"ЖЕТІСУ" - ЖАН АЗЫҒЫ

Уақыты: 03.05.2018
Оқылды: 1802
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік. Облыстық  «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдығына орай оқырмандармен кездесу өткізгенде басылымның өміршеңдігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Газеттің тарихы жайлы бізден бұрын оқырмандар  жан-жақты айтып жатты. Көзі қарақты жазылушыларымыз газет-журналдың қоғамдағы орнының маңыздылығын сөз етті.

 

    Ақсу ауданындағы жүздесуді аудан әкімі Әділбек Далбағаев ашып, жүргізді. Ол қос газеттің қоғамдық-саяси мәселелерді жазудағы ерекшелігіне, облыста атқарылып жатқан іс-шараларды халыққа анық та жедел жеткізудегі  артықшылығына тоқталды.  Оқырмандармен кездесуге   «Огни Алатау»  газеті бас редакторының орынбасары  Виталий Пекельник, «Жетісу» газетінің тілшісі Гүлжан Тұрсын  барды.  Алғашқы сөзді  «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Виталий Яковлевич алып, басылымның тарихынан сыр шертті.  Ол өзімен бірге газеттің алғашқы сандарын  ала барыпты. 1918 жылғы 8 наурызда «Заря свободы» газетінің алғашқы саны  жарыққа шығады. Содан бері жарияланған мақалалар халықты еңбекке үндеп, әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған.  Газет ол кезде Жетісу облыстық революциялық кеңестің органы болған.  Алғашқы редактор – Рудольф  Маречек.  Сол жылдардан бері басылым елдегі, облыстағы қоғамдық-саяси жағдайды үзбей жариялап келеді.  Басылымның сапалы шығуына ерекше мән берілгені сарғайған беттердің әлі күнге  жыртылмағандығынан аңғарылады. Басылым 1968 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған еді. Ал 2007 жылы Қазақстан Журналистер академиясының  «Алтын жұлдыз» жүлдесін иеленді.
Бұдан кейінгі сөзді «Жетісу» газетінің тілшісі Гүлжан Тұрсын алды.
– Біз «Жетісу» газетінің ұжымы басылымда Алаш арыстарының қолтаңбасының қалғандығымен мақтанамыз. Әсіресе, ұлт зиялыларының басылымға ерекше атсалысқаны  жиырмасыншы жылдардың басында байқалды. 1922 жылы газет «Тілші» деп аталады. «Тілші» газетіндегі мақалалардан нағыз қаламгерлердің сөз саптауы байқалады.  Осы жылдары газет стилі жақсарып, сөйлемдер ретке келтірілген. Жалаң ұран,  қажетсіз ақпараттар азайған. Басылым «Тілші» аталған жылдары ұлттың рухын көтеруге күш салады. Сәкен Сейфуллиннің,   Ораз Жандосовтың халықтың көкірек көзін ашуға бағытталған мақалалары жарық көреді.  Құлагер ақын Ілияс Жансүгіров өзінің мақалаларын жарияланымда «Тана баласы» деген лақап атпен жариялады  деген тұжырым бар. Мағжан Жұмабаев шығармаларын  Мағажан деген бүркеншік атпен жарияланғандығы жайлы дерек бар.  Себебі, осындай лақап аттағы мақалалар шын автордың сөйлеу мәнерін байқатып тұрады. Яғни, қайраткерлердің халықтың көзін ашып, жоғын түгендесем деген ой-арманы шығарманың бойынан сезіледі. Саяси жағдайларға байланысты ұлтымыздың ұлылары мақалаларын бүркеншік атпен жазған. Олар өз мақалаларында халықтың жоғын жоқтаған. Елді намысқойлыққа, ешкімге есесін жібермеуге шақырған. Әр мақаланың түп-тамырында тәуелсіздікке қол  жеткізу жайлы ой жатқан. Бодандықтан шығып, ел мен жердің иесі болуға шақырған. Ғасыр жасаған  абыз басылымның бағыты әлі  сол қалпында. Бүгінде газетіміздегі «Ұлт ұяты» беті, «Елдің жайы», «Ұрпақ үні»,  «Ұлт мақтанышы», «Тіл – тірегің» айдарлары аясында жазылатын мақалалар соның айғағы.  Мемлекеттік бағдарламалар халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы үшін құрылған.  Газетімізде мемлекеттің алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру, осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар жайы  жүйелі беріліп тұрады.  Біз барлық жастағы оқырмандарымыз үшін айдарлар ашқанбыз. Мақаланы балабақшадағы бүлдіршін мен қазыналы қарттарымыздың сұранысына сай жазуға тырысамыз.  Әр журналист өз жобасы бойынша айына бір рет тұрақты айдармен зерттеу мақала дайындайды.  Айына бір рет газет ішінен  «Ардагер» атты  қосымша газет шығады. Онда өмірден өткен, бүгінде қоғамда басқаға үлгі болып жүрген ата-апалар жайлы жазамыз. Олардың өнегелі өмірін үлгі етеміз. «Жас келсе – іске» демекші, редакцияға жас тілшілер алынды. Олардың шығармашылығымен өздеріңіз де танысып жатырсыздар.  Болашақта да оқырмандарымыздың көңілінен шығу барысында  тұшымды мақалалар жазамыз, – деген тілші сөзінен кейін марапаттау шарасы жалғасты.  Газет өкілдері басылымға өздерінің мақалаларын тұрақты жазып жүрген байырғы оқырмандарға сый-сияпат ала барды.
   Кездесуде ата басылымның 100 жылдығына құтты болсын айтқандар да болды. Еңбек ардагерлері Күләтай Ермұханбетова, Сайлаубек Алдабергенов, Аманкелді Айтбаевтар кезекпен шығып, 100 жасаған басылымға тілектерін айтты.

Сайлаубек АЛДАБЕРГЕНОВ,
Жансүгіров ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Біз қазыналы қарттың жасына келген қос басылымды мерейтойымен құттықтаймыз. Қоғамды тәрбиелеуде газеттің орны бөлек.  Бала кезімізден «Жетісу» газетін оқып өстік.  Бағытымызды осындағы ойлы мақалалар арқылы анықтадық  десем артық айтпаған болар едім.  Ұлт тәрбиелеудегі ұстанымдарыңыз ұнайды. Жақсылыққа үндеп отырасыздар. Бүгінге дейін жарияланымды үзбей жаздырып аламын. Тәлімді мақалаларды бала-шағама оқытамын. Алдағы уақытта да ата басылымнан қол үзбеймін. Дәрменім барда «Жетісуды» алдырып тұрамын. Ал газет ұжымына мерейтойларыңыз құтты болсын, оқырмандарды  тұшымды мақалалармен қуанта беріңіздер демекпін.


Г.  Мұқашқызы
                                                        Ақсу ауданы