ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ЖАҚЫН ҚАЛДЫ

Уақыты: 18.08.2017
Оқылды: 1406
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында жаңа оқу жылына дайындық барысы сараланды. Білім ошақтарының оқушыларды қабылдауға дайындығы, басқа да өзекті мәселелер турасында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндама жасады. 

 

– Білім мәселесі бойынша маңызды шешімдер өткен жылы қабылданды, биыл сол жұмыс­тарды жалғастырамыз. Бірінші сыныпқа 380 мың бүлдіршін барады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,5 мың балаға артық. Сонымен қатар бүгінде 20-дан астам жаңа мектеп салынды, тағы 35 мектепті 1 қыркүйекке дейін іске қосу жоспарланып отыр. Күрделі жөндеу жұмысы 300 білім ошағында, ағымдағы жөндеу 410 мектепте жүргізілді. Барлық жұмыс 25 тамызға дейін аяқталады деп аймақтар есеп берді, – деді министр. Сонымен қатар жаңартылған бағдарлама бойынша пилоттық жоба биыл екінші, бесінші және жетінші сыныптарда өз бастауын алатынын, 15 мыңнан астам мұғалім өз пәндерін ағылшын тілінде өткізе бастайтынын жеткізді. Білім гранттары төңірегіндегі мәселеге қатысты да пікірін білдірді.
– Біз экономиканың басым бағыттары бойынша гранттарды үлестіреміз. Мысалы, есептеу техникасына 610, ал құқықтануға бар болғаны 45, жалпы медицинаға 2500, стоматологияға 45. Бұл түрлі бағдарламаларда бекітілген. Жыл сайын кейбір жоғары балл алған түлектер грантсыз қалып жатса, аз ұпай жинағандар басқа грант көбірек бөлінген мамандықтарға түсіп кетіп жатады. Бұл қажетті мамандықтар саны өте кеш шығуына байланысты. Осыған орай талапкер өз мүмкіндігін бағамдап үлгермейді. Ал оның қажетті пәнді таңдап, дайындалуы үшін уақыт керек, – дей келе министр мамандықтар бойынша бөлінетін гранттар санын үш жыл бұрын жариялауды ұсынды. Мұны үш жылдық бюджет аясында жасау­ға болатынын тілге тиек етті. 
– «Алтын белгі» иегерлері бойынша мәселе өзекті. Биылғы гранттар «Алтын белгіге» қарамай, ҰБТ-да жинаған балл бойынша берілді. Одан кейін рес­публикалық комиссия «Алтын белгі» алған талапкерлер алдындағы міндеттемелерін орындауы үшін шамамен 4% грант қосты. Өткен жылы да «Алтын белгі» иегерлерін жоғары оқу орындарының гранттары бойынша орналастыруға мәжбүр болдық. Енді биыл заңнамалық өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Демек, заңға өзгеріс енген жағдайда «Алтын белгі» иегерлері жеңілдіктен қағылады. Сөйтіп олар ҰБТ-дан жинаған ұпайы бойынша ғана мемлекеттік грантқа конкурсқа қатысады, – деді министр. 
Ерлан Сағадиевтің баяндамасын тыңдап болған соң ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев: «Байқағанымыздай, жаңа оқу жылына дайындық жаман емес, бірақ, әлі де ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталмағанын көріп отырмыз, сонымен қатар, бірқатар аймақтарда оқушыларды тасымалдау, ыстық тамақ және оқулықтармен қамтамасыз ету жағы толық шешілмегенін де байқадық», – деген Үкімет басшысы облыс әкімдеріне  аталған мәселелерді 1 қыркүйекке дейін шешуді тапсырды.
Селекторлық жиыннан соң облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі жаңа оқу жылына дайындық барысын пысықтап, жауапты сала басшыларынан жұмыстарды ширатуды талап етті. Бірінші қыркүйекте балалардың алаңсыз, жадыраған көңіл күймен мектепке баруы үшін барлық жағдай жасалуы қажеттігін атап өтіп, бұл істе олқылықтардың орын алмауы қажеттігін қатаң ескертті.

 

Алма ЕСЕНБАЕВА.