ДАСТАРҚАН БАЙЛЫҒЫ

Уақыты: 05.09.2017
Оқылды: 1240
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ағанас өңірі еңбек дүбіріне толы. Теңіздей толқыған алтын түстес бидайлы алқапта дала кемесі жүзіп жүр. Қызыға қарайсыз. Дүниеде дастарқан берекесін кіргізетін дәнге жетер ештеңе жоқ, соның негізін қалап, берекесін тасытып жүрген жандарға риза боласыз. Қызу еңбектің басына біз де барып қайттық.

– Өңірде астық ору науқаны басталды. Жалпы, биыл аудан бойынша 16300 гектар дәнді дақыл орылады. 7203 гектар күздік бидай, 8113 гектар жаздық дақыл бар. Ел ырызғысы саналатын дүниеде Хайрулла Иісбаев басқаратын «Айғайтас» ЖШС мен Сүйіндік Нүсіпбеков жетекшілік жасайтын «Бірлік-АГРО» ЖШС үлесі мол. Дәнді дақылдардың шығымы жаман емес. Гектарына шаққанда 18-20 центнерден жоғары өнім аламыз деген үмітіміз мол, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жеңісбек Әлиасқаров.

Қарабұлақ ауылдық окру­гіне қарасты Ағанас өңі­ріндегі егістік алқабы Серік Мәсімбаев басқаратын «Көлбастау» өндірістік кооперативінің иелігінде. Сөз орайында айта кеткен жөн, бұл ауданда алғашқы болып құрылған кооперативтердің бірі. Қаржы, жаңа техника жағынан қиындықтар көріп келе жатқанымен иелігіндегі жерін бос тастап көрген жоқ. 50 гектар күздік бидай алқабы толықтай орылып алыныпты. Одан мол өнім жиналған. Енді 20 гектар жаздық бидай алқабына орақ түсті. Оларға Сағат Оразбаев жетекшілік жасайтын «Дүйсен» шаруа қожалығының Ресейден шыққан «Вектор» атты комбайны көмекке келіпті. Жүргізуші Ұлан Мыр­заханов  әр сағатты, ашық күнді тиімді пайдаланып, өнімді еңбек етуде.

 – Ауылдық округ бойынша 500 гектар күздік бидай, 100 гектар жаздық бидай, 200 гектар арпа орылады. Оның дені бітіп, қоймамыз дәнге тола бастады. Өнім де ойдағыдай. Диқандардың көңілі көтеріңкі. Ауа райы да қолайлы болып тұр. Ел-жұртымыздың тұрмыс-тіршілігі жаман бола қоймайды, – дейді Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Еркін Жексенбек.

Ақ бидайлы алқап – берекенің бастауы, дастарқанның байлығы. Егістіктегі еңбек қойманы дәнге, шаңырақты әнге толтырмай толас­тамасы анық.   

Қанат БІРЖАНСАЛ.

Райымбек ауданы.