Ел жаңғыруындағы білім үлесі қомақты

Уақыты: 25.08.2017
Оқылды: 2647
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қоғам ілгері дамыған сайын түрлі өзгерістердің орын алуы, жаңа бастамалардың өмірге ке­луі заңдылық. Бұл даму мен ілгерілеудің негізі болып табылатын білім саласында жарқын кө­рініс табуда.  Жаңа заман сұранысына сай оқытудың жаңа жүйесі қолға алынып, әлемдік кеңіс­тікке енуге сәтті қадамдар жасалынуда. Бұл ұстаздар жұмысына айрықша серпін беруде. Оқыту үрдісіне жаңа инновациялық технологияларды енгізумен қатар сананы рухани жаң­ғыр­тудың да мәні зор. Осыған орай білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесіне Қазақстан Рес­­публикасының Президенті Н. Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Қа­зақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы  және «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы өзек болды. Білім беру саласы алдында тұрған келелі мәселелер ор­таға салынып,  жаңа педагогикалық идеяларға  есеп беретін дәстүрлі жиын І. Жансүгіров атын­дағы Мәдениет сарайында «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» деген та­қы­рыпта өтті.

Пленарлық мәжіліске облыс әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Білім және ғылым ми­нистр­лігі ғы­лым комитеті төрағасының орын­ба­сары Еркін Садықов, сондай-ақ, об­лыс­тық басқарма басшылары, аудан, қа­ла әкім­дері, ата-аналар комитетінің өкіл­дері, білім бөлімінің басшылары, мектеп ди­ректорлары мен ұстаздар қауымы қа­тыс­ты. Тамыз кеңесіне қатысушылар ал­ғаш­қы кезекте білім беру саласының озық үлгілері мен оқытудың жаңа техно­ло­гиялары көрсетілген көрмені аралап, облыстағы игі жетістікке көз жүгіртті.

Жиынды  облыс әкімінің орынба­са­ры Жақсылық Омар жүргізіп отырды. Не­гізгі баяндаманы жасау үшін сөз об­лыстық білім басқармасының  басшы­сы  Ләззат Базарқұловаға берілді. Сала же­текшісі өткен оқу жылының қоры­тын­дысын жариялап, алдағы атқарылатын міндеттерді саралады.

– Дамудың даңғыл жолына түскен егемен еліміздің өркениет биігін бағын­ды­рып, әлемдік бәсекеде бәсін жоғары ете­тін нәрсе жан-жақты дамыған білім бе­ру саласы екені белгілі. Осыған орай бү­гінгі таңда адами капиталды дамыту,  бә­се­кеге қабілетті  болашақ ұрпақ тәрбие­леу, талапқа сай білім беру – мемле­ке­ті­міздің басты ұстанымдарының бірі. Сон­дықтан да бүгінгі жиын өзекті мәселе­лер­ді талқыға салатын сұхбат алаңына айна­лып отыр. Яғни, біз өткен оқу жылын қорытындылап қана қоймай, өздеріңізбен білім беру жүйесіндегі жаңа  педагоги­ка­лық идеялармен бөліспекпіз, – деп бас­та­ды сөзін Ләззат Тілеубайқызы. – Қазақ­станның үшінші жаңғыруы, әлемдік үр­дістерге енуі білімнің жаңа сапалық  дең­гейінің маңыздылығын арттыруда. Се­бе­бі, сапалы білім – мемлекеттің жан-жақ­ты дамуын анықтайтын көрсеткіш әрі экономикалық дамуының кепілі. Осы мақсатты іске асыруда облысымызда бі­лім саласын  қаржыландыру көлемі жыл­дан-жыл­ға  артып келеді.  Апатты және үш ау­сымды мектеп мәселелерінің оң шешімін табуы, білім беру нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыс­та­рының жүргізілуі және материалдық-тех­никалық базаларының нығаюы бала­лар­дың сапалы білім алуына зор ықпалын ти­гізіп отыр. Қазіргі уақытта компью­тер­лік және ақпа­рат­тық сауаттылықты арт­тыру – білім беруді дамытудың басым ба­ғыттарының бірі саналады. Осы орайда, білім беру ұйымдарын  ақпарат­тан­дыруға биыл 333 млн. 536 мың теңге бөлініп, оқушы­лар­дың IT-білімдерін қалыптас­ты­руда бір­қатар шара атқа­рыл­ды. Кең жолақты интернет желісіне мектептердің  84,7 пайызы қосылып, 83 пайызы интер­ак­тивті тақтамен, 52,3 пайызы лин­гафонды, 47,1 пайызы жаңа мо­дифи­кациялы ка­би­нет­­термен жаб­дықталған.   

Биыл облыста ауылдық жер­лерде ор­на­ласқан мек­тептердің материал­дық-тех­никалық база­сын ны­ғай­туға   823 млн. теңге қаржы жұм­­са­лып, 410 шағын және ор­та мек­тептің мульти­медиялық құ­рыл­ғылармен жаб­дық­та­луы, сон­дай-ақ, шағын жи­нақталған мек­тептердің BilimLand элек­тронды кон­тенті орнатылған интер­ак­тивті құрылғылар жиын­ты­ғы­мен қам­тамасыз етіліп, элек­тронды кон­тентті оффлайн ре­жимінде қол­дана алуының өзі – бүгінгі таңда қала мен ауыл мектептері ара­сындағы білім беру сапасының алшақ­тығын азайтуға өзіндік бір септігін тигізуде. 

Дегенмен, облысымызда за­ма­науи жаңа бағдарламалар ор­натуды қажет ететін компью­тер­лер бар. Себебі, әлемнің ең озық білім кеңістігіне енудің тиімді жолы білім беру саласын толық­тай жабдықтауға байланысты.  Еліміз алғаш рет  келесі жылы ICILS (айсилс) компьютерлік және ақпараттық сауаттылықты анықтайтын халықаралық зерт­теуге енеді. Сондықтан аудан­дық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары келесі жылы жүр­гі­зілетін халықаралық зерттеу­лер­ге ақпараттық құралдардың қа­жеттігіне байланысты  аталған мә­селенің оңды шешілуін қам­тамасыз етуі керек.

Елбасымыз биылғы Жол­дауында балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуда мем­лекеттік-жекеменшік се­рік­тестігі аясын кеңейту – жалпы­ұлттық міндеттердің бірі екен­дігін атап көрсетті. Осы міндетті іске асыруда жергілікті атқа­ру­шы органдар мемлекеттік-жеке­меншік серіктестікті дамыту бойынша белсенді жұмыстар атқарып, нәтижесінде жекемен­шік мектепке дейінгі ұйымдар санының үлесі соңғы екі жылда 12,9 пайызға артып, бүгінде 67,3 пайызды құрады.

Мемлекеттік – жекеменшік серіктестікті дамыту барысында өткен жылы Талдықорған қала­сындағы 320 орынды «Алтын бесік» бөбекжай балабақша­сы­мен келісімшарты жасалды. Осы бағытта Алматы облысының өңір­аралық мемлекеттік-жеке­меншік серіктестікті дамыту ор­та­лығымен бірлесе Қаскелең қа­ласында 150 орынды балабақ­ша­ны қолданысқа беру және пайдалануға байланысты кон­цес­сиялық жоба әзірленуде. Жобаны енгізуші –«Еламан» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі.

Жыл соңына дейін жоспар­лан­ған 86 балабақшаның 72-сі жекеменшік  есебінен іске қо­сыл­мақ.  Биылғы жылы балалар­ды қамтуды 93,9 пайызға дейін жет­кізу көзделуде, – деді об­лыс­тың бас ұстазы.

Жаңа оқу жылынан бастап    1 сынып оқушыларымен  бірге 2,5,7 сынып оқушылары да  жаңа стандарт негізінде білім алып, бескүндік оқу аптасына көшеді. 12 жылдық білім беру моделіне көшуге дайындық ба­ры­сында 1 қыркүйектен бастап мектепалды даярлық  сыныбына  арналған «Әліппе» оқулығы облыстағы 2 мектепте пилоттық жоба және 2 балабақшада экс­перимент ретінде оқытылмақ. Шағын жинақты мектептердің біріктірілген сыныптарындағы бі­лім алушыларға оқу үрдісі қол­даныстағы және жаңар­тыл­ған бағдарламалар бойынша  ұйым­дастырылады. 

Білім беру саласында педагог­тар­дың кәсіби құзыреттілігін арт­тыру елімізде жүріп жатқан инно­ва­циялық жаңғырту жағдайында жү­зеге асуда. Қазіргі уақытта  бі­лім беру ұйымдарына тек кәсіби білімі бар ғана емес,  оның ішінде  кәсіби құзыреттілігі жоғары, ин­новациялық үдеріске тез бейім­деліп, жаңашылдықты қолдай­тын, өзіндік ұстанымы бар педа­гогтар қажет.

Жаңартылған білім мазмұнын енгізуге дайындық барысында об­лыс бойынша 24 728  педагог, оның ішінде 586 мектеп дирек­торы, жаңа жүйе бағдарламалары негізінде 7 258 мұғалім кәсіби біліктіліктерін арттырған. Курс­тан өткен педагогтардан күтілетін нәтиже: белсенді оқыту страте­гия­ларын оқу үрдісіне енгізу ар­қылы білім сапасын арттыруға өзін­дік үлес қосып, педагогика­лық тәжірибесіне өзгеріс енгізу болатын. Бүгінгі таңда деңгейлік  курстан өткен мұғалімдердің өздері тәжірибелеріне толыққан­ды өзгеріс енгізе алмай отырғаны бәрімізге ой салады. Бұл жағ­дайда  педагогтардың кәсіби құ­зы­реттіліктерінің қалып­та­суы­на және жұмысын бақылауға тікелей мектеп басшысы  жауапты екенін естен шығармау қажет. Алайда, мектеп басшыларының  арасында мектеп дамуын басқарумен қатар эволюция жасай алмайтын бас­шылар да кездесуде. Осы мақ­сат­та облысымызда озық елдердің білім беру тәжірибесі негізінде мектеп басшыларын кәсіби қол­дау қажеттілігінен «Табысты бас­шы» жобасы әзірленді. Жоба ая­сында жыл бойы өткізілген ай­мақ­тық семинарлар мен облыс­тық директорлар форумына 600-ден аса мектеп директорлары қамтылып, нәтижесінде өзге де мектеп басшыларының тәжіри­бе­леріне  өзгерістер енгізуге  оң ықпалын тигізді. 

Облысымыздың барлық өңі­рінде жаңартылған білім беру жағдайында педагогтарға кәсіби қолдау табатын  әдістемелік күн­дер және түрлі бағыттағы оқыту ша­ралары өткізілді. Ат­қа­рыл­ған жүйелі жұмыстардың нәти­же­сінде тек биылғы жылдың өзінде облысымыздың 12 педагогы түрлі рес­публикалық байқауларда жеңім­паз атанды.

Мемлекет басшысы еліміздің рухани жаңғыру жағдайында қа­зақ тілін біртіндеп латын әліп­биі­не көшіруді ұсынды. Осы ре­фор­маны жүзеге асыруда облы­сы­мыз­да ақпараттық-түсіндіру жұ­мыс­тары басталып та кетті. Үш тіл­де білім беруді сәтті енгізу оқу­шылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейіне байланысты екені мәлім. Сондықтан облысы­мызда жаратылыстану пәні мұға­лімдерін кезең-кезеңмен ағыл­шын тілінде оқыту жұмыстары бас­талды. Бүгінгі күнде 113 пән мұғалімі ағылшын тілінен даяр­лық курстарынан өтсе, 284 ұстаз біліктіліктерін жетілдіруде. Қо­сым­ша 1028 педагог тілдік курс­пен қамтылатын болады.

Ағылшын тілі пәні мұғалім­де­рінің кәсіптік білік пен тілді мең­геру деңгейін анықтау мақса­тында 2245 педагог халықаралық СЕРТ (Cambridge English Place­ment Test) тапсырған. Ол бойын­ша мұғалімдердің 88 пайызының  тілді меңгеру деңгейі төмен екені анықталған. Осыған орай облыс­тық бюджеттен 150 млн. тенге қаражат бөлініп 655 пән мұға­лі­міне тілдік курстар ұйымдас­ты­рыл­ған. Курстың соңында  жүр­гізіл­ген мониторинг бойынша тіл­ді меңгеру деңгейі 44 пайызға көтеріліп отыр.

Білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жас мамандарды тұрақ­тан­ды­ру – білім беруді дамыту  бағыт­та­рының бірі. Өткен оқу жы­лын­да облысымыздың білім беру мекемелері 1351 жас маманмен толықты, оның 1079-ы «Диплом­мен ауылға» бағдарламасы ая­сын­да ауылды жерлерге жұмысқа орналасқан. Оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Солай бола тұрса да бүгінгі таңда об­лыс мектептеріне орыс сы­нып­тарындағы бастауыш сынып мұ­ға­лімі, орыс тілі мен әдебиеті, ма­тематика, физика, химия, ағыл­шын тілі пәндері бойынша 110 маманға қажеттілік бар. Мәсе­лені шешу үшін білім басқармасы жо­ғары оқу орындарымен бір­лесіп жұмыс атқаруда. Биыл жо­ғары оқу орындарымен бірлесіп ұйымдастырылған  жәрмеңке­лер­дің нәтижесінде 118 жас маман еңбек жолын бастамақ.

Қазіргі уақытта білім сала­сындағы өзекті мәселелердің бірі –  ауыл мектептерін қала мек­теп­теріне жақындастыру мақ­са­тында педагогтардың кәсіби бі­лік­тілігін шыңдау. Осыған бай­ла­нысты Назарбаев Зияткерлік мек­теп­терінің іс-тәжірибесін тарату жұ­мыс­тарын жетілдіру үшін экс­перт-мұғалімдерге  арналған  об­лыстық оқыту семинарларына 468 педагог қамтылып, өзара тәжірибелерімен бөліскен. Экс­перт-мұғалімдер тәлімгерлік жұ­мыстарын өз ұжымдарында жал­ғастыратын болады.

Жыл бойы атқарылған шара­ларға қарамастан педагог ма­ман­дар әлі де жаңартылған білім бе­ру бағдарламасын іске асыруда кәсіби қолдауды қажет етіп отыр. Осыған орай білім басқарма­сы­ның басшысы облыстық әдісте­ме­лік кабинетке жаңартылған білім беру жағдайында педа­гог­тардың кәсіби құзыреттіліктерін арттыру жұмыстарын жандан­ды­руды талап ете отырып:

– Білім  беру жүйесінің негізгі мақсаты функционалды сауатты тұлғаны қалыптастыру. Яғни, бі­лім беру ұйымдарының қыз­ме­тінің нәтижесі –  сапалы білім­мен қа­руланған түлек. Аудандық, қа­лалық білім бөлімдерінің бас­шы­ларына білім беру ұйымда­рында бастауыш, негізгі, орта бі­лім беруде білім сапасын қада­ғалауды тапсырамын, – деді.

Баяндамашы бұдан кейінгі сө­зінде биыл облы­сы­мыздың 13 мек­тебінде ICILS-2018 компью­тер­лік және ақпа­раттық сауат­ты­лық халықаралық апробациялық зерттеуі өткізі­ле­тінін айтып, бұл жүргізілген зерт­теу қала мен ауыл мектептері ара­сындағы бі­лім сапасының ал­шақ­тығын азай­туға өз ықпалын тигі­зетінін атап өтті. Сонымен қатар биылғы Ұлт­тық бірыңғай тесті­леу­дің нә­ти­жесіне де тоқтала кетті.

– Өткен оқу жылында білім сапасын жетілдіруге қатысты көлемді реформалық өзгерістер енгізіліп,  ҰБТ екі кезеңде өтті. Мектепті 14 268 оқушы аяқтап, ҰБТ-ға 9774 түлек қатысты. Оның 6968-і жоғары оқу орнына түсіп, 3401 талапкер грант иегері атан­ды. 8174 түлек шектік 50 балдан жоғары жинаса, 1600 оқу­шы, демек ҰБТ-ға қатысушы­лардың 16,4 пайызы межелі балға жете алмады. Мектептегі қоры­тынды аттестаттауда 590 оқушы «Алтын белгі» иеленсе, олардың 537-сі жоғары оқу орны­ның грант иегері атанды, бұл 91 пайызды құрайды. Облысымыз бойынша ең жоғары 137 балға дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын М. Арын атын­дағы №24 «Экономика және биз­нес» арнаулы лицейінің түлегі Елдар Әлбосын қол жеткізді.

Қорытынды аттестаттау бойын­ша білім сапасын зерде­лей­тін болсақ, облыс бойынша  қазақ тілінен 73 пайыз,  алгебрадан 64,5, Қазақстан тарихынан 76, қазақ, ұйғыр сыныптарындағы орыс тілі 67,9, орыс сыныпта­рын­дағы қазақ тілі 82 пайыз білім сапасын көрсетті. Әйтсе де аудан­дық, қалалық білім бөлімдері беріп отырған жылдық және ем­ти­хан қорытындысының ара­сын­да алшақтық байқалады. Мұның басты себептерінің бірі –  бағаны салыстырмалы түрде көтермелеп қою. Бүгінде мектеп оқушыла­ры­ның мұғаліммен кері байланысы тек бағамен шектеледі. Ол оқу­шының күшті және әлсіз жақта­рын айқындауға әсер етпейді және оқушының дамуы үшін не істеу керек екендігі туралы сұ­рақ­қа жауап бере алмайды.

Өткен оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданған 47 308 оқушы білім мазмұнын жаңарту бағдарламасы аясында 5 күндік оқу жүйесі бойынша білім алды. 1-сыныпта оқушылардың білім деңгейін анықтауда критериалды бағалау жүргізілді. 2015-2016 оқу жылында білім сапасы 61,2-ды құраса, 2016-2017 оқу жылында білім сапасы 67,8 пайызды көр­сетіп, сапа 6,7 пайызға жоға­ры­лады. Сондықтан, биыл 1-сынып­тармен бірге 2, 5, 7 сыныптарда жүргізілетін критериалды бағалау жүйесінен шынайылық пен нақ­тылық күтіледі.

Облыстың жекелеген лицей мен гимназияларында білім сапа­сы  жай мектептерден төмен бол­ған жағдайлар кездесіп, бар­шамызға алаңдатушылық туғы­зуда. Мысалы, Іле ауданында №24 лицей мен №39 гимназия, Талғар ауданындағы Ю. Гагарин атындағы №8 дарынды балаларға ар­налған арнаулы гимназия, Жам­был ауданындағы №2 да­рын­ды балаларға арналған арнаулы гимназия білім сапасын  орта мектептерден де төмен көрсетіп отыр. Жаңа оқу жылында лицей, гимназиялардың оқу-тәрбие үр­дісін ұйымдастыру жұмыстары ерекше бақылауға алынып, қажет болған жағдайда мектептің ста­тусы қайта қарастырылатын бо­лады, – деді ол.

Қазіргі таңда ерекше бала­лар­дың оқуға қолжетімділігін қам­тамасыз ететін инклюзивті оқыту – білім беруді дамытудың өзекті мәселелерінің бірі. Облысы­мыз­дың 277 мекте­бінде 1555 бала инклюзивтік білім берумен қам­тыл­ған. 1699 мүмкіндіктері шек­теулі бала үй­ден оқиды. Сондай-ақ, 27 техни­ка­­лық және кәсіптік білім беретін мекемелерде 128 ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар білім алуда, оның  38-і биыл оқу­ларын бітіреді. Де­ген­мен, инк­лю­зивті білім беру жүйесін енгізуде бірқатар про­блемалар да кездесіп отыр. Об­лыс­тағы 8 коррекциялық каби­неттің (Текелі, Қапшағай қала­лары мен Еңбекшіқазақ, Сар­қан, Ескелді, Қарасай, Талғар аудан­дары) өз ғимараттары жоқ. Бө­лін­ген ғимараттар нормативтік та­лапқа, санитарлық-эпиде­мио­ло­гиялық және өрт қауіпсіздік нор­маларына сай емес. Кор­рек­ция­лық көмек алатын балалар ар­найы құрал-жабдықтарды то­лы­ғымен пайдалана алмайды. Ал, Панфилов, Жамбыл, Іле, Көксу, Райымбек аудандарында  коррек­ция­лық кабинеттер  мүлде ашыл­маған. Райымбек ауданында түзе­ту кабинетінің болмауына бай­ла­нысты балалар Еңбекшіқазақ ау­данының Шелек ауылындағы кор­рекциялық кабинетіне жолда­на­ды. Бүгінде бұл  ата-аналардың   наразылығын тудыруда. Осыны алға тартқан сала басшысы кор­рекциялық кабинеттерде түзету, емдеу жұмыстарын тиісті дең­гейде жүргізу үшін  нормаға сәй­кес келетін ғимарат бөліп немесе жаңа ғимарат құрылысын салу қажеттілігін атап өтті.

Елбасының  «Болашаққа бағ­дар: Рухани жаңғыру» мақаласын іске асыруда  облысымызда «Өл­ке­тану», «Отаным – тағдырым», «Саналы азамат», «Кітап – білім бұ­лағы» жобалары бойынша  бар­­лығы 12 іс-шара жос­пар­ла­нып, бүгінгі таңда ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. 

Облыста «Өлкетану» жоба­сын іске асыруда аз қамтылған отбасынан шыққан 5 мың мек­теп оқушысы халықаралық ма­ман­дан­дырылған «Астана EXPO-2017» көрмесіне жазғы демалыс ай­ларында  саяхатқа барып қайтты.

Биыл жаз ке­зін­де балалар мен жасөс­пі­рім­дер­дің жазғы демалысы екі ба­ғыт­та жүр­гі­зілді. Сауықтырумен оқу­шы­лар­дың 78,8 пайызы,  ал жұ­мыспен 78,5 пайызы қам­тылды.

5-7 сыныптарға арналған «Өл­кетану» курсының оқу­лы­ғын әзірлеу үшін  авторлық ұжым құрамы анықталды.

Қазіргі таңда  облыстағы қо­сымша білім беретін 38 ұйым 13 мыңнан астам балаға әртүрлі бағытта рухани құндылықтарға негізделген жан-жақты білім мен тәрбие беруде. Жобалар аясында қосымша білім беру ұйым­да­рын­да оқушылардың бойында жалпы ұлттық па­трио­тизмді және өзінің туған жеріне, өңіріне деген сүйіс­пеншілікті қалыптастырып, да­мы­туға  ба­ғыт­талған   шаралар өз жалғас­ын табатын болады.

Оқу мен тәрбие – егіз. Осы тұрғыда жасөспірімдер ара­сын­да орын алып жатқан қылмыс жайы да толғандырмай қой­майды. Ке­лесі кезекте сала бас­шысы кәме­лет­тік жасқа толма­ған­дардың құқық бұзушылы­ғы­ның алдын алу бағытында ат­қа­рылып жатқан жұмыстарға қа­ра­мастан қыл­мыстың қатары азаймай отыр­ған­дығын тілге тиек етті. Құқық бұ­зушылық­тың алдын алу мақса­тында был­тыр облыстың білім меке­ме­ле­ріне 122 штаттық бірлік әлеу­мет­тік педагог қызметі енгі­зіл­се, жаңа оқу жылында ол тағы 186 маманмен толыға түспек.

Облысымызда ата-ана­ла­ры­ның қамқорлығынсыз қалған жет­кіншектерге мейлінше қол­дау көрсетілуде. Бүгінгі таңда 3071 жетім бала бар. Соңғы үш жылда бұл санаттағы 292 бала баспаналы болып, мемлекет қамқорлығын сезінген.

Жастардың жұмыссыз қал­мауын қамтамасыз ету мақса­тын­да Елбасы Үкімет алдына мін­дет қойып, «Баршаға ар­нал­ған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Осыған орай нарық талабын зерттей отырып, колледждерде 1535 адам республикалық бюджет және 5609 адам облыстық бюд­жет есебінен жұмысшы маман­дық­тарын меңгеруде. Бұл бағ­дар­лама бойынша сәуір айынан бастап 25 колледжде 6815 адам кезең-кезеңімен нарық тала­бын­дағы жаңа жұмысшы ма­ман­дықтарына оқытылуда.

Биыл колледждерді 10125 түлек бітірсе, олардың 4630-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алды. Соңғы үш жылда мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған түлектердің жұмысқа орналасуы 2,2 пайызға артқан.

Жастардың заман талабына сай мамандықтарды меңге­руін­де  «Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасының үлесі зор. Аталмыш бағдарлама бойынша солтүстік өңірде облысы­мыз­дың 349 түлегі білім алуда.

Бүгінде облысымыздың 24 кол­леджінде дуальді оқыту жүйе­сі енгізілген. Жаңа оқу жы­лында бұл қатарға 6 колледж қо­сылмақ. Сонда да дуальді оқы­туды енгізу жүйесі рес­пуб­ликалық көрсеткіштен төмен. Сон­дықтан да аудан-қала әкім­деріне кәсіпкерлік палатасы, жұмыс берушілер ассоцияция­сы­мен бірігіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру ұсы­нылды.

– Биылғы жылы білім беру жүйесін дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Жаңашыл ұстаздардың арқасында алар асулар мен бағындыратын бе­лес­тер келесі жылдың енші­сінде де жеткілікті дәрежеде болады деп сенемін, – деп Ләз­зат Тілеу­байқызы сөзін аяқтады.

Келесі кезекте сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті төрағасының орынбасары Еркін Садықов 12 жылдық білім беру жүйесіне өту 2020 жылдан бастап толы­ғымен жүзеге асатынын, соған орай нөлінші сыныпты бүл­дір­шіндер мектептегі даярлық сы­нып­тарында немесе балабақ­ша­ларда оқи алатындықтарын алға тартты. Әліппені нөлінші сы­ныпқа енгізу бойынша да 18 мек­тепалды даярлық топтары мен кейбір балабақшаларда эксперименттік жұмыс биылғы оқу жылынан қолға алына­ты­нын да атап өтті. Сондай-ақ,       1 қыркүйектен бастап жалпы бі­лім беретін мектептерде пәнді ағылшын тілінде өткізетін мұға­лімдердің жалақысына базалық лауазымдық қызметақысының 200 пайызын құрайтын үстеме қо­сылатынын да қуанышпен жет­кізді. Бұл орайда жүзеге асы­рылатын тиісті қағидалар бар. Егер мұғалім дайындықтан өтіп, жоғары сыныптарда, мәсе­лен, хи­мия, биология, физика пән­дерін ағылшын тілінде жүр­гізсе, қо­сымша ақы төленеді. Ол ша­ма­мен 35 мың теңгедей бо­лады.

Сондай-ақ, министрлік өкілі кәсіптік-техникалық кол­ледж­дер мен жоғары оқу орын­да­рын­да да ағылшын тілінде са­бақ беру үрдісі енгізіліп жат­қанын, қазақстандық 8 уни­вер­си­тет әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындары қатарына енгенін айтып өтті.

Бұдан соң жарыссөзге шық­­қан ұстаздар қауымы білім са­ла­сындағы өзекті мәселелерді тал­қылап, озық тәжірибе мен же­тіс­тіктерін ортаға салды. Тал­қылап қана қойған жоқ, об­лыс бас­шы­сына өз ұсы­ныс­тарын да жет­кізді. Облысымыздың білім са­ласы көшін алға сүйреп келе жат­қан Қапшағай қалалық білім бө­лімінің басшысы Раиса Еші­мова өткен жылдан бастап Кем­бридж технологиясы бойын­ша фи­лип­пиндік әріп­тес­терді тарту ар­қылы жара­ты­лыс­тану пән­дерін ағылшын тілінде оқы­ту, пән мұғалімдеріне  ағылшын тілін үйрету, 10-11 сынып оқу­шы­ларын халықаралық IELTS сер­тификатына дайындау курс­тары жүргізілгенін, нәтижесінде 13 оқу­шы осы тестті сәтті тап­сы­рып, түлектердің  шетел тілі және аударма ісі мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абы­лайхан атындағы әлем тіл­дері және Халықаралық қаты­нас­тар, шет тілдер және Іскерлік карьера  университеттерінің гран­тын иеленгенін атап өтті.

Келесі кезекте облыстық «Үз­дік ауыл мектебі – 2017» бай­қауында жүлделі орын ие­лен­ген Ескелді ауданы, Шес­та­ков атындағы орта мектеп ди­рек­торы Нариман Естібаевқа сөз берілді. Ол мектеп дирек­торы лауазымына үміткерлер, ең алдымен, іріктеуден өтіп, содан кейін ғана сатылай арнайы әзір­ленген бағдарламалар  бойынша біліктілігін арттыратынын, тек барлық сатыдан өткен өзіндік идеясы бар, көшбасшы үміт­кер­лер ғана басшы бола алатынын, сондықтан, тиімді білім беру сая­сатын құруда маңызды рөл атқа­ратын резервтермен жұ­мысты қайта жандандыру қа­жет­тігін алға тартты. Жоғарыда аталған мәселенің оң шешімін табуы үшін облысымызда  «Та­быс­ты басшы» жобасы әзірле­ніп, соның аясында өткен түрлі шараларда мектеп басшылары жаңартылған білім беру маз­мұны аясында мектепті инно­ва­циялық басқа­руда кездескен про­блемаларды ортаға салып, өз тә­жірибелерімен ой бөлісуге мүмкіндік алғанын айтып өтті.

«Жаңа мектепте – жаңашыл ұстаз» республикалық бай­қауы­ның жеңімпазы, Талдықорған қаласы, Есжан Берліқожаұлы атындағы  №11 орта мектептің физика пәні мұғалімі, жас ма­ман Канат Жақсыбаев та жарыс­сөзге шықты.

– Бүгінгі күні ағылшын тілі  жаңа технология, жаңа ин­дус­трия, жаңа экономика тіліне ай­налуда, өйткені, 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отыр және Мемлекет басшысы Н. Назар­баевтың «Ағылшын тілін мең­гер­мей, Қазақстан жалпыұлт­тық прогреске жете алмайды», – деп ерекше атауы да жай емес.

Биылғы жылы облыстағы ағыл­шын тілі мұғалімдерінің тіл­дік мүмкіндіктерін жетіл­ді­руге арнайы қаражат бөлініп,  ұйым­дастырылған курстарда пән  мұ­ға­лімдері  тілдік дең­гей­лерін  44 пайызға арттырып, кә­сіби дағ­дыларын жақсартуға мүмкіндік алды. Осы мұға­лім­дер үш тілде білім беруге көшу жағдайында  жаратылыстану пәні мұғалім­де­ріне ағылшын тілінде пәндерді  оқытуға үлкен септігін тигізеді. Осындай курс­тар жалғасын тапса деген ұсы­нысым бар.

Мен физика пәні мұғалімі ре­тінде озық технологиялар әлемі мен үштілділіктің көрінісін қа­зіргі таңда, елордамыз – Астана қаласында өтіп жатқан «EXPO – 2017» көрмесінен анық бай­қай­мын және биылғы оқу жылынан бас­тап оқушыларға физикалық бі­лімді ағылшын тілде оқытуға әзірмін, – деді ол.

Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери дайын­­дық өңірлік оқу-әдіс­те­мелік орталығының алғашқы әс­кери дайындық бөлімінің же­тек­шісі Айбол Қасенов, Қаратал ауданы, М. Горкий атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұ­ға­лімі Жанна Ногай, Алматы эко­но­микалық колледжінің оқыту­шы­сы Ерлік Асқарбеков, «Же­ті­су­газ» АҚ оқу орталығының мең­герушісі Валентина Спичакова сөз алып, білім беру саласы ал­дын­да тұрған бірқатар мәселе­лер­ді алға тартты.

Кеңес жұмысын облыс әкімі Амандық Баталов қоры­тын­ды­лады.

–       Құрметті тамыз кеңесіне қатысушылар! Қадірлі ұстаздар!

Сіздерді жаңа оқу жылының бас­талуымен шын жүректен құт­тықтаймын! Болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беруге бағыт­тал­ған істеріңізге игілік пен та­быс тілеймін, – деп бастады сөзін өңір басшысы. – Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев ай­қын­дап берген елдік бағытымыз – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа міндеттер жүктеді. Әлем таныған абыройлы мемлекеті­міз­дің келешегі кемел болуы үшін бәріміз бір кісідей атсалысуымыз керек. Бұл тарихи құжаттағы міндеттерді іске асыруға ұстаздар қауымының қосар үлесі зор. Ұлт болашағының баянды болуы сіз­дер­дің күнделікті еңбектеріңізге байланысты.

2016-2017 оқу жылы отандық білім беру жүйесіндегі бірқатар жаңашылдықтармен ерек­ше­лен­ді. Олардың қатарында жаңар­тылған білім мазмұнына көшу, тестілеудегі өзгерістер, бірыңғай оқулықты енгізу бар. Өңірімізде жаңа талаптарды орындап, білім сапасын арттыру бойынша тиісті шаралар қабылданды. Осыған орай жаңа оқу жылында ұстаз­дарға үлкен міндет жүктелуде. Оның бірі – қоғамдық сананы жаң­­ғыртуда өскелең ұрпақпен үлкен жұмыс жүргізу.

Елбасының қолдауымен қа­зақ­стандық білім беру жүйесі жаңа деңгейге өтуде. Бұл орайда Алматы облысы білім мен тәрбие берудің алғы шебінде болуы тиіс. Ол үшін барлық қажетті шаралар жүзеге асуда.

Биыл облыс бюджетінен білім саласына бөлінген қаржы 153,7 млрд. теңгені құрады. Оның ішін­де құрылысқа 27 млрд. теңге бағытталды. Өңірімізде 48 білім беру мекемесі салынуда. Білім күнінде 24 жаңа мектеп оқушы­лар үшін есігін айқара ашпақ. Ол арқылы үш ауысымды мектептер мәселесі шешілмек. Райымбек ау­даны, Сарыжаз ауылындағы мек­тептің ашылуымен облы­сы­мыз­дағы апатты жағдайдағы мек­теп­тер мәселесі түбегейлі жойы­лады. Мұнымен қатар осы жылы 24 мектепке күрделі жөндеу жұ­мысы жүргізілгенін де атап өткен жөн.

Мектепке дейінгі білім беруге айрықша көңіл бөлінуде.  Өңірде 939 балабақша мен шағын орта­лық бар, оның 324-і жекеменшік. Жыл соңына дейін 64 жеке­мен­шік балабақша ашу жоспар­ла­нуда. Осы орайда бүлдіршіндерге мектепке дейінгі білім беру көр­сеткішін 95 пайызға жеткізу үшін білім басқармасы аудан, қала әкімдерімен бірлесе отырып, кә­сіпкерлермен нәтижелі жұмыс жүр­гізуі және оларға қажетті барлық жағдайды жасауы тиіс.

Білім саласының дамуына тағы бір әсер ететін фактор – сапалы материалдық-техникалық база. Мемлекеттің қолдауымен облысымыздағы білім беру ме­ке­мелерінің  материалдық-тех­ни­ка­лық базасы жылдан-жылға ны­ғайып келеді. Биыл бұл мақсатқа 2,7 млрд. теңге бағытталған. Бү­гінде 50,3 пайыз физика, 48,1 пайыз химия кабинеттері жаңа техникамен қамтамасыз етілген. 352 лингафонды-мультиме­дия­лық кабинет бар. Біздің мін­де­тіміз – заманауи үлгідегі оқу сы­ныптарының қатарын көбейту.

Облысымызда жасалып жат­қан жағдайларға қарамастан білім сапасын арттыру жұмысы солғын жүргізілуде. ҰБТ-да небәрі 259 түлек жоғары балл жинады. Бұл халық саны бізден екі есе аз облыстардан да төмен.

Мемлекеттік аттестациядан 46 білім беру мекемесі өтпеді. Бұл қатарда 35 мектеп бар. Негізгі мәселе оқушылар үлгерімінің төмендігі, оқу бағдарламасын өз деңгейінде меңгере алмауы бо­лып отыр.  Мәселен, Іле ау­да­нын­дағы №24 лицейінің білім көр­сеткіші 60,6, №39 гимназияның оқу сапасы 58,7 пайызды құра­ды. Мұндай жайт Талғар ауда­нын­дағы №8 гимназия мен Жам­был ау­данындағы №2 гимназия­сында да орын алуда. Осыған орай барлық лицейлер мен гим­назия жұмысына кешенді сарап­тама жасап, соның қорытын­дысы бойынша олардың мәр­тебесін қайта қарауды тапсы­ра­мын. Біз­ге тұрақты түрде жо­ға­ры нәтиже көрсететін мектептер қажет.

Тәрбие жұмысында да үлкен олқылықтар орын алуда. Соңғы кездері жасөспірімдер қылмысы мен ерте жүктілік жағдайы жиі­леп кетті.  Биылғы жылдың 7 айында кәмелеттік жасқа тол­ма­ғандар қолымен жасалған 163 қылмыс тіркелген. Ал, жасөс­пі­рімдер арасында 9 суицид орын алса, 6 жеткіншек өз-өзіне қол салуға әрекеттенген. Осыған орай қолға алынған шараларды қайта қарап, суицидке бейімі бар балаларды ерте анықтау мен алдын алу жұмыстарын күшейту керек.

Биылғы 8 айда 256 жасөс­пірім жүктілік жағдайымен тір­келген. Осы айтылған мәселелер бойынша ұстаздармен бірлесе ата-аналар комитеті де жұмыс іс­теуі тиіс. Өйткені, көп нәрсе от­­басылық тәрбиеге бай­ла­нысты.

Амандық Ғаббасұлы осыған орай облыстық білім басқар­масы мен аудандар, қала әкім­де­ріне бірқатар тапсырма берді. Бұл орайда оқушылардың мек­тепке толық баруын  қамтамасыз ету мақсатында «Мектепке жол» жалпыреспубликалық акциясын жан-жақты жүргізуді, оқушы­лардың білім сапасы мен ұстаз­дардың біліктілігін арттыру мақ­сатында орын алған кем­шіліктер бойынша нақты нәтиже беретін кешенді шаралар қабылдауды, жергілікті жерлерде мем­ле­кет­тік-жекеменшік серіктестік және инвестиция тарту арқылы қо­сымша білім беру ұйымдарын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, оқытудың жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерін еркін меңгеріп, «Жаңа мектепте – жаңашыл ұстаз» респуб­ли­ка­лық байқауының жеңімпазы атанып, облысымыздың абы­ройын асқақтатқан Талдықорған қаласы, Есжан Берліқожаұлы атындағы  №11 орта мектептің физика пәні мұғалімі Қанат Жақсыбаевқа ерекше ілтипатын білдіріп, сыныбындағы 26 оқу­шымен «Экспо – 2017» ха­лық­аралық көрмесіне барып келу үшін қажетті жағдайды жасауды қала әкімі Бағдат Қарасаевқа тапсырды. Сондай-ақ, тамыз кеңесіне қатысқан химия, фи­зика пәні мұғалімдеріне де оқу­шыларымен халықаралық көр­мені тамашалап қайтуына мүм­кіндік жасалатынын жеткізді.  

Жиын соңында жылдағы дәс­түрге сай білім саласында елеулі еңбек етіп жүрген қыз­меткерлер марапатталды. Олар­дың бірқатары «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері»,   «Ы. Алтынсарин» төсбел­гі­ле­ріне қол жеткізсе, біразы облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты­мен марапатталды.

Ал кеңеске қатысқандар бас­қо­суда айтылған келелі ой-пікір, ұсыныстардан көп ой түйіп қайт­ты.

Пленарлық мәжіліс соңында кеңестің қарары қабылдан­ған­нан кейін  ұстаздар жиыны сек­циялық жұмысқа ұласты.

-------------------------------------------------------------------------------------------

Кеңестен қандай ой түйдіңіз?

Күлмайра Исаева, Балқаш ауданы, Береке орта мектебінің директоры:

– Мен үшін биылғы тамыз кеңесінің орны бөлек. Ұстаздар үшін ең биік мәртебе – «Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгінің» иегері атанып отырмын. Бұл менің талай жылғы ұстаздық еңбегімнің жемісі деп білемін. Өзім қазақ тілі пәнінің мұғалімімін, сондықтан тілдің қадір-қасиетін ерекше бағалаймын.  Бүгінгі уақыт талабына сай мектеп оқушылары бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін меңгеруде. Жаңар­тылған бағдарлама бойынша кейбір пәндер ағылшын тілінде өтілетін болады. Мұның бәрі құптарлық, әрине. Осы орайда бір айтарым, қазақ тілі пәні мұғалімінің деңгейі жоғары болып, тілдің құндылығын балалар бойына сіңіре білсе, ұлтжанды ұрпақ тәрбиеленіп шығады деп ойлаймын. 

Әсия Байжікенова, Сарқан ауданы, Погра­нич­ник орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Облыс педагогтарының тамыз кеңесінде «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атандым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш, еңбегімнің еленгені деп білемін. Қырық жылға жуық бастауыш сынып оқушы­ларына білім беру оңай емес. Соның игілігін көргендей әсердемін. Оның үстіне облыстағы білім саласында атқарылып жатқан игі іспен танысып, көңілім бір марқайып қалды. Бүгінгі мұғалімдер басқосуында маған ерекше әсер қалдырғаны – ағылшын тілінде сабақ беруді бастаған жас мамандардың игі жетістігі. Еліміздің білім беру саласының деңгейі көтеріліп келе жатқандығы көңілімді тоғайтты. Осыған орай жас мұғалімдерге жеңісті еңбек қана нағыз табысқа жетелейді, тіл үйреніп, ізденуден еш талмаңдар дегім келеді. 

Аркин Злавдинов, Ұйғыр ауданы, Дартамды орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Бүгінгі салтанатты шарада облыс әкімінің Алғыс хатына қол жеткізіп отырмын.  Сондай-ақ, өңір басшысының  білім сапасын арттырумен қатар жасөспірімдер тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлу қажеттігі туралы берген бірқатар тапсырмасын көкейіме тоқыдым. Осы орайда сәтсіз отбасы, қиын балалармен жұмысқа ерекше мән беру керек деп ойлаймын. Бұл орайда психологтардың жұмысын жандандыру қажет. Өйткені, қиын бала жоқ, көп жағдайда жасөспірім жанына үңіле білмейтін оған жауапты адамдар бар дер едім. Баланың нәзік жанын түсіне білгенде ғана оқушыға берген білім де нәтижелі болады. Сондықтан осы тұрғыда тереңірек іздене жұмыс істесек, нұр үстіне нұр болар еді.

Алма Есенбаева.