ТӘРБИЕШІЛЕРГЕ ТАЛАП ЖОҒАРЫ

Уақыты: 18.08.2017
Оқылды: 1122
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық білім басқармасы мен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірігіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдаудың қорытындысы негізінде жиын өткізді. Жиынға аталған агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысы – әдеп кеңесі төрағасының орынбасары Данияр Сабырбаев қатысты.

 Басқосуға аудан әкімде­рі­нің орынбасарлары, аудандық бі­лім бөлімдерінің жетекшілері шақырылды. Бүгінде жекеменшік мекемелерге бюджеттен көмекқаржы берілетіні мәлім. Бір әттеген-айы, осы қаржыны игеруде заңбұзушылықтарға жол берілген. Керек-жарақтарды сатып алуда қаржылық бұрмалаулар болған. Асханаларды тексергенде көптеген кемшілік орын алғандығы айтылды. Жиынды ашып, жүргізіп отыр­ған облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова орын алған кемшілік жайлы мағлұмат берді.  
Тексеріс барысында бала санын дұрыс көрсетпеу деректері де кездескен. Мінбеге көтерілген балабақша меңгерушілері тәрбиешілердің айлығы көтерілсе, мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемі арттырылса деген ті­лек білдірді. Балаларды кезекке қоюда да келеңсіздіктер орын алған. Сондай-ақ, қызметкерлердің білім деңгейін көтеру курстарын ұйымдастыру  мәселесі де сөз болды. Ұстаздардың уақытында курстан өте алмауы салдарынан мекеме ішінде алашапқын басталады. Тексерушілер тәрбиешілерге ары қарай сабақ бергізбеу керектігін айтады.  Ондайда мекемеде маман жетіспей қалады. Міне, мекеме басшылары тарапынан осы мәселелер бір жүйеге келтірілсе деген ұсыныс айтылды.  
Жиын соңында Данияр Бауыржанұлы сөз алып, жіберілген кемшіліктерден  нәтиже шығару керектігін ескертті. Бұл орайда білім басқармасы мекемелерге өз тарапынан барлық жағдай жасайтындарын айтты. Жиналғандар ұйымдастыру ісін жандандырып, қаржы есептеуде білікті мамандардың кеңесіне жүгінетіндерін айтып тарқасты.
 

Гүлжан Мұқашқызы.