ӨРЕНДЕР САП ТҮЗЕДІ

Уақыты: 05.05.2018
Оқылды: 1044
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Ел ертеңі дейтін жасөспірімдерді жоғары біліммен қамтамасыз етіп, олардың бойына қажыр-қайрат, ерік-жігер, төзімділік пен жоғары мәдениеттілікті, сондай-ақ, патриотизмді қалыптастыруды мақсат еткен «Арыстан» мамандандырылған лицейінде бүгінде 240 шәкірт білім алуда. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, қайырымдылық негізінде білім алып жатқан жасөспірімдерге толыққанды жағдай жасалған.

 

    Құрылғанына жеті жыл толған «Арыстан» лицейіндегі ең маңызды мерекенің бірі – Лицей күні. Дәстүрге айналған салтанатты шарада 9-сынып оқушылары өз Отанына және білім мен тәрбие беріп жатқан ұстаздарына адалдық антын берді. Жас білімгерлер асыға күткен мерекеге «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» қоғамдық қорының басшылығы, ҚР Қарулы Күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов, Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сатбаев, ҚБТУ ректоры Кенжебек Ибрашев қатысты.
   Лицей арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарды оқытып, тәрбиелеудің қара шаңырағына айналған. Қонақтар антқа адалдық танытқан, оқуға ынталы, білімге құштар жасөспірімдерді қуанышты күндерімен құттықтай келе, келешектерінің жарқын, мерейлерінің үстем болуына тілектестіктерін білдірді. Ал ата-аналары болса аз уақыттың ішінде әскери тәртіптің талабына сай сап түзеген ұлдарының жетістігіне қуанып, ақ жол тіледі.
Білім ордасы ашылған 7 жылдың ішінде лицей түлектері 5 рет үлкен өмірге қанат қақты. Түлектердің біразы АҚШ, Түркия, Қытай, Беларусь, Украина, Ресей мемлекеттерінен өздерінің ізбасарларына арнайы бейнеқұттықтау жолдады.
   Бұдан әрі салтанатты шара лицей көркемөнерпаздарының әсем әні мен мың бұралған биіне ұласты. Концерттік бағдарламада Алматы қаласындағы А. Жұбанов атындағы музыка мектебінің күйшілерімен, сондай-ақ, Алматы хореографиялық училищесінің бишілерімен бірлесе дайындаған Құрманғазының күйі «Адай» мен «Мектеп вальсі» жүректерді толқытты. Мерекенің мән-мазмұнын арттырған басқа да композициялық нөмірлерді дайындауда алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, запастағы полковник В. Хаеттың еңбегін айрықша айта кетуіміз керек.
   Лицей оқытушысы В. Небылицаның жетекшілігімен лицейдің Құрметті қарауыл взводы карабинмен саптық тәсілдерді орындады. Мереке соңы «Арыстан» мамандандырылған лицей оқушыларының толық құрамының салтанатты шеруіне ұласты.
   Салтанатты шеру құрамында осы жылғы облыстық және республикалық ғылыми жобалардың жеңімпаздары Өскенбаев, Тұтыбаев, Бахтияров, Тарабанов, Тешебаев, Байжігіт, Сингаевский, Дәулетов және «Сардар» респбуликалық кешенді олимпиадасында топ жарған бірқатар озаттар болды. Тәуелсіздігімізді қорғап, Отанға адал қызмет етуге даяр екендігіне ант берген айтулы шара жас лицеистердің жүрегіне жігер мен шаттық ұялатты.

Ұлбосын ИСАБЕК.