ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов жұмыс сапары аясында Көксу ауданындағы бірнеше нысанды аралады. Сапар барысында тұрғындармен пікірлесіп, ауыл-аймақтың жағдайымен танысып, елді мекендерді дамыту мен өркендетудің жаңа бағыттарын бағамдады.
Жетісулықтар Серік Әбікенұлының адамгершілігі мен іскерлігін жоғары бағалайды. Оның осы өңірді басқарып тұрған тұсында талай өркенді істердің бастамашысы болғанын да жұрт ұмыта қойған жоқ. Сондай істердің бірі Ербол Тоқтағұлов басшылық ететін «Уыз Май Industry» ЖШС еді. 2010 жылы өз қолымен тұсауын кесіп, алғашқы өнімін көзімен көрген Серік Үмбетов алты жылдан кейін тағы да сол өндіріске соғып, жағдайын тағы бір саралап шықты. Депутат жұмысты зауыттың болашақ жоспарларымен танысудан бастады. Бүгінде кәсіпорын құрылыс жобасының 90 пайызға жуығын еңсеріпті. Алты жыл бұрын жалғыз ғана ғимараты болған зауыт аймағында бүгінде қосалқы құрылыстардың саны көбейген. Осыдан-ақ жылына 50,0 мың тоннаға дейін майбұршақ шикізатын өңдейтін, 100 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыттың байқауға болады. Десе де, бұл зауыттың өнімі облыс тұрғындарының майбұршақ өніміне деген сұранысының 30-40 пайызын ғана қамтамасыз етіп келеді. Депутат осы мәселеге баса назар аударып, бұл саладағы жұмысты ширатудың қажеттілігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, зауыт басшылығына майбұршақ егетін жер аумағын ұлғайтып, өңір тұрғындарының уыз майға деген қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар өнімін экспортқа шығарып, бренд қалыптастырудың жолдарын қарастыру керектігін ескертті.
Келесі кезекте Серік Үмбетов «Көксу қант зауыты» ЖШС-не бас сұқты. Астанадан келген қонақты кіреберістен зауыт жұмысшылары қарсы алып, зауыттың өндірістік және қосалқы цехтарын аралатып, өнім шығару мүмкіндігімен таныстырды. Қашанда қарапайымдылығымен танылған Серік Әбікенұлы әдетінше жұмысшылардың тұрмыс және де басқа жағдайларын сұрастыруды ұмытқан жоқ. Депутаттың қамқор пейіліне зауытты жазғы жөндеуден өткізіп жатқан жұмыскерлер шынайы ризашылық танытты.
Статистикаға жүгінсек, «Көксу қант зауыты» облыс тұрғындары бір жылда тұтынатын қанттың 22 пайызын өндіреді. Зауыт өткен жылы 120 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, 12 мың тонна қант алса, биыл шикізат көлемін 220 мың тоннаға жеткізіп, 25 мың тонна қант алуды межелеп отыр. Қант зауыты жылына бюджетке 17 миллион теңге салық төлеумен қатар қант өңдеу маусымы басталғанда 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып, әлеуметтің әлеуетін арттырып келеді. Зауыттың осындай мүмкіндігін бағамдаған халық қалаулысы көпшілікті ел игілігі үшін ерінбей еңбек етуге шақырды.
Кейінгі жылдары облысымызда қант қызылшасын өсіру қауырт қолға алынып, қарқынды жобалардың атқарылып жатқаны анық. Көксу ауданында қант қызылшасын өсіруде өзгеге үлгі болып отырған «Қайрат» шаруа қожалығының табысы мол. Былтыр 20 гектар жерге қант қызылшасын егіп, 1200 тонна өнім алса, биыл оның көлемін 60 гектарға жеткізіп, 2100 тонна қант қызылшасын алуды жоспарлап отыр. Ел экономикасын өркендетуге осындай деңгейде үлес қосып отырған шаруаның еңбеккерлігін жоғары бағалаған депутат олардың егіс алқабын аралап шықты. Жайқала өскен тәтті түбірдің мол өнімге кенелтетіні бірден байқалады. Мұндай жұмыс нәтижесіне ризашылығын білдірген депутат алдағы күндерінің табысты болуын тіледі.
Осылайша Серік Үмбетов бір күндік жұмыс сапарын қорытындылады. Соңында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, ниет біріккен жерде береке болатынын тағы да еске салды.
Қажет АНДАС