ТАЛДЫҚОРҒАН ТҮРЛЕНІП КЕЛЕДІ

Уақыты: 18.08.2017
Оқылды: 1447
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кейінгі жылдары Талдықорған қаласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылды. Қаланың көркемдігі мен келешек кемелділігі үшін атқарылған жұмыстар жұрт ризашылығын туғызуда. Бойында отансүйгіштік қасиеті бар әрбір жас облыс орталығының бүгінгі келбетіне сүйсініп, келешек көркімен мақтана алады. Осындай ерен еңбек қала басшылығының ұйымдастыруымен атқарылды десек, артық айтқандық емес. Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте журналистермен жүздескен қала әкімі Бағдат Қарасаев өткен жылдардағы жетістіктер желісін тілге тиек етіп, биылғы табыс пен алдағы атқарылатын жұмыс жоспары туралы әңгіме өрбітті.

Қашанда қаланың өркендеуі өндірістің өрге басуымен еншілес десек, бүгінде Талдықорғанда 20 ірі және орта өндірістік кәсіпорын қала бюджетін еселеп келеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, есепті мерзімде 37,0 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, кәсіпорындардың  85,0%-ы  өндіріс көлемін ұлғайтты. Өнімнің нақты көлемі жөнінен қала облыста алдыңғы қатарда. Былтырға қарағанда аккумулятор, алюминий катанкасы, сүт өнімдерін өндіру ісі өркендей түскен. Жұмыс істеп тұрған екі өндіріс орны кеңейтіліп, жаңа жұмыс орнының санын көбейткен. Биылғы жеті айда 5,0 млрд. теңгенің ауылш- аруашылығы өнімі өндіріліп, егіс көлемі ұлғайып, майлы дақылдар, көкөніс, ет, сүт, жұмыртқа өндіру көлемі артқан. Қаладағы 59 жеке шаруашылық бірігіп, 3 ауылшаруашылығы кооперативін құрыпты. Әсіресе, өткен жылғы желтоқсан айында ашылған «Сардар ЛТД»  ЖШС-не қарасты нан комбинатының жұмысы қарқын алып, «Алтын Емел» логотипімен сапалы нан шығаруда. 
Қаладағы мемлекеттік бағдарламалардың атқарылуы да ойдағыдай.  «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», мүгедектерді оңалту бағдарламаларын орындау бағытындағы жұмыстар жанданып, тұрғын үй құрылысы, шағын кәсіпкерлік, инвестиция, аудан халқын сапалы ауызсумен қамту, жол жөндеу, білім, денсаулық, мәдениет және тіл, спорт және туризм  салаларында жаңа бастамалар қолға алынып, жетістіктер тіркелген. Қаланың діни ахуалы мен қоғамдық тәртібі орнықты. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ширату мақсатында қомақты қаржы бөлініп, тың жобалар қолға алынған. Әлеуметтің әлеуеті артқан сайын тұрғындар арасындағы береке-бірлік нығайып, өмір сүру деңгейі де жоғарылай түскен. 
 Айталық, шағын және орта бизнестің де салмағы артып, саны молайған. Биыл 12 жаңа нысан ашылып, 247 адам жұмыспен қамтылған. Бір ғана бөлшек сау­да тауар айналымының көлемі 29,0 млрд. теңгені құрап, жылдық жоспар артығымен орындалған. Осы мерзімде қала экономикасына 25,0 млрд. теңге инвестиция тартылып, бюджеттен тыс көздер есебінен қала экономикасына 16 млрд. теңге тартылған. Құрылыс жұмыстарының көлемі артып, жылдық жоспардың дені орындалыпты. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында тұрғын үй шаруашылығын қайта жаңғырту бағыты бойынша көпқабатты үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары да жүйелі іске асуда. Аулалар мен арықтарды реттеу жоспары да белгіленген. Биыл  қаланы абаттандыруға бағытталған қаржы есебінен қайта жаңарту бойынша жұмыстар жалғасуда және орталық саябақты абаттандыру, қалалық жүзу бассейнінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Бүгінге дейін  6 аула  жаңа түрге еніп, жаңадан тартылған 8,2 шақырым  арық желісімен су ағып тұр. Ақылбеков көшесіндегі №4 қазандықты күрделі жөндеу толығымен аяқталыпты. Қаланың электр және жылу желілерін жаңарту жоспары да кесте бойынша жалғасуда.
 Биыл қаланың жергілікті маңызы бар  автомобиль жолдарын жөндеуге қомақты қаржы бөлініп, игерілуде.  Бүгінде Талдықорғанды көгілдір отынмен қамту 4 кезең бойынша жүргізілуде. Қаланы газдандырудың бірінші кезеңі аясында 82 шақырым газ құбырының құрылысы аяқталуға жақын. 225 абонентті техникалық іске қосу жұмысы жүргізілуде. Қала әкімі келесі кезектегі жұмыстар да кестеге сай бітеді деп сендірді. Өйткені, қаланы газдандыруға облыстық бюджеттен 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінсе, оның сыртында жергілікті бюджет есебінен де атқарылып жатқан істер ауқымды. Тұрғын үйлерге табиғи газ кіргеннен кейін алдын ала есеп айырысу құнының бір текше метрі 33 теңге 63 тиын болады деп болжануда. Қысқасы, қаланың инфрақұрылымын дамыту ісі жоғары деңгейде атқарылуда.
Ағымдағы жылы қала бюджетінің де қоржыны қампая түсті. Есепті кезеңде бюджеттің болжамдық түсімі 105,3 пайызға орындалып, қала бюджеті шығыс бойынша 17,1 млрд. теңгені құрап, 99,8%-ға атқарылды. Жұмыспен қамтудың нәтижесінде үш мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, үш бос орын жәрмеңкесі өткізілген. Оған  мыңнан астам адам қатысып, екі жүзден астам жұмыссыз азамат жұмысқа тұрыпты. Соның 25-і  мүмкіндігі шектеулі жандар. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша  қайта даярлауға, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмысқа жіберілген жастардың белсенділігі басым. Бір сөзбен айтқанда, қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайызды құраған, бұл облыстық көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Білім беру саласында да көңіл толқытар қуаныштар мол. Ең бастысы, өңірімізде балаларды балабақшамен қамту 92,5 пайызға жетіп, республикада  алға шықса, денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер де жерге қаратпайды. 
Брифинг барысында Бағдат Әбілмәжінұлы тұрғындарды толғандырып жүрген кемшіліктерді де жария етті. Оның айтуынша, қалада жабайы сауда қызып тұр. Биыл қалалық әкімдік тиісті мекемелермен бірлесе отырып, жабайы сауданың жолын кесуге бағытталған бірқатар ауқымды шара ұйымдастырған. Нәтижесінде 434 заңбұзушылық анықталып, 11 дүңгіршек жабылған. Заңсыз сауда жасағандарға 1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Одан өзге қаладағы жер теліміне қатысты арыз-тілек те көп. Өйткені, бүгінде 26 мың қала тұрғыны жер кезегінде тұр. Олардың талабын орындау үшін 5200 гектар жер керек. Әрине, мұны бір  ретте шешу қиынға түседі. Десе де, тұрғындарды үйлік жер телімімен қамту мақсатында инфрақұрылымы жақсы жерден 150 гектар жер дайындалып, құжаттары реттеліп жатыр. Бұдан өзге де толғақты мәселелерді теріп шыққан қала басшысы оның өз кезегінде жоспарға сай атқарылатынына сенім білдірді.
Әкім есебінен кейін кездесуге қатысқан журналистер қауымы да өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Сол қатарда қаланың экологиялық тазалығы, күрмеуі қиын жол мәселесі, шаһарды газдандыру мен қала ішінде қатынайтын жол көліктерінің және аялдамалардың нашарлығы туралы сұрақтар қойылды. «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев қала маңындағы саяжайлардың инфрақұрылымын дамытуға қатысты сұрақ қойды. Саяжай тұрғындарына медициналық нысанның керектігін тілге тиек ете келіп, ондағы балалар білім алатын мектептің жоқтығын алға тартты.  Оның сұрағына:
– Биыл қаланың оңтүстік-батыс аумағынан 1200 орынға арналған мектеп салынып жатыр. Ол сол маңдағы саяжайда тұратын балалардың білім алуына жағдай жасайды. Ал қаланың басқа аумағына орналасқан саяжайлардың жағдайын алдағы уақытта қарас­тырамыз, – деген жауап берілді. 
Қысқасы, қалада атқарылған жұмыс ауқымды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасып, Талдықорғанның түрленіп, гүлденуіне қозғау салмақ.
Қ. ОМАРАҚЫН.