ЕЛ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ

Уақыты: 12.05.2018
Оқылды: 1130
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

    Әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі Біріккен Ұлттар Ұйымының тікелей бақылауында болады. Сондай-ақ, екі немесе одан да көп елмен келісім бойынша қамтамасыз етілуі де мүмкін. Ал ұлттық немесе аймақтық азық-түлік қауіпсіздігі жергілікті үкіметпен бақыланып, қамтамасыз етіледі. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету өткендегі, ағымдағы, алдағы және болжамдалатын кезең болып бірнеше топқа бөлінеді. Олардың өзара айырмашылығы мен біртұтастығы бар.

 

   Айталық, өткен кезең азық-түлік қауіпсіздігінің қалыптасуы мен заңдылығын талдау үшін және сол бойынша мәселені шешудің жолдарын қабылдауда қолданылады. Ағымдағы кезең тұрғындарды ағымдағы жылға қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етудің жолдарын қарастырады. Алдағы ке-зең халыққа қажетті азық-түліктің көлемін келесі екі-үш жылға жоспарлайды. Ал болжамдалатын кезең қажетті азық-түлік көлемін түрлі әдіс арқылы анағұрлым ұзақ мерзімге есептеуді меңзейді. Әлем елдеріндегі жағдайды бақылап, жақын және алыс шетелдік азық-түлік нарығының жағдайын біліп, мұқтаж елдерге гуманитарлық көмек көрсету көлемі мен азық-түлік резервтеріне талдау жасауды көрсетеді. 
   Азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі нышанының бірі – азық-түлік түрінің сандық бағалануы. Ол масса, дана, гектолитр, шартты белгі, тағы басқамен өлшенеді. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігінің отандық түрімен қамтамасыз етілу деңгейі де маңызды орында тұрады. Табиғи-климаттық шартқа байланысты түрлі мемлекет өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бір-бірінен өзгешеленіп тұрады. Қарызға алынған азық-түлік жергілікті азық-түлік нарығын басқа өңірлерден толықтыруды қарастырады. Бұл толығымен импортқа тәуелді болады.
   Елдің азық-түлік қауіпсіздігінің жағдайы көрсеткіштердің түрімен де бағаланады. Бастапқы кезеңде көрсеткіш жан басына шаққандағы орташа табыс, астықтың ауыспалы қосалқы қоры, импорттың үлесі сияқтыларды қамтыса, қазіргі уақытта оның ауқымы анағұрлым кеңейтілді және күрделене түсті. А. Корбуттың талдауына сүйенсек,  азық-түлік қауіпсіздігінің көрсеткіші елдің түрлі аймағында бірдей тауарға деген бөлшек сауда бағасының деңгейін салыстыру арқылы өлшенеді. Екіншіден, азық-түліктің «қолайлылығының» көрсеткіші, яғни тұтынудағы заманауи өнімдердің үлесі де маңызды орында тұрады.  Сондай-ақ, азық-түлік «табиғилығының» және сапалылығының деңгейі де қарастырылады. Өнімдердің, соның ішінде генді инженерия және биотехнология әдістерінің көмегімен алынған өнімнің денсаулық жағдайы мен өмір сүру ұзақтығына әсері ескеріледі.
   А. Корбуттың азық-түлік қауіпсіздігі туралы теориясы мен тәжірибесін зерттей келе А. Михайлов та өзінің ұстанымын ұсынды. Оның пайымдауынша, біріншіден, агроөнеркәсіптік кешені, балық және орман шаруашылығының даму тұрақтылығы, ол азық-түліктік қорларды ұлғайту үшін мүмкіндік береді. Екіншіден, ғылыми жетістіктің жоғары деңгейі – техникалық және технологиялық жабдықталуды жоғарылатуда, мал және өсімдік шаруашылығының тектік қорын жақсартуда септігін тигізеді. Үшіншіден, топырақтың құнарлылығын сақтау мен оны жақсарту, өнімділікті арттыруды қамтамасыз ететін табиғатты қорғау және қайта қалпына келтіру саясаты мен тәжірибесі де осы саладағы жұмысты ілгерілетеді. Өйткені, азық-түлік қауіпсіздігінің көрсеткіші сандық-сапалық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен сипатталады. Бұл ретте азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейі табиғи-климаттық шарттарға, ұлттық-этникалық салт-дәстүрге, сала кәсіпорындарының қаржы-экономикалық жағдайының ерекшеліктері мен халықтың табыс деңгейіндегі айырмашылыққа байланысты болып келетінін де ескерген жөн.
   Азық-түлік қауіпсіздігін бағалаудың әлемдік тәжірибеде қолданылатын көрсеткіштері көп. Алайда, С. Бекенов ұсынған шарттар орындалса, көптеген түйткілдің түйінін тарқатуға болады. Оның пайымдауынша, тұрғындар отандық азық-түлік өнімімен 85%-дан кем емес көлемде қамтамасыз етілуі және бұл өнімдер экологиялық таза, денсаулыққа пайдалы болуы керек. Аталған өнімдердің бағасы қолжетімді, азық-түліктің стратегиялық қорлары төтенше жағдай туындаған кезде елді тұрақты қамтамасыз ете алатын болғаны жөн. Сондай-ақ, өндірістік күштер азық-түлік өнімін өндіруді ұлғайтып, отандық ғылыми-техникалық базаны дамытып отыруы керек.  Өз кезегінде    Н. Оглуздин елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сипаттау үшін бағалаудың мектептегі бес балдық жүйесін қолдануды ұсынады. Бағалау шарттарына азық-түлік өнімдерін өндіруші салалардың жағдайы, өніммен тұрғындардың қамтамасыз етілуі және қолжетімділігі, стратегиялық қорларды арттыру мүмкіндігі мен көлемі, өндірістік және ғылыми-техникалық базаның жағдайы, қоршаған ортаны сақтау және оны жақсарту мүмкіндіктерін енгізуді ұсынып отыр. 
   Оның ойынша, ең алдымен, тұрғындар жынысы, жасы, еңбек және табиғи-климаттық шарттары мен ұлттық дәстүрлерді ескере отырып өндірілген отандық, экологиялық таза және денсаулыққа пайдалы өніммен қамтамасыз етілуі керек. Осыдан кейін баға қолжетімді болу керек және көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлердің жағдайы ескерілгені жөн. Тіпті, төтенше жағдай, соғыс немесе басқа да апат туындап, азық-түліктің стратегиялық қорлары құрылған жағдайда бес жылдан кем емес уақытта ашаршылыққа жол бермеуге мүмкіндік жасайтын амалдар қарастырылуы керек. Мысалы, АҚШ-та аталған мерзімге астық қоры құрылса, Швейцарияда азық-түлік қоры сақталған. Осы тұста елдің аргроөнеркәсіптік және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесімен айналысатын экономист-ғалымдар ұсынған шарттарды да айта кеткен жөн. Олар азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз ету, негізгі азық-түлік тағамдары мен сауда-саттық балансы, импорттық квота, тағамдардың тұтынылу дәрежесін ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді алға тартады. Ресейлік ғалым А. Гордеевтің ойынша азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін анықтау халықтың сатып алу қабілетімен және тұтынушылық нарықтың қанығуымен тікелей байланысты болады. Оның 2016 жылғы «Әлемдегі азық-түліктік қауіпсіздіктің жоқтығына байланысты жағдай: Азық-түліктік қауіпсіздіктің көптүрлі көрінісі» атты баяндамасында азық-түлік қауіпсіздігін жақсартудың бірнеше жүйесі ұсынылып, онда  азық-түліктің молдығы, қолжетімділігі, тұрақтылығы, тұтыну мәселесі жан-жақтылы көрсетілген. 
   Біз жоғарыда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шетелдік тәжірибелерімен танысып шықтық. Әрине, оның ел өмірін, тұрғындар жағдайын дұрыстау үшін ересен үлесі бар. Ендігі ретте азық-түлік қауіпсіздігін бағалаудың қазақстандық тәжірибесіне де тоқтала кеткенді жөн көрдік.  Айталық, елімізде азық-түлік өнімінің 80-85%-ы отандық өндірушілер тарапынан өндіріледі. Тамақтанудың рационалды құрылымын қамтамасыз ету және физиологиялық нормаларға сәйкес халықтың қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандырады. Азық-түлік тағамдарының сапасы техникалық регламенттерге сәйкес келуі жиі қадағаланады. Қайта қалпына келтірілетін тағамдарды тұтынудың жылдық мөлшерін 25% көлемінде сақтап отырады. Астықты жан басына шаққанда бір тоннадан кем емес көлемде өндіру көзделеді. Ел ішінде шығарылмайтын немесе жеткілікті емес көлемде шығарылатын азық-түлік тағамдарына деген қажеттілікті импорт есебінен толықтырып отыруға баса мән беріледі. 
   Қазіргі таңда дүниежүзілік экономикалық саясаттың негізгі бір мәселесіне айналған азық-түлік қауіпсіздігінің айналасындағы сұрақтарды ертеңгі күнге қалдырмай-ақ шешіп алғанымыз абзал. Отандастарымыздың басым бөлігі еңбекақысының 50 пайызын тамаққа жұмсайды екен. Тапқан табысының тең жартысын тамаққа жұмсаса, халықтың мәдени-тұрмыстық және әлеуметтік қажеттіліктері қалайша өз дәрежесінде қамтылмақ?! Сондықтан да елдегі азық-түлік бағасының тұрақты әрі барынша төмен болуы қоғам үшін айтарлықтай маңызды. Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін бақылауда ұстау үшін өндірілетін өнім көлемі 80 пайыздық межені бағындыруы керек. Ғалымдардың айтуынша, азық-түліктің 25 пайызы сырттан алынса, оған бақылау жасау қиындап, қауіпсіздігінен айырылады. Ал Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне жүгінсек, еліміз ет пен сүттің, көкөністің 25 пайыздан артық мөлшерін сырттан алады екен. Демек, бүгінде елдегі ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі туралы сөз қозғаудың өзі ұят. Азық-түлік тапшылығы белең ала бастаған бүгінгі таңда әлемнің барлық елі бұл салаға мемлекет тарапынан жасалатын қолдауды күшейтіп, саяси маңызы зор өзгерістерді қолға алып, өндіріс көлемін арттыру, ішкі азық-түлік нарығын тұрақтандыру сияқты мәселелерге ерекше мән беріп отыр. Осы орайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз десек, отандық өнімдердің саны мен сапасын арттырудың орны ерекше.
   Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері ықпал ететін сыртқы факторлар да жиі кездесіп жатады. Осы сала мамандарының пайымдауынша, оның басты ықпалын төмендегідей бірнеше топқа жинақтауға болады екен. Олар әлемдік нарықтағы тиімсіз өзгерістер, импортталатын азық-түлік сапасының нашарлауы, генетикалық түрлендірілген өнім көлемінің артуы, дамыған елдердің экспортты кеңейту және басқа елдердің экономикалық әлеуетін әлсірету үшін субсидияларды қолдануы, ішкі нарықта өтпейтін азық-түліктің артық өндірілуі, сыртқы экономикалық және саяси қысымның күшеюі сияқты факторлардан құралады. Сондықтан мемлекет осы жағымсыз факторларды жою үшін барынша күрес өрістеткені жөн. Сонда ғана азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Ол үшін тұрғындардың экономикалық жағдайын қоғамдық өндірістің тиімділігі мен халықтың табысына байланысты реттеп отыру керек. Ұлттық өндіріс есебінен тұрғындардың тағамдарға деген қажеттілігін қанағаттандырған жөн. Шетелден азық-түлік тағамдарын жеткізу тоқтап қалған жағдайда агроөнеркәсіптік кешенін өркендетудің балама жолдарын тауып, өндірісті ілгері бастыруды қолға алған жөн. Сондай-ақ,  азық-түліктің стратегиялық және жедел қорларының көлемін ұлғайтуға баса назар аударған тиімді. 
   Шекара асып келген өнімнің сапасы кейде сан соқтырып, қауіпсіздігі сырт қалып жатады. Арнайы зертханада сынақтан өтпеген өнімдерді сапасы мен қауіпсіздік тексерісін сұрамай-ақ сатып алып жатқан алыпсатарлар жетерлік. Бұған азық-түлік тапшылығына әкеліп соқтыратын өнімнің бақылаудан шығып кететін бағасын тағы қосыңыз. Осылай тұтынушыға едәуір зиянын келтіріп отырған импорттық өнімдер ел экономикасының кенжелеп қалуына да өз себін тигізеді. Яғни бүгінде кәсіпкерлер тоқтап тұрған өндірістерді жандандырып, бәрін нөлден бастап, өзімізде өнім өндіргеннен гөрі сырттан дайын өнімді «дорбалауды» жөн көреді. 
   «Қазақстан өнеркәсібі экспорт нарығында отандық брендтің кең торабына айналуы керек» деген ойдың мәні мен мағынасына ерекше ден қойғанымыз жөн. Осы орайда азық-түлік қауіпсіздігін қадағалап, отандық өнімнің әлеуетін арттыру үшін Үкімет қолда бар мүмкіндікті жан-жақты қарастырып, «Қазақстанда жасалған» деген марканың қанатын кеңге жаюына жағдай жасап отыр. Экспорттаушыларды қолдаудың біртұтас жүйесін құру, негізгі құралдарды қаржыландыру, экспортты сервистік қолдау, экспорттаушылар гранты мен экспорттық сауданы қаржыландыруды қарастыру бүгінгі таңдағы басты міндет болғаны дұрыс.

Б. МАНАПОВА,
 Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ 2-курс магистрі; 
С. ЧИТАНОВА, 
жетекшісі, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ доценті