ДОСТЫҚТЫҢ КИЕЛІ МЕКЕНІ

Уақыты: 01.05.2024
Оқылды: 417
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан – көптеген ұлттың басын бір шаңырақ астына біріктіріп отырған тұғырлы мекен. Бірлігі жарасқан, тұрмысы тату еліміз ежелден достықтың киелі мекені. 


Асыл дінімізде де ұлтаралық татулыққа байланысты тағылымға толы дүниелер айтылады. Алла Елшісі: (с.ғ.с.) «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб, араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан, тақуалығынан (адамгершілігінен) басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуалы (адамгершілігі мол) болғандарың» деп бар адамзат баласының тең құқыққа ие екендігін айтқан. 

Ислам сөзі – «амандық, есендік, мойынсұну, бағыну, берілу» ұғымын білдіреді. Яғни ислам амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аятта айтылады. Өйткені, Құран ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттайды. 

Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін бірнеше қағиданы ұстанады. Мәселен, өзгенің ақысын жемеу басты міндет. Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Аллаһ та оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты). Сонымен қатар, адам өмірінің бірқалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: «Анығында Аллаһ адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» (Нахыл-90).

Құран аяттары мен хадистен түсінгеніміз – бізді бөлініп ыдырамауға, тату болуға шақырады. Дана халқымыз: «Бірлігі күшті ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деп текке айтпаған. Татулық кез келген елді, халықты тек жақсылық пен ынтымаққа, келісімге жетелейді. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Алла халқымызға ынтымақ пен бірлік берсін!

Керімбек ДӘУІТОВ,
Жетісу облысының бас имамы