САЛҚАМ ЖӘҢГІР ХАН

Уақыты: 18.08.2017
Оқылды: 3739
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Салқам Жәңгір хан ескерткішін алқаушы Бекет Тұрғараұлы Орбұлақта орнатты

Он жетінші ғасырдың басында қазақ жерінің шығысында күшейіп, көршілеріне көз аларта бастаған Жоңғар-қалмақ мемлекеті елімізді «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» нәубетіне ұрындырғаны белгілі. Дегенмен, қазақ халқы үшін жүз жылдан астам азапқа айналған бұл соғыстың бүгінгі ұрпаққа көмескі тұстары әлі де көп. Оны анықтап, нақтылап, ұрпаққа өнеге етіп, тарихымызға алтын әріптермен шегелеу уақыт еншісінде.

Ғасырға созылып, ақыры еліміз елдігін сақтап қалған Қазақ-қалмақ соғысының бастапқы ең ірісі 1643 жылы жазда, Жаркент өңіріндегі Үйгентас жайлауында болған Орбұлақ шайқасы. Бұл тұста өз алдына жеке мемлекет атанғанына 178 жыл толған қазақ елін Есімхан билегені тарихтан мәлім. Алайда қазақ даласының іргесін бүтіндеп, байтақ елдің қай құбыласынан жау тисе де аттан түспей жұртын қорғаған ер Есімхан қартайып, тәнін сырқат меңдеген-ді. Сондықтан шығыстан қара бұлттай түйіліп, қазақ жеріне қаптап келе жатқан Батур қонтайшының 50 мыңдық қолына қарсы Есімханның баласы сұлтан Салқам Жәңгір жедел жиналған  батырларымен аттанды. Бар-жоғы 600 адамнан тұратын бұл қолда сол кездегі қазақтың тайпа жасақтарын басқарған ең мықты батырлары шоғырланған еді. Олардың арасында сан соғыста сыннан өткен  Қарасай, Ағынтай, Жиембет, Сарбұқа, Көксерек, Жақсығұл, қырғыз Көтен мен Тобай сияқты қайтпас қайсар тұлғалар болған.
Жәңгірдің кілең батырлардан топтасқан жасағы Жаркенттен күншілік жердегі Белжайлауда, Қосқолаң тауға келіп, оқпана қазып бекініп, жауды күтті. Қаперсіз келе жатқан жау қысталаң қылтада төбеден жауған жебенің астында қалып, мойын бұруға мұршасы келмей, бірін-бірі таптап, қатты қырғынға ұшырады.
Осы сәтті Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп- тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында былай суреттейді: «Жәңгір Қарасай мен Ағынтай екеуінің қолын оқпанаға орналастырды. 

 

Батыр қолының дайын жатқан, оқпанадағы жайын білмеген олар қатты қыр­ғынға ұшырады. Әйтеуір қазақ қолынан кіші қатынын босатып алуға ғана шамасы жетті. Қосқолаң ұрысқа әдейі таңдалған болатын. Өйткені таудың терістігінде беткей, түстігі тауға кірер өзен еді. Ал, жау келетін жақ тегіс және көп жер көрініп тұратын. Оқпана қазылған жер биікте еді де, сырты – терең сай. Аттар сонда дайын тұрды. Хан өзі Қызылқия­дан атой салды. Сөйтіп, қалмақ тағы шығындалды. Бұл ұрысты мен өзім жоғары бағаладым. Мұндай ұрыс жүргізу үшін, әжептәуір, әскери білім керек болатын. Осы ұрыста Суан Елтінді батырдың көрсеткен ерлігі ерекше болатын. Әсіресе жер жағдайы соның ғақылы еді».
Соғыстың соңын ала қазақ батырларына Самарқаннан Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке келген. Әңгіме арасында айта кетеріміз, бұл ұрысқа қазақ батырларынан басқа қырғыз, өзбек, түрікпен, қарақалпақ, тағы басқа ұлттардың батырлары қатысты, бұл сол кездегі түрік текті елдер ұрпағының ортақ жауға қарсы тізе қосқан өзара ынтымағын танытады.
Осы ұрыста қалмақ қонтайшысы он мың әскерін шығындап, қалған қырық мың қолымен кейін шегінген. Қонтайшы Батурдың өзі де иығынан жарақат алып, кейін соның салдарынан өлген көрінеді. Содан кейін қалмақтар 1652 жылға дейін қазаққа қайта тиіспеген.
 Тарихи деректерді тауып, қалың қауымға жеткізуде жазушы ағамыз Бексұлтан Нұржекеевтің сіңірген еңбегі орасан. Осы өңірдің тумасы бұрын да (Қазақ батырлары туралы айтуға тыйым салынған кеңес кезеңінде) жергілікті халықтан дерек жинап, Ордың орнын өз көзімен көріп, зерттеп, шығармаларында тамтұмдап жаза бастапты. Күндердің күнінде сол кездегі респуб­ликалық «Социалистік Қазақстан» газетінен жазушы Балғабек Қыдырбекұлының Қарасай батыр туралы жазған мақаласын оқып, таң-тамаша болады. Мақалада айтылған Белжайлаудағы жер-су атаулары көптен көңілін күпті еткен сұрақтарына жауап беріп, ақыры Б. Қыдырбекұлының қолындағы еш жерде жарық көрмеген Қазыбек бек Тауасарұлы кітабының жарыққа шығуына Бекең көп жұмыс жасады. 1992 жылы Орбұлақ шайқасын зерттейтін ғалымдар мен жазушылардың республикалық арнайы экспедициясын ұйымдастырып, Жаркент өңіріне алып келді. Сол сапар негізінде деректі бейнефильм түсіртіп, өзі де бірнеше мақала жазып, Орбұлақ шайқасы туралы барша қазақстандықтарға мол мағлұмат берді. Бұған ел басшысы назар аударып, Үкімет арнайы қаулы қабылдап, 1993 жылы Белжайлауда Орбұлақ шайқасының 350 жылдық тойы республикалық деңгейде атап өтілгені қазір көзі қарақты, көңілі сара отандастарымызға мәлім.
 Орбұлақ шайқасының өткеніне келер жылы 375 жыл толғалы тұр. Соған байланысты шайқаста ерен ерлік көрсеткен қазақ батырларының ұрпақтары, жазушылар, тарихшы ғалымдар ел ішінде әртүрлі іс-шаралар өткізуде. Соның бір айғағы Оңтүстік Қазақстан аймағындағы Қазығұрт ауданында, күре жолдың бойында Орбұлақ шайқасының батырларына арналған үлкен тарихи кесене жасалуда. Оның негізгі бөлігінде Орбұлақ шайқасының бас батырлары, қолбасшылар Салқам Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөс баһадүрге еңселі ескерткіш орнатылмақ. Осы істі ұйымдастыру мен жүзеге асыруды тікелей қолға алған «Ұрпақтар жаңғырығы және Қожаберген жырау» халықаралық қорының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген заңгері, ҚР Құрметті судьясы, «Құрмет» орденінің иегері Бекет Тұрғараұлы мен жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлының және Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың мұрындық болуымен шайқас өткен Жаркент өңіріндегі Белжайлауда да бірқатар іс тындырылды. Атап айтқанда, жайлаудағы батырлар қорымдары қоршалып, Салқам Жәңгір сұлтанға еңселі ескерткіш қойылып, Орбұлақ маңындағы биік төбе басына Орбұлақ шайқасының батырларына арналған «Қазақ елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін жоңғар басқыншыларымен шайқаста жеңіске жеткен айбынды Қазақ сарбаздарына ұрпақтары атынан ескерткіш» деп жазылған еңселі тас тақта орнатылды.
 Өткен бейсенбіде осы ескерткіштердің таныстыру рәсімі жасалып, шараға Шымкенттен, Алматыдан, Талдықорғаннан көптеген құрметті қонақтар келіп қатысты. Шарада алдымен батырлар рухына бағышталып құран оқылды. Салқам Жәңгір сұлтанның ескерткіші басында сөз сөйлеген жазушы Бексұлтан Нұржекеев қонақтарға Орбұлақ шайқасы мен оған қатысқан батырлар жайлы кең ауқымды тарихи деректерді баяндады. Шымкенттен келген елге мәшһүр меценат, «Ұрпақтар жаңғырығы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев қалың қауымға Орбұлақ шайқасының 375 жылдық тойы қарсаңында атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы мәлімдеді. Сондай-ақ, көпшілік арасынан суырылып шығып сөз сөйлеген Орбұлақ шайқасына қатысқан Жақсығұл батыр ұрпағы Дидарбек Есенәлиев Қазақ халқының теңдігі жолында ерекше жанкештілік көрсеткен ата-бабаларымыздың ерлігін ұрпаққа ұлағат етіп, тарихымызға таңбалаған жандарға ақ алғысын арнады.
Халқымыздың ата салтымен алыстан келген құрметті қонақтар ортасындағы қариядан ақ бата сұралып, Орбұлақ шайқасы батырларының рухына бағышталып, құрбандыққа тай шалынды. Қонақтар бұдан кейін қорымнан атшаптырым алыстағы Орбұлақ сілеміне келіп, осыдан 374 жыл бұрын қазақ батырлары қолданған шайқас тәсілдерімен Бексұлтан Нұржекеұлының баяндауымен танысып қайтты. 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ.
Панфилов ауданы.