Президенттік полк те қызмет атқару - абырой

Уақыты: 21.09.2017
Оқылды: 1502
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктері қазақстандық армияның элитасы екендігі жасырын емес. Дәл осы полктерге биылғы жылдың 15 қыркүйегі мен 20 қазан аралығында жас сарбаздарды әскерге шақыру науқаны өтеді. Ең үздік әскери қызметшілерді бір арнаға тоғыстырған құрылымдық бөліністерге іріктеу қатаң талаптарға сай жүргізіледі.

Жедел әскери қызметке шақырту науқаны және оған дайындалу үдерісі үзіліссіз жүргізілетін шара. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицерлері облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге барып, талап бойынша бойы 180 см. кем емес әскерге шақырылушының оқу және қызмет орындарынан мінездемелерін, араласу ортасын, бейімділігін, қызығушылықтарын анықтап, оның психологиялық бет-бейнесімен қатар медициналық көрсеткіштерін зерделейді. Іріктеу барысында бекітілген ереже-талаптарға сәйкес шақырылушының патриоттық сезіміне, шыншылдығына, оқыс жағдайларда нақты шешім қабылдай білу қабілетіне, денесінің шымырлығы мен зеректігіне басымдық беріледі. Спорттық және өзге де салалардағы жетістіктері әскери борыштарын дәл осы Президенттік полктерде өтеуге жолдама ретінде қарастырылатынын да айта кеткен жөн. 
Бүгінгі таңда еліміздің Қарулы Күштерінің қатарында әскери борышын өтеуге ниеттілердің саны артып келеді. Оның себебі, әскери салада заманауи әдіс-тәсілдер қолданылып, олардың, кәсіби деңгейі артуда. Осы тұрғыда негізгі көрсеткіштердің бірі – қоғам өкілдерінің қатысуымен жүргізілетін шақырту комиссиясы жұмысының ашықтығын тілге тиек еткен орынды. Әскери борышын Астана қаласындағы әскери бөлімшеде өтеп жүрген Бекзат Нұрғалиев:
– Отан алдындағы борышымды дәл осы ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» Президенттік полкінде атқарып жатқандығымды үлкен абырой деп білемін. Бізге Мемлекет басшысының және өзге де күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де мемлекеттік маңызы жоғары, жауапты міндеттер жүктелген. Әскери міндетімізді жоғары деңгейде атқару үшін барлық жағдай жасалынған. Сапалы тағам, қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етеді, білімімізді жетілдіріп, спортпен шұғылдануға да мүмкіндігіміз мол. Менің ойымша, өзім сияқты әскердегі қатарластарым да болашақта әскери мамандықты таңдайды – деп қалтқысыз қызмет атқарып жатқандығын жеткізді.
Сайдың тасындай іріктелініп алынған жас сарбаздардың әскери бөлімшелерге келу мерзіміне қарай тиісті шаралардың барлығы, оның ішінде жаңа толқынды қабылдауға арналған бекеттер ескерілген. Білікті де білімді офицерлер жас сарбаздарға жаңа ортада бейімделуде көмек көрсетіп, әскери кәсіптің қыр-сырын меңгеруде бағыт-бағдар береді. Күнделікті әскери тұрмысқа ену қызметтің ерекшеліктерімен танысудан басталады. Жас сарбаздар жаңа әрі ыңғайлы үлгідегі киіммен, өзге де қажеттермен жабдықталады. Мәселен, заманауи казармалық ғимараттар, күнделікті қажеттіліктерді өтейтін арнайы бөлмелер, монша мен кір жуу кешені, жеке-тәрбие жүргізу, ойын-сауық бөлмелері де қарастырылған. 
Әрбір жас сарбаздың өмірінде ерекше есте қалатын маңызды шаралардың бірі – салтанатты түрде Әскери ант қабылдау рәсімі. Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Алматы және Астана қалаларында орналасқан әскери бөлімшелерге жіберіледі. Бұл жерде оларға Елбасының және өзге күзетілетін лауазымды тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды аса маңызды тапсырма жүктеледі. Ресми сапармен Қазақстанға келген Мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін іс-шараларға қатысып, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын күзетке алады.  
Осындай жауапты қызметті мінсіз атқару үшін әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығына да үлкен көңіл бөлінеді. Дайындық барысында жас сарбаздар парашюттен секіру, әртүрлі жағдайда, соның ішінде суда әскери техниканы тізгіндеуді үйреніп,  басқа да көптеген әскери жаттығуларды меңгереді. Спорттық жетістіктері бар сарбаздар түрлі деңгейдегі, соның ішінде әлемдік ареналарда өтетін жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады. 
Мемлекеттік күзет қызметінің даму үрдісіндегі басымдықтардың бірі – сапалы кадрлық құрамды жасақтауда дайындықтан өтіп, әбден төселген, келісімшарт негізінде қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің қатарынан іріктеу. Яғни, әскери мамандықты таңдаған кешегі сарбаз қызмет бабы бойынша жоғары сатыларға көтерілуге мүмкіндік алады. 
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің тағы бір ерекшелігі – жас сарбаздардың әскери борышын Қазақстан армиясының элитасы болып есептелетін Құрмет қарауылы ротасында өтеу мүмкіндігі. Қызметтің тек осы құрылымына ғана Мемлекеттік протоколды атқару жүктелген. Бозбалалардың көбісінің әскери қызметтерін дәл осы Құрмет қарауылы ротасында өтеуді армандайтыны жасырын емес. Себебі, «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінде сарбаздардың бойына өзіне деген сенім ұялайды. Әрқайсына жеке тігілетін арнайы киім үлгісі де олардың сымбатын келтіріп, қызығушылықтарын арттыратыны айтпаса да түсінікті.  
Әскердегі қызмет кешегі бозбалалардан халқына адал қызмет ететін айбынды ер-азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Батылдық пен жігерлілікті, қажыр-қайратты, ең бастысы, халқы мен Елбасына деген адалдық секілді қасиеттерді бойына жинаған еліміздің қорғандары – айбынды сарбаздарымыз еліміздің бет-бейнесі болып табылады.

Өз тілшіміз.