысқан. Олардың да өз ішінен іріктеуден өтіп, бүгінгі сынға сақадай сай келгені көрініп тұрды. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Текелі қаласынан Медет Түгеев, Сарқан ауданынан Меруерт Сейітқызы, Еңбекшіқазақ ауданынан Мөлдір Жұмабаева иеленді. Ал, екінші орынды Қарасай ауданынан Салтанат Өтебай мен Ақсу ауданынан Сұлтан Жақыпбеков алса, Панфилов ауданының намысын қорғап келген Ерқанат Зәкенов бірінші орынға лайық деп табылды. Кіл жүйріктің ішінен суырылып алға шыққан Қарасай ауданынының көркемсөз шебері Салтанат Байбосынова бас жүлдені қанжығасына байлады. Ол ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті ұйымдастыратын республикалық байқауға жолдама алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы дипломдармен марапатталды. Қатысушылардың барлығына Алғыс хат табысталды.

Мұхтар КҮМІСБЕК