БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ БАҚЫЛАУДА

Уақыты: 20.09.2024
Оқылды: 41
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс бойынша бағаны тұрақтандыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Тауар өндірушілермен көлемі 21 мың тоннадан асатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі  бойынша келісімшарт жасалған.


Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шеңберінде тұрақтандыру қорын қалыптастырып, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру ісі өз нәтижесін көрсетуде.  

– Бағаны тұрақты бақылауда ұстау үлкен мәселе. Тауар  өндірушілермен 8,5 млрд. теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалды. 19 түрлі тауардың ішінде  143,6 мың бөлке әлеуметтік нан, 402 тонна 1-сұрыпты ұн, 14 мың тоннадан астам қант, 668 тонна күріш, 19 тонна макарон өнімдері, 566 мың литр күнбағыс майы, 59 тонна қарақұмық, 4 тонна ас тұзы, 3 тонна тауық еті, 3 миллион дана 1-санатты жұмыртқа, 138 тонна сиыр еті, 185 тонна сүт және 4 мың 654 тонна көкөніс өнімдері бар, – дейді  «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамының әлеуметтік жобалар департаментінің директоры Бақтияр Сембеков.

Көрсетілген мерзімде кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несие беруге 8 млрд. теңге бөлінген. Бұл «Жетісу» ӘКК «ӨДИ» АҚ фермерлерден азық-түлік өнімдерін кейіннен нарық бағасынан төмен бағамен сату үшін белгіленген бағамен келісімшарт жасауға мүмкіндік берді.

– Биыл 32 гектар жерге картоп ектім. Өнім келісін 120 теңгеден сатамын. Өйткені көктемде «Жетісу» ӘКК «ӨДИ» АҚ-дан 0,01 пайызбен несие алдым. Мұның шарттары шаруалар үшін өте қолайлы. Себебі пайыздық мөлшерлемесі аз. Сондықтан бір айдың ішінде несиені толық жабуды жоспарлап отырмын, – дейді Көксу ауданындағы шаруа қожалығының жетекшісі Қизат Әбиров.

Шаруа қожалығын дамытып қана қоймай өңірге сапалы өнім ұсынып отырған диқан  Ескендір Жайлығұлов жеңілдетілген несие алып, сәбіз еккен. Көкөніс өсірумен айналысатын шаруа қожалығының меңгерушісі төрт жылдан бері әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, шаруашылық 10 гектардан 400-500 тонна сәбіз алады.

Жалпы, келісімшартқа отырған кәсіпорындардың ішінде Ақсу қант зауыты, жұмыртқа құс фабрикасы, сүт зауыты, наубайхана, бірқатар шаруа қожалығы мен мал бордақылау алаңы бар. Тұрақтандыру қорындағы жаңа маусымдық көкөністер қараша-сәуір айлары аралығында сатыла бастайды. Өнімдер әлеуметтік сауда нүктелері мен дүкендердің сөрелеріне қойылады. 

Облыс аумағында 5 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. «Жерұйық» коммуналдық базары мен «Көкбазар» сауда үйінің әлеуметтік сауда нүктелерінде халыққа төмен бағада өнім сатылады. Әлеуметтік дүкендерде сатылатын тауарлардың бағасы нарық бағасынан орта есеппен 10-15 пайызға төмен. Мысалы, бүгінде дүкен сөрелерінде 1-санаттағы жұмыртқаның құны 460 теңгеден, күнбағыс майының литрі 510 теңге болса, күріштің келісі 340 теңге,  1-сортты бидай ұнының келісі 180 теңге, ал ас тұзы 60 теңгеден аспайды. Картоп 190, пияз 110, сәбіз 160 теңгеден сатылуда.

Еңлік КЕНЕБАЙ