Жұмысты жандандыру қажет

Уақыты: 22.08.2017
Оқылды: 1122
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық әкімдікте қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері облыстағы саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар белсенділерімен бірлесіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған мәселелерді іске асыру бойынша атқарылған шаралар туралы вебинар өткізді. Аудандар мен қала әкімдіктерін селекторлық режимде байланыстырған жиынды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашып, жүргізіп отырды.

Алқалы жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры Мұхтар Төлеген, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Ләйлім Көнекбаева, облыстық туризм басқармасының басшысы Арқау Шантаев кезекпен баяндама жасап, атқарған жұмыстары мен іс-шаралар тізімін таныстырды. Баяндамашылардың бәрі де жұмыстың белгіленген жоспар бойынша жүріп жатқанын нақты дәлелдермен сипаттады. Алайда кемшіліктер де жоқ емес.
– Баяндамашылардың келтірген деректеріне қарағанда, кейбір салаларда ілгерілеушілік бар, кейбір салаларда әлі күнге түсініспеушіліктер орын алып отыр. Аудан, қала әкімдіктері өте сылбыр қимылдауда. Басқа өңірлердің, басқа облыстардың қалай жұмыс істеп жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп отырсыздар, – деген Жақсылық Мұқашұлы атқарылған жұмыстарға сын айтты. – Облыстық комиссия төрағасының орынбасары ретінде жұмыс топтарына, облыстық сарапшылық кеңеске, аудандардағы жұмыстардың ешқайсысына көңілім толмайтынын айтқым келеді. Өйткені, біз әлі күнге тиянақты жиын өткізе алмай келеміз. Бүгін көрсеткен, таныстырған жұмыстардың барлығы осы күнге дейін істеліп келген шаруа немесе орталық мемлекеттік органдардың, министрліктердің, агенттіктердің, комитеттердің істеп жатқан жұмыстары. Соларды көшіріп алып, өзіміз ұйымдастырғандай болып отырмыз. Рухани жаңғыру дегенде кез келген ауданда, қалада, кез келген басқармада, департаментте осы жұмыстың өзіндік жаңа жобалары, жаңа серпіні болуы керек. Бізде ондай жобалар жоқтың қасы. Сондықтан бұл жұмысты облыстық комиссия мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері  жүйелі атқарып, бірлесе қадам жасауымыз керек. Әсіресе әр саланың басшыларынан  ұсыныс пен тың идеялар болмаса ештеңе іске аспайды.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың айтуынша, білім саласында бірқатар кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мектеп оқушылары үшін жасалған туристік маршруттардың нақты жазбалары, қорытындысы, нәтижесі жасалмаған, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланбаған. Мәдениет саласына қарасты петроглифтер, таңбалы тастар орналасқан жерлердің иелерін жер қатынастары басқармасы мамандарымен бірлесіп анықтап, мемлекеттік қорғауға алуымыз, алдағы жылы оншақты сақ қорғандарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлауымыз керектігін айтқан облыс әкімінің орынбасары жауапты мамандарға облыс көлеміндегі жоғары оқу орындарының ғалымдары мен студенттерін ғылыми жұмыстарға қатыстыру керектігін ескертті. Сол арқылы шаншыған шыбық өніп кететін Жетісу жерінің қасиетін паш ету қажет. Одан бөлек, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүргізудің, халыққа таныстырудың жаңаша жолын табу керек. Мысалы әлеуметтік желілер арқылы жаңа есімдерді анықтаудың тиімді екенін айтқан Жақсылық Мұқашұлы ел мен жердің тарихын, аңыз-әңгімелерін жетік білетін қарттар мен қариялардың айтқандарын жазып алу қажеттігін ескертті. Одан бөлек, қарынбүрме, өрметөс, жаубүйрек сынды ұлттық тағамдарды насихаттау бүгінгінің талабы. «Тойқазан» деп аталатын фестивальді соған негіздеп, орайластыру керектігі сөз болды.

Мәди АЛЖАНБАЙ.