Кәсіпкерлер тәжірибе алмасады

Уақыты: 15.08.2017
Оқылды: 1222
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Астана  қаласындағы «ЭКСПО – 2017» халықара­лық көрмесі аумағында Алматы облысы мен Швейцарияның Тичино кантоны арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Облыс әкімі Амандық Баталов пен Тичино мемлекеттік кеңесі мен экономика және қаржы министрі Крис­тиан Витта аталған құжатты Швейцария павильонында болған салтанатты жиында бекітті.

 

Қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше жəне өкілетті елші Жанар Айтжанова, Швейцария Конфедерация­сының президенті Дорис Лойтхард қатысты.   
«Швейцарияның Тичино өңірімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум негізінде бірлескен жобалар үшін Алматы облысы таңдап алынды. Өйткені, олардың табиғи, ауылшаруашылығы жағдайлары біздің Жетісу өңірімен ұқсас келеді екен. Енді ауылшаруашылығын дамыту бағытында соңғы буынды технологияларды жеткізуге күш салынып, аймақ туризмін дамытуға барынша назар аударылады. Әсіресе, туризм саласында шведтерден үйренетін үрдістер көп екенін ескеру қажет. Бұл тұрғыда инвестиция тарту жұмыстарында тиісті келіссөздер жүргізіле бастайды», – деді өңір басшысы Амандық Баталов. Оның сөзіне қарағанда, Швейцарияда күн және жел энергиясын өндіру жақсы дамығандықтан облыс әкімдігі тиісті бірлескен жобаларды жүзеге асыруды пысықтайтын болады.      
«Қонақтарымыз тұрмыс­тық қатты қалдықтарды қайта өңдеу саласында да жетістікке жеткенін мойындауымыз керек. Бұл бағыт біздің қызығушылығымызды тудырып отыр. Бүгінде облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің толық кезеңі құрылмаған. Сондықтан осы салада олардың тәжірибесін үйренуді қарастырамыз», – деген облыс әкімі мәртебелі меймандарды қонаққа шақырды.  
Басқосу барысында Тичино кантоны мемлекеттік кеңесі, Экономика және қаржы ми­нистрі Кристиан Витта Алматы облысымен байланыс орнату Швейцария үшін маңызы зор екенін жеткізді. «Біздің пікірімізше, бұл екіжақты кездесу екі өңір үшін де маңыз­ды. Бизнесте бірлесе жұмыс істейміз, кәсіпкерлеріміз тәжірибе алмасады. Сонымен қатар, білім беру саласында да байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз. Ол студенттердің сапалы жоғары білім алуына әрі инновацияның дамуына ықпал етеді. Тичино – туристік өңір. Осы салада да білгенімізді үйретуге әркез дайынбыз. Келесі айда Швейцарияның Тичино кантонынан Алматы облысына экономикалық делегация барады. Олар қазақстандық тараппен байланыс орнатылатын салаларды саралап, атқарылатын шаруаларды ақылдасады», – деді министр.
Шара соңында Амандық Ғаббасұлы тичинолық делегацияға облыстың барлық тарихи орындары айқын көрсетіліп, қолдан əзірленген карта мен Жетісу өңірі туралы кітапты сыйға тартты.

Асхат РАЙҚҰЛ.
Астана қаласы.