ТИІМДІ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ОРНАЙДЫ

Уақыты: 25.08.2017
Оқылды: 1271
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу жеріне Татарстан Республи­касы­ның Президенті Рустам Нұрғалиұлы Мин­ниханов сапарлап келді. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қабылдауында болып, облыс­тық әкімдіктің ғимаратында және Тіл сарайында өткен кездесулерге қатысып, өлкеміздің тыныс-тіршілігімен танысты.

Өз сөзін «Қош келді­ңіз­дер!» деп бастаған облыс әкімі Амандық Баталов мей­ман­­дарды облыс эконо­ми­ка­сымен, Жетісу жерінің ерек­ше­ліктерімен таныстырып өтті. Оның ішінде қант зауы­ты мен елімізде теңдессіз аккумулятор зауытын ерекше айтып өтті. Амандық Ғаб­басұлы қазақ-татар достығы турасында сөз қозғап, облы­сымызда 104 ұлттың өкілі тұратындығын жеткізді. Және өз тарапынан жасалған шақыртуды қабыл алғаны үшін Татарстан Президентіне алғыс білдірді.

Өз кезегінде Татарстан Республикасының Пре­зи­ден­ті Рустам Минниханов: «Елі­міз Ресей Федерациясы бо­йын­­ша сауда-саттық, өнер­кә­сіп өнімі бойынша алдыңғы қатарда. Үш қант зауыты жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары құс етін және шош­­қа етін дайындайтын зауыттарды іске қостық, әлі де қосамыз. Ауылшаруашы­лы­ғына қатты көңіл бөліп отырмыз. Соның ішінде соя мен жүгері өсіруге ден қой­дық. Өнімді қайта өңдеу жұ­мыс­тарына 23 миллион рубль жұмсалды. Бүгінде жарты миллион тонна пластмасса өндірдік. Татарстанда пласт­­­массаның пропилен, АБС-пластик, т.б. түрлері өнді­ріледі. Біздің өнімнің 50% экспортталады.

Бірінші президентіміз Мин­­тимер Шаймиев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен басталған ын­тымақтастығымыздың өз жалғасын тауып жатқанына қуаныштымын. Бұйыртса, алдағы уақытта өзіңізбен бірлесіп біраз істі ат­қа­ра­тын­дығымызға сенімдімін, – деп сөзін түйіндеді. Амандық Ғаббасұлы инвестиция тарту, ынтымақтастық туралы ой қозғап, келешекте татар елімен сауда-саттықты нығайту жос­па­ры барлығын жеткізді.

Тіл сарайында жалғасқан кездесудегі әңгіме облы­сы­мыз­дағы татар ұлты өкілде­рінің жағдайы мен тұрмысы, білімі мен мамандығы бағы­тында өрбіді. Татарстан Пре­зи­­денті Рустам Минниханов Амандық Ғаббасұлына Біржан сал мен Ақын Сара айты­сы­ның Татарстан архивіндегі сақталған жазбасының элек­трон­ды нұсқасымен қатар кіта­бын сыйға тартты.

Кездесуді Амандық Бата­лов ұлы Абайдың: «татарлар сол­датқа да шыдайды, кедей­лікке де шыдайды, қазаға да шы­дайды, молда, медресе сақ­тап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың жөнін солар біледі, салтанат әсемдік те соларда», – деген ойлы сөзімен түйіндеді.

***

Татарстан Президенті Рус­там Минниханов бастаған бау­ыр­лас елден келген құрметті қонақтар жазиралы Жаркент өңіріне түс әлетінде тікұ­шақ­пен ұшып жетті. Құрметті қонаққа алдымен атағы жер жүзіне таныла бастаған, екі ел шекарасының ортасында орын тепкен теңдесі жоқ «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» құрылысы мен қызметі таныс­тырылды. Бұдан соң облыс әкімі Амандық Баталов баста­ған кортеж орталықтың Қазақ­стан тарапының «Самұрық» атты бас алаңына келді.

Шетелдік қонақтарға орта­лықтың жұмысы мен қызметін «Қорғас» шекара маңы ынты­мақтастығы халықаралық орта­лығы» АҚ президенті Қаһар­ман Жазин таныстырды. Таныстырушының айтуынша, бұл орталық Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Қытай Халық Республикасы шекарасының шектес аймағында орналасқан қазақ-қытай бірлескен жобасы. Жалпы ауданы 560 гектар жер­ді қамтиды. Орталық екі бөлік­тен құралған, Қазақстан жағы – 207 гектар, Қытай жағы – 343 гектарға орналастырыл­ған. Бұл жоба Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы шекаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техни­калық, мәдени байланысты дамыту мақсатында, ҚР Пре­зи­денті Н. Назарбаевтың 2002 жылдың 22–25 желтоқсанында Қытай еліне ресми сапары кезіндегі Мемлекет басшы­ларының бастамасы бойынша жүзеге асырылып келеді.

Шекараға шектес аймақта әріптестікті дамыту мақса­тының басты қағидасы – Қа­зақ­стан, Қытай және өзге үшін­ші мемлекеттердің аза­мат­­тарының шекара аумағын­да 30 тәулікке дейін визаны рәсімдеусіз еркін жүріп-тұ­руына мүмкіндік жасау.

«Қорғас» шекара маңы ын­тымақтастығы халықаралық орталығы» жобасы бойынша Қазақстан жақта 56 инвес­ти­циялық нысан құрылысы жос­парланған, атап айтқанда орта­лық алаң, қолөнершілер қала­сы, конгресс-холл, 4 сауда галереясы, ашық базар, сауық­тыру кешені, сауда орталығы мен 3 сауда үйі, тағы басқа құрылыс нысандары бар. Қазір бұл орталыққа күнделікті 1200-ден 1800-ге дейін, ал демалыс және мейрам күндері 2000-ға дейін адам сауда-саттық жасап, келіп-кетіп жүр.

Бүгінде бұл орталық әлем­де теңдесі жоқ жаңа жоба. Ол өндірістік, көліктік әлеуетке капитал жұмсауға, шағын және орта бизнесті барынша табысты етуге кеңінен мүм­кіндік береді. Біздің инвес­тициялық саясатымыздың ба­сым­дылығын арттырып, бәсе­кеге қабілетті тауарлар мен қызметтерді дамыту және құру, сондай-ақ олардың әлем­дік нарықтағы белсенділігін арттыруға жағдай жасайды.

Татарстаннан келген қо­нақ­тарға бұдан кейін «Құрғақ ай­лақ» жұмысы мен жалпы «Қор­ғас – Шығыс қақпасы» ар­найы экономикалық айма­ғы­ның бүгінгі тіршілігі көрсе­тіліп, болашақта атқарылар жос­парлы жобалар таныс­тырылды.

Болашақ «Қорғас – арнайы экономикалық аймағы» ке­шенді бірнеше бөлімнен тұра­тын болады. Мысалы, мұнда үлкен транспорт терминалы, сауда көрмесі, келген адамдар ашық аспан астына шықпай жалғастыра аралайтын сауда павильондары, бір мезетте 5 мың адам қабылдайтын мүм­кін­дігі бар қонақүй кешені жасалады. Шекаралас мем­лекеттердің қаржы және өнді­рістік ұйымдарының ірі ха­лық­аралық кездесулерін, кон­ференцияларын, симпо­зиумд­а­рын өткізуге арналған орын­дар салынбақ. Сол сияқты офистер, мейрамханалар, кази­но, кинотеатр, 100 мың адам қоныстанатын көпқабатты тұр­­ғын үйлер, мектеп, бала­бақша, басқа да келушілер демалатын орындар жасау жо­баланған.

Аймақ құрылысы 2014 жыл­­дың шілде айының ба­сында Үкіметтің «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарла­масының алғашқы жарты­жыл­дықта жүзеге асқан жұмыс­тары жөнінде Елбасына теле­көпір арқылы есеп беру мерзі­мінде Нұрсұлтан Әбішұлының қолдап, қуаттауымен бастау алған болатын. Мұндағы 129 гектар аумаққа салынған «Құр­ғақ айлақтың» еліміздің эко­но­микалық дамуы мен ха­лық­аралық транзиттік әлеуе­тінің артуына қосар ықпалы ерекше. «Құрғақ айлаққа» Қытай мемлекеті тарапынан тар танапты 3, Қазақстан тарапынан кең жолақты осын­ша теміржол желісі тартылып, бір-бірімен жүк алмасуда. Сол сияқты бұл аймақта «Құрғақ айлақпен» жапсарластырып 225 гектар аумаққа логистикалық орта­лық жасалып, ондағы қойма­ларда мыңдаған тонна жүк сақталып, сан тарапқа аттан­дырылуда. Сонымен қатар, 224 гектар жерге индус­триял­дық аймақ жасауға қазір орын дайындалуда. Яғни бұл арнайы экономикалық аймақ қуатты өндіріс орындарының өркендеуіне де жол ашпақ. Құрылыс жұмыстарына бас­тапқыда жалпы 77 миллиард 280 миллион теңге жұмса­латын болса, оның 36 мил­лиард 848 миллион теңгесі республикалық бюджеттен, 40 миллиардтан астамы «ҚТЖ» ҰК» АҚ есебінен қарастырылады. Осы алып құрылыстың бәрі айналасы екі-үш жылда толық қуа­тында іске қосылып, мұнда қазіргі болжам бойынша 30 мыңнан астам адамға жұмыс орны ашылмақшы.

Халықаралық ерекше жоба жайының Татарстан Президентін қызықтырғаны даусыз. Татарстанның аста­насы Қазан қаласы арқылы өтетін жаңа заманда жаң­ғырған Ұлы Жібек жолының негізі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік темір­жолы мен автодаңғылының Қа­зақстан мен Татарстанның экономикалық байланысын арттыратынына қонақтар көз жеткізіп қайтты.

Серік ҚАНТАЙ,

Мырзағали НҰРСЕЙІТ.