Ата заңым – айбарым

Уақыты: 04.09.2017
Оқылды: 1735
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Талдықорғандағы «Жастар» мәдениет және демалыс саябағында «Ел тірегі, ел бақыты – Ата Заң!» атты мерекелік шара өтті. Жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлаған шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Конституция – біздің тәуел­сіз­дігімізді нығайтып, мемле­кет пен жалпы қоғамда мыз­ғы­мас тұрақтылықты қалып­тастырды», – деген болатын. Бүгінгі таңда Конституцияның тәтті жемісін көріп келеміз. Қоғамымыздың беріктігіне, тыныштығына, өркендеп қа­нат жаюына Ата Заңымыздың тигізген үлесі орасан. Еге­мендік алғаннан кейін Ата Заңымыз 1995 жылғы 30 та­мыз­да жалпыхалықтық рефе­рендумда қабылданып,  5 қыр­күйекте күшіне енді.

Егеменді қазақ елі Конс­титуциясының қабылдан­ғаны­на 22 жыл толған мерекелік шара облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының әртістері әзірлеген «Дала заңы – баба заңы – Ата Заң» атты театрланған шағын көріністен басталды. Қасым ханның қас­қа жолы мен Есім ханның ескі жолы, қазақ хандығын 30 жыл басқарған әз Тәукенің «Жеті жарғысы» қойылымда көрініс тапты. «Жеті жарғыда» көр­сетілген мүлік, қылмыс, әске­ри, елшілік, жұртшылық, же­сір дауы мен құн дауы туралы жарғылар жеке-жеке айтылды. Қойылымның ерекше тұсы да сол – жарғының не үшін, қа­лай туғандығын көрсету. Әз Тәуке сөз басын Асан­қайғы­ның:  

 «Әділдіктің белгісі,

Біле тұра бұрмаса.

Ақылдының белгісі,

Өткен істі қумаса. 

Жамандардың белгісі,

Жауға қарсы тұрмаса.

Залымдардың белісі,

 Бейбіттің малын ұрласа. 

Надандардың белгісі,

Білгеннің тілін алмаса» – деп бастап, ел болу үшін,  ел шебінің берік болуы үшін «Жеті жарғының» жазыл­ған­ды­ғын жеткізді. Бүгінгі Кон­с­титуцияның негізі болған әз Тәукенің «Жеті жарғысын» сахналау барысында театр әр­тіс­тері үлкен шеберлік көр­сетті.

Конституция туралы рухты өлеңдермен жалғасқан қойы­лымды, бүлдіршіндерден құ­рыл­ған хор  «Туған жер» әні­мен жалғастырды.

Мерекелік шараның екінші кезеңінде облыс әкімінің орын­басары Жақсылық Омар жи­нал­ғандарды құттықтап, өзінің ақжарма тілегін айтты. «Бүгінгі таңда тұрақтылық пен ты­ныш­тықты, ынтымақ пен ырыс-құтты ту етіп, айбары асқан мемлекетке айналып, озық реформаларды енгіздік. Еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына және тұр­ғын­дардың әл-ауқатының ар­туына қол жеткіздік. Еңсесі биік егемен ел болған ширек ғасырдан асқан уақыт ішінде Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, Орталық Азия­да көш бастап келеді. Мұндай айтулы жетіс­тік­тердің барлығына «біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деген те­рең сөздермен мақтанатын Ата Заңымызға негізделген ұлтаралық және дінаралық татулықтың арқасында қол жеткіздік», – деп сөзін түйін­деді Жақсылық Мұқашұлы.

Шара «Ата Заң – айбы­ным» тақырыбындағы Сүйін­бай атындағы филармо­ния­ның және «Талдықорған әуен­дері» фольклорлық-этногра­фиялық ансамблінің мереке­лік концертімен көңілді аяқ­тал­ды. Бастысы, меркелік леп жиналғандарды қуанышқа бөледі.

 

Серік ҚАНТАЙ.