Көрші хақысы – тәңір ақысы

Уақыты: 12.10.2017
Оқылды: 1464
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 

Қазақта «Көрші хақысы – Тәңір ақысы» деген аталы сөз бар. Бақсаңыз, көршінің ақысын – мерейін, беделін, деңгей-дәргейін Тәңірмен байланыстырады. Демек, бұл мақалдың да тарихы тым ұзақ. Мұны неге айтамыз? Себебі, күні кешегі, 7-қазандағы Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаевтың сөзі бірлігі ұйысқан екі ұлысқа жараспайды. Хәкім Абай айтқан бір туған бауырды бөле-жарып қарауға итермелеген ұшқары пікіріне наразы болғасын айтамыз. Әрине, атасынан баласына: «Көршің үшін намазыңды бұз" немесе "Көршің шақырса, бір жеңіңді киіп, бір жеңіңді кимей бар" деп өсиет қалдырған данагөй қазақтың бұл ретте де ашуын ақылы жеңіп отыр. Оған куә – күні кеше еліміздің ҚР Сыртқы істер министрлігі осы даулы мәселеге байланысты өз наразылықтарын жолдай келе, екі ел достығының бәрінен де маңызды екенін алға тарта отырып, қандай жағдай болмасын Қазақстан тарапы бауырлас елге өз ықыласын суытпайтынын мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар, аталған мәселеге байланысты Қазақстанның Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев та осы түсініспестікке қатысты арнайы мәлімдеме жасады. Онда Үкімет басшысы елдің экономикалық дамуындағы, тың серпілісіндегі нақты дәлелдерді келтіре отырып, көрші ел басшысының көпе-көрнеу сыңаржақ пікір ұстанып отырғанын растап берген.

Осы барыста қырғыз тарапынан әлеуметтік желілерде кешірім сұрап, қазақ-қарғыз бауырлас елдерінің ынтымақ, берекесіне сызат түспеуін сұрай хат жазған ағайынның да қарасы аз болмады. Айталық, Еділ Байсалов атты Қырғызстан азаматы «Қазақ досыма хат» деген өз жазбасында Атамбаевтың айтқанын бүкіл қырғыз халқы атынан айтылған сөз деп қабылдамауға, ал оның президенттік мерзімінің аяқталуына 54 күн қалғанын ескертіп, қазақ халқынан кешірім сұрағанын білдік. «Нұрсұлтан Назарбаевты қырғыз халқы қатты сыйлайды, ол кісі біздің ата-бабамыздың көз алдымызда жүрген көзі секілді» деп жазған ол.

Міне, мұның бәрі кімнің ісінің ақ екенін дәлелдеп тұрмай ма?! «Түркінің бір-бір бұтағымыз, түбіміз – түркі» деп, қазақты аға тұтқан Алатауы ортақ ағайынның берекеден, баянды достықтан іргесін аулақ салмасы анық. Демек, мәселенің бәрі оспадар, жаңсақ пікір айтқан Алмазбек Атамбаевта деген сөз. Сөйтіп, бұл даудың түбі жекелеген бір адамның амбициясына тіреліп тұрса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы бір сұхбатында: «Оған мән бере берудің қажеті жоқ» деп айтқанындай, біздер де тағы сол береке-бірлікті, айнымас татулықты өсиеттеген қазақтың «Ауласы бірдің ауасы бір" деген ұстанымын алға тартамыз. Мыңдаған жылдар бойына іргеміз ажырамай, егіз қозыдай жарасып келе жатқан бауыр халықты бір «шикіөкпесіне» бола ренішке қияр жайымыз жоқ!

                                                                  Әміре ӘРІН,

Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы.