Ел тарихындағы елеулі кезең

Уақыты: 12.09.2017
Оқылды: 1361
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бес жылдан бері қазақстандықтардың басты назарында болған, баламалы энергияның ерекше мүмкіндігін мүлде басқа қырынан көрсетіп үлгерген «ЭКСПО – 2017» көрмесінің де жабылу салтанаты өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрі бөлек болса да жүрегі ортақ, тілегі телегей жандар иық тіресіп тұрып, осы бір маңызды шараның сәтті аяқталғанына қуанышын білдірді. Әсіресе, көрме қалашығындағы көріністер көңіл қуантты. Үш ай бойы ауылын алысқа тастап, қазақ елінде жүрген шетелдіктер мен көрменің басы-қасынан табылған отандастарымыздың көңілдері шат. Олар көрменің жабылғанына емес, алға қойған мақсат-жоспардың ойдағыдай орындалғанына қуанышты.

Мемлекет басшысы      Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды осынау маңызды шараның сәтті аяқталғанына орай ыстық ықыласпен құттықтады. 
Елбасы жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Астана мен елдің барлық өңірінің күш жұмылдыруының арқасында «ЭКСПО – 2017» көрмесінің табысты өткенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев көрменің Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін ерекше атап өтті. Елбасы атап өткендей, көрме аясында шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артса, бас қаладағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өскен. Жалпы, ЭКСПО аясында 6 мыңнан астам түрлі іс-шара өткізіліп, әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік берді. Мұнда жаңартылатын энергия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, ЭКСПО аясында қазіргі заманғы энергетикалық саясаттың басымдықтары жөнінде жаһандық диалог ұйымдастырылып,  энергетика мен экология саласындағы заманауи проблемаларды шешуге арналған ұсынымдар әзірленді. Сондай-ақ, көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. 
Елбасы айтқандай, Қазақстанның беделін асырып, елімізді әлемге танытқан көрме бұдан кейін де өміршеңдігін жоғалтпайды. Расында, үш ай бойы Астана қаласына қаншама елдің өкілдері келді, қазақ елін мүлде білмейтін жандар кең-байтақ жеріміздегі кеңпейіл халқымыздың қонақжайлығына тәнті болып қайтты. Болашақта атқарылатын келісімдер Арқа төсінде бекітіліп, атқарылуға жол алды. Мұндай кереметтерді санай берсек көп. 
Әлем назарын аударған салмақты шараның салтанатын театрландырылған шоу аша түсті. Күрделі инженерлік, көркемдік және қойылымдық көріністер қолданылған ауқымды Hi-Light Show жарықтық иллюзиялар, графикалық проекциялар мен шынайылықты бір арнаға тоғыстырып, тамаша үйлесім тапты. Әуе гимнасттары қозғалысымен бірге әуеде қалқыған көп тонналы декорациялар және үнемі кейіптенетін сахна көрме қонақтарына фантастикалық болашақ әлеміне сапар жасауға мүмкіндік берді. Көрменің жабылу салтанатының бас продюсері Борислав Володиннің айтуынша, шоуда көрмеде ұсынылған энергетика және технология саласындағы әзірлемелерді көрсетуге ерекше ден қойылыпты.

– Нақты мақсат көрменің нәтижелерін көркемдік түрде көрсету болды және аталған мақсатқа қол жеткіздік. Осы ерекше күні көрме қонақтарына көптеген тосын сыйлар дайындадық. Іс-шараның басты бөлімінде энергия және технологиямен қатар адамның әлемдегі рөліне ерекше мән берілді, – дейді ол.
Концертте «МузАрт» тобы, Майра Мұхамедқызы, М. Бисенғалиевтің симфониялық оркестрі, Жамилә Серкебаева, «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі және басқа да танымал орындаушылар өнер көрсетіп, жұрт ықыласына бөленді. Осы тұста жиналған көпшіліктің қауіпсіздігін 3 мыңнан астам полиция және жекеменшік күзет қызметкерімен қатар Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвардияның 500-ден астам әскери қызметкерлері қамтамасыз етті. Басқа саланың мамандары да кез келген уақытта көмек беруге сақадай сай дайын болды. 
Жұрт тілегі де шығар, театрландырылған шоу басталғанда себезгілеп жаңбыр жауа бастады. Табиғаттың осы бір тосын өзгерісі жиналған жұртты мазасыздандырған жоқ. Қайта  «Аспаннан Алланың нұры жауды» деп жақсы ырымға жорыған көпшілік қатарын сиретпей отандық және шетелдік өнерпаздардың өнерін аса ықыласпен тамашалады. 
Салтанатты кеште Елбасы бастап қол ұстасқан қонақтар бір-біріне қуат беру арқылы Сфераға жарық сыйлады. Кеш қонақтарынан бөлек, қол ұстасқан бір жарым мыңға жуық ерікті Конгресс-холлдан «Нұр әлемге» дейін сап түзді. Олардың кеуделеріндегі көрменің басты бойтұмары да бірінен кейін бірі жанып, шарға жетті. Бұл тізбек 2 232 адамнан құралды. Оның да өзіндік себебі бар. Көрме тұтас 2 232 сағатқа жалғасқан еді. Тізбек соңында тұрған көрменің басты кейіпкері – кішкентай балақай толассыз энергиямен қуаттанып, сфераға қолын тигізген сәтте айнала жарқырап шыға келді. Бұл бірліктің, берекенің, сарқылмас қуаттың белгісін білдірсе керек. Осылайша, Астана аспанында Тұманбай Молдағалиев пен Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» әуелеп, алып шарда бейнеленген бейбітшілік құсы көкке, күллі әлемге қанат самғады. Бұл – биікке талпынған жасампаз қазақ елінің нышаны еді.
Көрменің жабылу салтанатының ресми бөлігі аяқталып, амфитеатрдағы мерекелік концертке ұласты. Онда DJ Timofei мен Нұрберген Махамбетов, Аmericano, Holliwood қатарлы топтар көрме меймандарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концерттік бағдарлама амфитеатрда 21.00-23.10 аралығында ұйымдастырылды. Сағат 22.00-де билеттердің сатылымы қайта жанданып, қалалықтар мен шаһар қонақтары түнгі 02.30-ға дейін көрмелерді қақты. Бұл уақыт аралығында халықаралық павильондар өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды. Көрме кешеніндегі мейрамханалар мен тамақтану орталықтары да 22.00-ден 02.30-ға дейін жұмыс істеді. Көрме 11 қыркүйек күні сағат түнгі 03.00 кезінде жұмысын тоқтатты.
 Осы күні көрме қалашығы да қызу думанға бөленді. Әр елдің павильонының алдында кезек күткен адамдардың қатары көп болды. Бәрі көрмені соңғы күнде тамашалап қалу үшін елдің әр өңірінен жиналғандар. Ал көрме қалашығындағы халыққа қызмет көрсететін нысандар түнгі сағат 3-ке дейін жұмыс істеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, көрменің алғашқы күндері орта есеппен 22840 адам көрмені тамашаласа,         9 қыркүйек күні 100514 қонақ келген. Жалпы, көрмені төрт миллионға жуық адам тамашалаған.
Көрменің жабылу салтанатына орай шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан, өзгелерге үлгі болып, көптің ықыласына бөленген, жаңаша қырынан көрініп, келушілердің алғысына бөленген мемлекеттер мен павильондар, жеке тұлғалар  марапатталды. Айта кетерлігі, марапаттау рәсімі 1851 жылы Лондонда өткен алғашқы бүкіләлемдік көрмеден бастап дәстүрге айналған рәсім. Марапаттаудың мақсаты қатысушыларды «Болашақ Энергиясы» тақырыбындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға жігерлендіру және осы бағыттағы бірегей идеяларды әлем бойынша ілгерілету.
Дәстүр бойынша, Халықаралық көрме бюросы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізуге үлес қосқаны мен жемісті нәтижесі үшін «Алтын медальмен» марапаттады. Сонымен қатар, «ХКБ абырой медалімен» көрменің барлық қатысушыларына үздіксіз көмек пен қолдау көрсеткені, компанияның барлық қызметкерінің қажырлы еңбегі және жоғары дәрежедегі кәсіпқойлықты танытқандары үшін «Астана «ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ атынан Ахметжан Есімов марапатталды. Екінші «ХКБ абырой медалі» Астана қаласына табысталды. Ал көрме басталғаннан аяқталғанға дейін табанды еңбек еткен еріктілер мен көрменің құндылығы мен маңыздылығы жайында күллі әлемге жар салған қоғаммен байланыс қызметтеріне де марапат табысталды. Сол қатарда журналистердің де еңбегі ерекше ескерілді.
Сондай-ақ, 9 сарапшыдан құралған халықаралық қазылар алқасы көрмеге қатысушы елдердің павильондары арасынан дизайны және көрме тақырыбының ашылуы номинациясы бойынша жеңімпаздарды таңдап берді. Көрменің дизайны санатында алтын Кариб қоғамдастығы плазасына, күміс Тынық мұхит плазасына және қола Латын Америка плазасына табысталды. Көрме тақырыбының ашылуы санатында алтын  Тәжікстан Республикасына, күміс Гана Республикасына, қола Украинаға берілді. 
Аумағы 400 шаршы метрден кем павильондардың арасында көрменің дизайны санатында алтын Польша, күміс  Словакия, қола Латвияға  табысталды. Көрме тақырыбының ашылуынан үздік атанғандар Финляндия, одан кейін Сингапур және Чехия Республикасы. Аумағы 400 шаршы метр мен 700 шаршы метр аралығындағы павильондардың арасында көрменің дизайны санатында алтын Катарға, күміс Әзірбайжанға, қола Монако Князьдығына тиді. Көрме тақырыбының ашылғаны үшін алтын Швейцария Конфедерациясына, күміс Венгрияға, қола Үндістанға тиесілі болды. Аумағы 700 шаршы метрден асатын павильондардың арасында дизайны санатында алтын Ресейге,  күміс Ұлыбританияға, қола Кореяға бұйырды. Көрме тақырыбының ашылуы санатында алтын Германия, күміс Қытай, қола Францияға кетті. Сонымен бірге, «Ғарыш» ХКБ сыйлығы Лесото Ұлттық университетіне табысталды. 
Десе де, жұрт көңілін көрменің осыдан былайғы болашағы ойландырғаны анық. Бұл туралы көрменің жабылу салтанатында сөз етілді. Елбасының айтуынша, әлемдегі теңдесі жоқ ғимараттар қатарына жататын «Нұр Әлем» ЭКСПО көрмесінің музейі ретінде жұмыс істейтін болады.  
– Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болады, – деп атап өтті Елбасы.
Демек, ЭКСПО қалашығына Астана халықаралық қаржы орталығы орналасады  және  «жасыл» экономика тақырыбындағы зерттеулерге арналған халықаралық хаб орталығы да осында болады. Бастысы, көрменің әр шаршы метрі мақсатты пайдаланылады. Ол үшін арнайы даму тұжырымдамасы бекітілген. Бұдан былай ЭКСПО қалашығы дотация есебінен күнкөрмейді, оны өз-өзін қаржылай қамтамасыз ететін орталыққа айналдыру жоспарлануда.
Иә, төккен тер мен жұмсалған қаржы текке кетпейді. ЭКСПО қалашығынан әлемнің түкпір-түкпіріне таралған жаңалық дүниенің ХХІ ғасырда жаңаша беталыс алуына жол ашады. Осы тұста маңыздылығы басым шараны облыс тұрғындарына жеткізіп, оның бары мен бағын ашуда, тұрғындарға насихаттауда газетіміздің атқарған жүгі ересен. Өткен жылы қараша айында журналистер арасында ұйымдастырылған ЭКСПО турдан бүгінге дейін басылымымыз көрменің жетістіктерін үзбей жариялап, жерлестеріміздің ықыласын арттырып отырды. Төккен теріміз текке кеткен жоқ. Газетіміздің бас редакторы Әміре Әрін «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің арнайы Алғыс хатымен марапатталса, осы жолдардың авторы Ұлттық компанияның марапатын алып, абыроймен ауылға оралды. Қысқасы, қазақ тарихына алтын әріппен жазылатын «ЭКСПО – 2017» көрмесіне біз де осылай үлес қостық.

Қажет АНДАС.