Құрыш білектілерге құрмет

Уақыты: 11.08.2017
Оқылды: 1429
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кез келген өңірдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына  байланысты. Сондықтан жыл сайын тамыз айының екінші жексембі күнін «Құрылысшалар күні» деп бекітіп, құрыш қолды жандардың еңбегін бағалауды әдетке айналдырдық. Осы тұрғыдан келгенде, облысымыздағы жетістіктердің дені аталған саланың дамуымен сабақтасып жатыр. Ол туралы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Құрылысшылар күніне орай ұйымдастырылған шарада сөз болды. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Темірлан Байтасов көпшілікті құттықтап, елге еңбегі сіңген құрылысшыларды марапаттады. 

Ең алдымен өңіріміздегі құрылыс жұмысының ауқымы кеңейіп  келе жатқанын атап өткен Айдарбек Естебекұлы ағымдағы жылы аталған салаға бөлінген қаржы есеппен жұмсалғанын, ауқымды істер атқарылғанын тілге тиек етті. Осыдан кейін бір топ құрылысшыға Қазақстанның Құрметті құрылысшысы төсбелгісін, Инвестиция даму министрлігінің және облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады. Сол қатарда облыстық сәулет, құрылыс және лицензиялау басқармасы басшысының орынбасары Сәметай Дәулетханов «Қазақстанның Құрметті құрылысшы» атағын алды. 
Құрылыс – экономиканың негізгі діңгегі. Кейінгі жылдары түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында республика бойынша, оның ішінде Жетісу жерінде жаңа үйлер, мектептер, аурухана, жолдар салынып жатыр. Қатар-қатар бой түзеген көпқабатты тұрғын үйлер елдігіміздің жарқын болашағын көз алдыға келтірсе, «Жастар» саябағы, Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы сынды нысандар жүрегімізге сенім ұялатады. Сонымен қатар, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ желісімен «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс ауданынан бой түзеген үйлер баспанасыз жүрген талай адамды қуанышқа кенелтті. Бұл туралы айтып өткен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Темірлан Бектасов осы жетістіктерге барынша үлес қосқандарға өз атынан Алғыс хат табыстады.  Айта кетерлігі, биыл үкіметтік емес ұйымдар да өңірдің құрылыс саласына беделді еңбек еткен тұлғаларды мерекеге орай марапаттауға ден қойды. Сол қатарда «АСК Ауыл құрылыс» АҚ директоры Анатолий Рябинин «Атамекен» ҰКП 3 дәрежелі ісіне адалдығы үшін» медалімен және бірқатар құрылысшы «Атамекен» ҰКП-нің Құрмет грамотасымен марапатталды. 
Облыс орталығы Талдықорған қаласымен қатар, өңірлердегі  инженерлік-коммуникациялық желілерді реттеу, ішкі істер және коммуналдық шаруашылық, мәдени, білім, денсаулық сақтау нысандарын дамыту жобалары да жоспарға сай атқарылуда. Ең бастысы, осындай еңбектің нәтижесінде қаншама жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер мен қамқоршысы жоқ адамдар баспаналы болды. Бұл туралы ардагер құрылысшы Мұхтар Батқалов пен Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Сәметай Дәулетханов тілге тиек етті.
Облыстағы нысандардың бәрінде құрылысшылардың қолтаңбасы жатыр. Сондықтан құрылысшы еңбегі қашанда құрметке лайық. Салтанатты шараның соңы Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласып, құрыш қолды құрылысшыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

 

Қажет АНДАС