НЕВЕЛЬ ҚАҺАРМАНДАРЫ

Уақыты: 05.05.2018
Оқылды: 2312
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

    Биыл Ресейдің Псков губерниясының фашистік Германия басқыншыларынан азат етілгеніне 75 жыл толып отыр. Қан кешкен  сұрапыл майданда мыңдаған адам көз жұмып, мыңдаған жан із-түзсіз жоғалды. Тірі қалған жауынгерлер соғыстан кейін бейбіт өмірдің іргетасын қаласты. Екінші дүниежүзілік соғысқа Псков жерінде қатысып, ажалын тапқан қазақстандықтар аз болмаған. Олардың ішінде «Шығыстың қос жұлдызы» атанған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар.

 

    Кеңес одағының қос батыры осыжерде ерлікпен қаза тапқан. Атақты мерген Әлия Молдағұлова 1944 жылы          14 қаңтарда Новосокольники ауданындағы Казачихи деревнясын жаудан азат ету кезінде ерлікпен жан қиса, Мәншүк Мәметова Невель қаласы үшін болған ұрыста Изочи стансысы түбінде қаптаған жауға пулеметпен тойтарыс беріп, 70 шақты дұшпанның көзін жойып, өзі де ерлікпен мерт болды. Қаһарман Мәншүкпен бір шепте соғысқан сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов те нысанаға алғанын құр жібермей жаудың 14-ін оққа ұшыра жүріп, қаза тапқан. Мәншүк Мәметова мен Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылдың 15 қазанында ерлікпен көз жұмды. Ерен ерлігі үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, Ыбырайым Сүлейменов Ленин орденімен марапатталады. Ержүрек батырлар Алматыда жасақталған әйгілі 100-ші қазақ ұлттық бригадасы құрамында майданға бірге аттанып, бір күнде ерлікпен қаза болған.
   Мәскеуге бет алған фашистік Германия армиясының үштен бір бөлігі Великие Луки, Невель, Псков бағытында жүргізген ұрыс қимылдары кезінде Алматыда жасақталған 100-ші, Ақтөбеден аттанған 101-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасы жауға қарсы тұрып, жанкешті ерлікпен шайқасады. Алғашқы «Марс» операциясы» деп аталатын екі апталық ұрыс кезінде кеңес әскері 75-80 пайызынан айырылғанымен жаудың жойқын күшіне төтеп береді. «Ржев плацдармы» аталып кеткен қанды шайқаста да екі жақтан шығын көп болып, Кеңес армиясы жау қолында қалған қаланы азат етеді. 100-ші бригада Великие Луки бағында, 101-ші бригада Белоруссия бағытында ұрысқа кіреді. Невель қаласы үшін болған Калинин майданында 100-ші атқыштар бригадасы командирінің орынбасары, кейін 101-ші атқыштар бригадасының командирінің орынбасары, атақты полковник Әбілқайыр Баймолдин жетекшілік етіп, қаланы жаудан тазартады. Сөйтіп, азат етілген Невель қаласына бірінші әскери комендант болып, Әбілқайыр Баймолдин тағайындалады. Ұрыс майданы қала сыртында жалғасып, жаумен болған айқас ауыр жағдайда өтеді. 1944 жылдың 4 қаңтарда Старосемя деревнясы маңындағы биік төбе үшін болған шайқаста полковник Әбілқайыр Баймолдин ерлікпен қаза табады. Алайда даңқты қолбасшы қаза болғаннан кейін ерен ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылғанымен атақ бұйырмайды. Соған қарамастан Әбілқайыр Баймолдин әскери қайраткер, Жоғары офицерлік атты әскер мектебі мен Мәскеудің әскери академиясын бітірген полковник ретінде ел есінде қалды. Ол оған дейін Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Чкалов (қазіргі Орынбор) қаласында полк командирі, комиссар болып, ерлігімен көзге түскен. Сол үшін екі мәрте Қызыл Ту және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.
   Невель қаласын жаудан азат етуде асқан ерлік көрсеткені үшін қазақстандық үш батыр – аға сержант Мәншүк Мәметова мен атты әскердің даңқты қолбасшысы, полковник Әбілқайыр Баймолдин және сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов бір жерге жерленіп, белгі қойылған. Соғыс біткеннен кейін үшеуінің есімі қала көшелеріне беріліп, шаһар орталығына Мәншүк Мәметованың ескерткіші қойылды.
   Тарихта қанды қырғын есебінде қалған Невель қаласын жаудан азат етуге Райымбек ауданынан қатысқандар да аз болмаған. Солардың бірі республикаға белгілі журналист-жазушы Әлнұр Мейірбеков. Майдангер 1941 жылы 14 желтоқсанда Нарынқол ауданынан Әбдіхалық Ысқақов, Әшімбай  Алакөзов, Айдарбек Рысбеков, Құрманәлі Өксімбаев, Қырғызәлі Бейбітов, Әбдіқадыр Асановтармен бірге соғысқа аттанып, Алматыда жасақталған әйгілі 100-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасының құрамында 1942 жылы 25 қарашада Калинин облысының Молодойтут ауданы орталығындағы ұрысқа қатысады. Жау басып алған тоғыз жолдың торабына орналасқан стратегиялық маңызы бар Великие Луки қаласын босату үшін болған жойқын ұрыстың қайнаған ортасында жүреді. Соғыстың қиын жағдайын басынан өткерген Әлнұр Мейірбеков ержүрек жауынгер екендігін көрсеткен. Бұл туралы 100-ші бригада құрамындағы командирдің бірі, белгілі журналист-жазушы Қасым Шәріповтың «Қаруластар» атты кітабында баяндалады. Ондағы: «Қызыл әскер Әлнұр Мейірбеков жараланғанына қарамастан зеңбірегінің жанынан кетпей, дәл көздеп, алда келе жатқан танкті қиратты. Жалыны аспанға шапшып танк тұрып қалды. Тоғыз жерден жараланса да Мейірбеков ата берді. Оның оғынан немістердің тағы бір танкісі  жанып кетті» – деп сипаттауы нағыз ерлік. Белгілі академик, 100-ші бригаданың комиссары болған Сақтаған Бәйішев 1975 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай «Мәдениет және тұрмыс» журналының наурыз айындағы санына жазған Әлнұр Мейірбеков пен серіктерінің ерлігі жайлы «Жүзіншінің жолы» атты мақаласында: «Қатардағы зеңбірекшілер Бимұрзин, Ерназаров, Мейірбеков, Байсейітов және басқалар барынша батырлықтарын байқатты. Великие Лукидегі гарнизонды босатпақ болып шабуылға шыққан неміс әскерлеріне туралап атылған снарядтарымен 1943 жылдың алғашқы күндерінде болған қатал ұрыстарда әлденеше неміс танктері мен артиллериялық қаруларын, жүздеген неміс солдаттарын тас-талқан етті» – деп майдангердің нағыз батыр екендігін айтады. Осы шайқаста ауыр жараланып, төрт айдан астам госпитальда жатқан Әлнұрға төрт рет операция жасалған. Жарақатынан жазылған жауынгер 1944 жылы Калинин майданына қайта кіріп, сұрапыл шайқастың бірінде аяғынан тиген оқтан ауыр жараланады. Жеті айдай госпитальда жатып, елге оралған Әлнұр Мейірбеков аудандық «Советтік шекара» газетінде ұзақ жылдар бойы редактор болып қызмет істейді. Талай таланттың қолтығынан демеп, ақыл-кеңесін берген майдангер-журналист ақиық ақын Мұқағали Мақатаев шығармашылығына қолдау көрсетсе, белгілі ақын Еркін Ібітанов батыр ағаның ыстық алақанынан жылу алған. Жастарға қамқоршы, тәлімгер болған қарт-майдангерді шәкірттері мақтанышпен еске алады.
Нарынқолдық тағы бір майдангер
    Шоғанбай Мұсаев та Невель қаласын азат ету ұрысына қатысып, қан майданнан аман шыққан ардагердің бірі. Ол өз естелігінде: «Калинин маңында соғысып жатқан 154 дивизия, 457 полктың 2 батальонына қарасты танкіге қарсы ататын ПТР взводына командир болдым. Жау қолында қалған Ржев, Великие Луки, Невель және Псковты босату кеңес әскеріне оңайға түскен жоқ. Жан беріскен ұрыста талай жауынгер мерт болып, із-түзсіз жоғалғандар қаншама?! Бірақ біздің жеңіске деген үмітіміз басым болды. Жауға қарсы аянбай күрестік. 1943 жылы қаңтар айында 128 танк дивизиясы құрамындағы взвод командирі ретінде Курск доғасын, Харьков, Воронеж қаласын азат етуге бағытталған шайқасқа қатыстым. Сол бір жойқын соғыста ауыр жараланып, контузияға ұшырап, әскери госпитальдан бірақ шықтым. Қорғаныс министрінің бұйрығымен елге оралдым» – депті. Майданда взвод командирі, кіші лейтенант болған Шоғанбек Мұсаев майдандағы ерлігі үшін Отан соғысының 1 дәрежелі орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен елге оралып, бейбіт өмірге араласады. Көп жыл ұстаздық жасап, мектеп директоры қызметін атқарған. Білімді шәкірт тәрбиелеуде зор еңбек етіп, ұлағатты ұстаз атанған.
Сұрапыл соғыстың ауыр болған жері
    Ржев-Сычев пен Великие Луки бағытындағы Невель, Полоцк Двинада болған ұрыстар тарихта белгілі болғанымен біз біле бермейтін құпия жайттар мен майданда хабар-ошарсыз кеткендер туралы мәліметтер әлі де бар. Соның бірі нарынқолдық Асанғазы Темірбеков. Жасы 17-ге толып, 10-сынып оқып жүргенде майданға өзі сұранған ол 1942 жылы қаңтар айында «Социалистік қазақстандық» төрт жігіт Қасымхан Үмбетов, Сапарбек Жайшыбеков, Мұқаметжан Ахметовпен бірге соғысқа аттанады. Алматыдан шыққаннан кейін Түркменстанның Красноводск қаласында минометшілер дайындайтын оқу-жаттығу полигонында кіші командирлер даярлайтын шұғыл мектепте оқыған Асанғазы Темірбеков сержант дәрежесімен 1942 жылы тамызда майданға кіреді. 1943 жылдың қаңтар айына дейін 32-ші атқыштар дивизиясының 17-ші атқыштар полкінде №3-ші минометшілер ротасын басқарып, Калинин майданында, Великие Луки бағытында шайқасқан ол үйіне үзбей хат жазып тұрған. Бір хатында: «Неміс фашистеріне минометпен ас беріп жатырмыз» – деп жазыпты. Соңғы хатын 1943 жылдың 15 қазанында жазыпты. Онда: «Невель қаласын азат еттік, енді алда үлкен шайқас тұр, содан аман шықсам хат жазамын» – деген. Осыдан соң хабар-ошарсыз кеткен. Соғыс біткен 1945 жылдың маусым айында Асанғазының жоғалып кеткендігі туралы КСРО Қорғаныс министрлігінен қағаз келген. Сонда да  ата-анасы ұлдарын күтумен үмітін үзбей тосады. Хабарсыз кетсе де бір дерек табылар деген ниетпен ата-анасы және бауырлары Құдайберген, Болат, қарындасы, Ресей Федерациясына еңбегі сіңген ғалым Сұлухан Темірбеков іздеуін жылдар бойы тоқтатпай, КСРО Қорғаныс министрлігіне, Ленинградтағы, Подольскідегі және Татарстандағы архивтерге талай рет сұрау салады. Сол ізденістің нәтижесі Асанғазының қай жерде соғысқаны туралы деректер табылады. Соның бірі Асанғазы 1942 жылдың тамыз айынан 1943 жылдың қаңтар айына дейін генерал Чистяков басқарған 6-шы екпінді гвардиялық армияның    21-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының59-шы гвардиялық атқыштар полкіне қарасты минометшілер ротасына командир болып, жаумен шайқасып, екі рет жараланғанын анықтады. КСРО Қорғаныс министрінің Орталық архивінен келген бір хатта: «...награждаю медалью «За отвагу» командира 3-й минометной роты, сержанта Темирбекова Асангазы за то, что он за период с 25.11. по 9.12.43. уничтожил 16 вражеских солдат». Основание приказ 128705-10Л. Ч. Сообщаем сержант Темирбеков Асангазы 1922  года рождения выбыл по ранению 23 января 1943 год. Приказ №126.21 гвардейскую стрелковую дивизию обслуживал 492 медсанбат, документов которого за 1943 год на хранения в Центральном архиве Министрство обороны нет» – деген жауап келген. Подольскі мұрағатынан келген анық-
    тамада Асанғазы Темірбеков Невель қаласынан 24 шақырым жердегі Тетерино, Видусово, Турки-Перевоз елді мекеніндегі әскери стратегиялық маңызы бар теміржол бойын босату үшін қырғын соғысқа қатысқаны айтылған. Қанды майданда 5000-ға жуық кеңес жауынгері қаза тауып, Асанғазы Темірбеков те сол ұрыста мерт болған. Сұрапыл соғыстың қазасын Кеңес өкіметінің басшылары жасырып, халыққа «хабарсыз кетті» деп жалған ат тағып, жасырғаны көп жыл өткеннен кейін ашылды. Хабарсыз кеткен Асанғазы Темірбековті іздеген туысқандары 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі қарсаңында Турки-Перевоздағы 5000-ға жуық хабар-ошарсыз кеткен бауырластар зиратынан тапқан. Зиратқа қойылған 12 адамның фамилиясы мен аты-жөні жазылған тақтада он бірінші болып, «Сержант Темірбеков Асанғазы – 05.ХІ.1943» деген жазуды оқып, анықтапты. 65 жыл бойы хабарсыз кеткен Асанғазы    Темірбековті туған-туысқандары оның зиратынан топырақ әкеліп, туған ауылы Қарасазға қойса, өзі оқыған мектепке ескерткіш тақта орнатып құрметтеді. Сонымен қатар, жауынгердің туысқандары 2012 жылы Ұлы Жеңістің 67 жылдығында Псков облысы Невель ауданындағы Турки-Перевоз стансысындағы бауырластар зиратында Асанғазы Темірбековпен бірге жерленген 20 боздаққа арнап, ескерткіш белгі орнатқан. Бұл Отан үшін ерлікпен қаза тапқандарға жасалған құрмет.
    Невель жеріндегі қанды қырғында мерт болып, Отан үшін жан қиған жауынгерлердің ерлігі жас ұрпаққа үлгі болары анық. Біздің жастарда Екінші дүниежүзілік соғыста көзсіз ерлікпен қаза тапқан қазақстандықтардың ерлігін біліп жүргені абзал. Невель қаласында қазақ батырларына ескерткіш қойылып, есімдері көшелерге берілуі Отанды сүюге жасалған тағзым.

Жексен АЛПАРТЕГІ
Алматы қаласы