Тарих ақтаңдағы ашылмақ

Уақыты: 16.07.2016
Оқылды: 2053
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Туған жер тарихының көпшілікке белгісіз тұстарын бұрын да те­рең­­нен зерттеп, қа­зақ батырларының бірлігі мен теңдесі жоқ ерлігінің ай­насы атақ­ты «Орбұлақ шай­қасының» өт­кен жерін анықтап, оның 350 жыл­дық тойының республикалық дең­­гейде атап өтілуіне мол үлес қос­қан, Қазыбек Тауасар­ұлы­ның «Түп-тұқиян­нан өзіме шейін» ат­ты еңбегінің жарық көруіне мұ­рындық болған, басқа да осындай та­рихи, этно­графиялық жайларды жетесіне жеткізе жазып, қазақ та­ри­­хының ай­дынына өлшеусіз үлес қосып жүр­ген белгілі жазушы Бек­сұлтан Нұр­­жекеев ағамыздың соңғы кезде Шың­­ғысханның ұлты мен туған, билік құр­ған жерін анықтауға да білек сы­банып кірісіп кет­кенін көзі қа­ра­қты ағайын жақ­сы біледі. Жазу­шының бұл қаре­кетіне Қытай елінен келген тарихтанушы, жа­зушы қандасымыз Тілеуберді Әбенайұлы Тыны­байынның «Құпия шежіренің» «құ­пиясын» ашқаны ойтүрткі болған екен.

Жақында Ұлы қағанның ата­ме­кенін анықтауды мақ­сат еткен республикалық-танымдық экс­пе­диция Шың­ғысханның түпнұсқа қузауырында (шежіресінде) көр­се­тілген жер, су ат­та­рын нақ­ты­лап анықтай түсу үшін облы­сы­мыздың Кер­бұлақ, Панфилов ау­данда­рын аралап шықты. Об­лыс­тық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Ермек Келемсейіт бас­таған, құрамында Ма­рал Ысқақ­бай, Бексұлтан Нұржекеев, Қуа­нышбай Құрманғалиев, Наурыз Қылышбаев сынды белгілі жа­зушы-тарихшылар, Ұлт­тық ғы­лым ака­демиясының құр­метті ака­де­мигі Тілеу­бер­ді Әбенайұлы, «Қа­зақ әде­биеті» газетінің бас ре­­дак­торы Жұмабай Шаш­тай­ұлы, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін бар, жал­пы 18 адам­нан құралған зерт­теу­­­шілер сапарының соңғы кү­ні Жар­кент қаласына келіп, Пан­фи­лов ауданы әкімінің үлкен мәжіліс залында ғы­лыми-танымдық кон­фе­­рен­ция өткізді.

Осы басқосуда алғаш­қы бо­лып сөз тізгінін қолға алған бел­гілі жазушы Ма­рал Ысқақбай әң­гімесін бы­лай бастады:

– Үш күннен бері Ал­ма­ты об­лы­сының оңтүстік шы­ғысын­дағы екі ауданды ара­лап келеміз. Мақ­са­ты­мыз – еліміздің орта та­рих бе­дерінде жат пиғылдағы ел­дер билігінің әдейі бұр­ма­лауынан Шыңғыс қаған­ның ұлтын, туып-өскен, хан­­дық құрған жерін ша­тас­тырғанын анықтап, тарихи әділет орнату.

Тарихта Шыңғысхан би­лі­гіндей баянды, бақуатты им­перия оған дейін де, кейін де болған емес. Ұлы қаған ұрпақтары 300 жыл билік құрды. Әлемге импе­рия беделін мойындатып, Еуро-Азия құрлықтарында өз идео­ло­гия­сын жүргізді. Өкінішке орай, үш ға­сыр өмір сүрген империя ыды­ра­ған соң оның тари­хын, атақ-даңқын бүркемелеу, Шың­ғыс­ханның ұлты мен билік құрған же­рін шатас­тыру белең алды. Әсі­ресе, кеңес кезеңін­де түрік тектес ха­лықтардың ара­жігін алыс­татып, пантүркизм, панис­ла­­мизм деген айыптаушы же­леумен Шың­ғысхан қандас­та­рын бас кө­терт­кен жоқ.

Бұдан әрі жазушы баян­дама­сын­да Шыңғысхан ұр­пақтары құрған Алтын Орда билігінің Қазақ жерінде тір­­шілік жасағанын, оның айнала­сын­дағы мем­ле­кет­терге ерекше ықпалын тари­хи мысалдармен әрлеп, дә­лел­деп жеткізді.

Конференцияда ғалым Тілеуберді Әбенайұлы, жа­зу­шы-тарихшылар Наурыз Қылышбаев, Қуанышбай Құр­манғалиев, Жұмабай Шаш­тай­ұлы, Бексұлтан Нұр­же­кеев, Әміре Әрін, «Түр­кістан» газетінің тілшісі Ах­мет Өмірзақ сөз сөйлеп, өз­дері қа­тыс­қан танымдық экспедиция ба­ры­сында Ұлы қа­ғанның ұрпақтары жаз­­дырып қал­дырған «Шыңғыс­хан­ның қузауырында» айтылған жер, су, тау атауларының түгел дер­лік Же­тісу өлкесінде осы күнге дейін бұ­рынғы қалпында сақ­тал­ғанын нақты деректермен дәлелдеді.Түп шежі­ре­де жа­зылған қазіргі Кербұлақ ауда­ны аумағындағы Аралтөбе, Шұ­бар, Жекетау, Алтынемел, Жар­­кент өңіріндегі Бұрхан тау, Китің өзе­ні, Түрген тоғайы, Іле өзені, Ке­гендегі Саты, Іле ауда­нын­дағы Қап­­шағай сияқты жер, су, тау атау­лары осыдан 800 жыл бұрын жазылған шежіредегіден тым көп өзге­ріс­терге ұшыра­ма­ғаны анық­тал­ды. Қазіргі Моңғо­лияның ау­мағында мұндай нақты атау­лар жоқ. Ертедегі жергілікті ха­лық Іле өзенін Өнән (үлкен да­рия) деп атаса, жатжұрттық бұр­малаушы тарихшылар оны Моң­ғо­лиядағы Онын өзенімен шатас­тырған. Нақ шежіреде бұл өзен шығыстан батысқа қарай ағып жа­тыр деп көрсе­тілсе, Моңғо­лия­дағы Онын өзе­нінің бүгінгі күнге дейін ба­тыс­тан шығысқа қарай аға­тыны шын­дықты бұрмалау­шы­лардың өті­рігін айғақтап, абы­ройын ай­ран­дай төгетіні де ай­дан анық.

Басқосуда айтылған дерек­тер мен дәйектер Шыңғысхан тари­хына байланысты басқа да жай­лар­ды терең зерде­ле­ді. Осы кез­десуге арнайы ша­қы­рылған өңір­дегі кітап­ха­на­шы­лар, шежіре жи­нау­шы қа­рия­лар, тарих пәнінің мұғалім­дері қызықты әңгімеге екі с­а­ғаттан астам уақыт бойы сілті­дей тына ұйыған еді. Кон­фе­ренция соңында тарихи шын­дық пен шежіреден бейтарап қал­май­тын олар экспедиция мү­шелеріне ақ тілектері мен сауалдарын жау­дырды. Конфе­ренцияға қаты­су­шылар экс­педиция қорытынды­сы­мен бір­ауыз­дан келісіп, Шың­ғыс­хан­­ның туып-өскен жері Же­ті­су өл­­кесі, тегі түрік, оның ішін­де қа­зақ, іргелі тайпаның өкілі де­ген бай­лам жасады.

 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

 Жаркент қаласы.