"Бюджет қаражаты уақтылы және тиімді игерілуі тиіс": Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді

Уақыты: 13.09.2024
Оқылды: 229
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданының тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы 7 айдың қорытындысы бойынша Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, Кербұлақ ауданын дамыту бағытында қабылданып жатқан шаралар мен алдағы жоспарлар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылғы кездесуде аудан тұрғындары көтерген 11 мәселе толық шешілді. Мысалы, Қызылжар ауылының көшелерін жарықтандыру жұмыстары аяқталды, Малайсары ауылында сумен жабдықтау желілері жөнделді және Көксай ауылында мектептің ағымдағы жөндеуі жүргізілді. Талдыбұлақ ауылында тұрғындардың өтініші бойынша дәрігерлік амбулаторияның, Шұбар ауылында блок-модульді мәдениет үйінің құрылыстары, ал Көксу ауылында ішкі жолдар орташа жөндеуі басталды.

Облыс әкімінің баяндамасын тыңдаған соң кездесуге келген тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, 20-дан астам адам тұрғын үй-коммуналдық сала, елді мекендерде әлеуметтік нысандар салу, интернет сапасын жақсарту, көше жарығын орнату, ауылдық жолдарды, көпір өткелдері мен суару каналдарын жөндеу мәселелері бойынша жүгінді. Сондай-ақ тұрғындар жүн өңдеу кәсіпорны мен астық сақтауға арналған заманауи элеватор салу қажеттігін айтты. Облыс әкімі барлық сұрақтарға жауап беріп, тиісті лауазымды тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.

Осы күні облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында негізінен тұрғын үй саласы, шаруашылықтарды қолдау, жолдарды жөндеу, елді мекендерді газдандыру, тұрғын үй құжаттарын ресімдеуде құқықтық көмек көрсету мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар Кербұлақ ауданына жұмыс сапары барысында Бейбіт Исабаев бірқатар нысандарды аралады. Алдымен Сарыөзек ауылындағы жаңа емхана ғимаратына барып, маңызды әлеуметтік нысан құрылысының сапасын көрді. Бұл емхана бір ауысымда 250 адам қабылдай алады. Емхана қазан айында пайдалануға беріледі. Қазір медициналық жабдықтары орнатылып, жиһаздары қойылуда, бітпеген ұсақ-түйек жұмыстары жасалуда. Мердігер ұйымның атқарған жұмысын оң бағалаған Бейбіт Исабаев барлық қажетті талаптарға сай келетін осындай заманауи мекемеде аудан халқы сапалы медициналық қызмет алатынына сенім білдірді.

Мұнан облыс әкімі Сарыөзектегі жаңа 60 пәтерлі тұрғын үйге барды, оның құрылысы да толық аяқталған. Көп ұзамай онда тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы отбасылар қоныстанатын болады. Әзірге мұнда қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтар үшін кіреберістерге көтергіштер орнату жұмысы ғана қалған. Бұдан бөлек, аудан орталығында тағы екі 60 пәтерлік үйдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сол үйлердің бірі – жалгерлік үй «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы есебінен салынып жатыр, ал екіншісі апатты үйлерде тұратын отбасыларды баспанамен қамту мақсатында тұрғызылуда. Екеуі де келесі жылы тапсырылады.

Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Бейбіт Исабаев аудан басшылығына тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың тапсырылу мерзімін, сол сияқты құрылысының сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

- Бірінші кезекте адал, ашық әрі нәтижелі жұмыс істеу керек. Бөлінетін бюджет қаражаты уақтылы және тиімді игерілуі тиіс. Сонда ғана халықтың сенімі артады, - деді облыс әкімі Б. Исабаев.

 

Редакциядан: тақырып өзгертіліп ұсынылды. Әуелгі материалмен танысу үшін гипер сілтемеге өтіңіз

 

 

Фотограф: Жеңіс Ысқабай