Жетісулық десантшылар гір көтеруден олжалы оралды

Уақыты: 13.09.2024
Оқылды: 214
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғандағы десанттық-шабуылдау әскерлері 18404 әскери бөлімінің әскери қызметшілері гір тасын көтеруден Қырғызстанда өткен әлем чемпионатынан олжалы оралды.

Жетісу гарнизоны баспасөз қызметінің мәліметінше, талдықорғандық десаншылар жақында Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткен әлем чемпионатында өрелі өнер көрсетті. Жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер арасындағы байрақты басекеге жалпы 500-ден астам спортшы қатысқан. 

Тартымды да тартысты өтіп көрермендердің делебесін қоздырған ақтық сында 68 келіге дейінгі салмақта  жетісуліқ кіші сержант Ержан Төлеубаев жеңіске жетіп, екі дүркін әлем чемпионы атанса, 85 келі салмақ дәрежесі бойынша үшінші орынға табан тіреген аймақтағы сержант Дастан Әблезовке қола жүлдені еншілеген.

Жүлделі оралған жеңімаздарды Талдықорған қаласында әскери әріптестері ерекше сән-салтанатпен қарсы алып,  қалыптасқан дәстүрге сай 18404 әскери бөлімінің командирі подполковник Алмас Төлегенов олардың иығына шапан жауып сый-құрмет көрсетті.   

– «Бұл жетістік Жетісу әскери бөлімдеріндегі барлық қызметшілер үшін үлкен мәртебе. Спортшылар тек осымен қана шектеліп қалмай 2025 жылы Грецияда өтетін жарыста топ жаруды көздеп отыр. Ол үшін әлі алда үлкен дайындықпен жаттығу қажет. Сондықтан да шабандоздарға әрдайым тілекшіміз»,–дейді  бөлім командирі.

 

                                                                               Айдын КӘЛІМХАН