Облыстың аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер әкімдерін сайлау қорытындысы

Уақыты: 18.08.2017
Оқылды: 1222
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі №555 Жарлығына сәйкес 2017 жылдың 5-11 тамызы аралығында аудандық маңызы бар 2 қала мен облыстың 18 аудан, қалаларының 127 ауылдық округ әкімдерін сайлау жүргізілді (Талдықорған қаласынан басқа). 126 әкімшілік бірліктерде сайлау әкімдердің өкілеттік мерзімдері аяқталуына, үшеуі бос лауазымдарға байланысты тағайындалды.
Барлығы 388 кандидатура ұсынылып, оның 386-сы тіркелді. Түрлі себеп бойынша 7 кандидатура алынып тасталды. Сайлауға барлығы 379 үміткер қатысты. Облыс бойынша сайлаушылардың келуі орташа 96,3 пайызды құрады. Дауыс беруге сайлаушылар тізіміне енгізілген 270 аудан, қала мәслихаттары депуттарының 260-ы қатысты. 
Сайлау барысын «Нұр Отан» партиясының, қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті БАҚ-тың, үміткерлердің сенімді өкілдері, барлығы 77 бақылаушы қадағалады. 
Сайланған 129 әкімнің 6-уы әйелдер (4,6%), қазақтар – 120 немесе 93 пайыз, орташа жасы – 48 жас. Барлығы жоғары білімді, оның ішінде мұғалімдер – 34, ауылшаруашылығы мамандары – 28, инженерлер – 25, экономистер – 20, заңгерлер – 18. Сайланған 129 әкімнің 101-і немесе 78,3 пайызы округтерде жұмыс істеп келе жатқан әкімдер. Ал 16-сы әкім аппараттары мен мәслихаттардың қызметкерлері, коммерция­лық құрылым, мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелерде жұмыс істегендер саны – 10. 128 әкім – «Нұр Отан» партия­сының мүшесі.
Облыста әкімдерді сайлау жұмыстары аяқталды, сайлау заңнамасын бұзушылық туралы шағымдар мен арыздар түскен жоқ.

Облыстық сайлау комиссиясы.