ТҮРЛЕНГЕН, ГҮЛДЕНГЕН ТАЛДЫҚОРҒАН

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1243
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көздің жауын алатын сұлу шаһардың бүгінгі келбетін безбендеуге сөз жетпей тұрғаны. Неге десеңіз, күннен-күнге көркейіп келе жатқан бұл мекеннің о шеті мен бұ шетін салыстыруға келмейді. Бірінен-бірі өтердей ажарлы. Содан да болар, қашанда саясына жұрт ынтық. Бақшасына құс үйір. Қонақ болып келген адам қонысын белгілеп кететінін қайтерсің?! Ол – ол ма, мұнда тұратын халықтың тілегі бір, арманы асқақ. Дәл қаланың алып ғимараттары секілді. Сенбесеңіз, келіп көріңіз.

Жетісудың жүрегіне баланатын Талдықорған қаласы жыл сайын жандануда. Оның биылғы жетістіктері былтырғысын он орап алады. Онысын өзінің туған күнінде жалпақ жұртқа жариялап, бір марқайтып салатыны бар. Қала күнінде қарашаның қуанышы еселенетіні сол. Естіген ел егемендіктің дәмін сезгендей болады.

Рас, бүгінде қала халқының саны 173 мыңнан асады. Ағымдағы жылдың 8 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 44,6 млрд. теңгеге жетті. Тұрғын үй құрылыс жұмыстары да  қарқынды жүргізілуде. Оған дәлел шаhарда 47,3 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қала күні – ол тек мерекелеуге себеп қана емес, есеп беріп, қорытынды жасаудың бір мүмкіндігі”, – деген еді. Осы орайда талдықорғандықтар мерекені кең көлемде атап өтіп, жағымды жаңалықтар легімен танысты.

Ең әуелі шараға арнайы келген құрметті меймандардың көшін бастаған облыс әкімі Амандық Баталов пен қала әкімі Дастан Шалтабаев “Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ” атты жоғары және  орта оқу орындарының, өндірістік мекемелер мен шағын және орта бизнес нысандарының, өлке суретшілерінің, денсаулық сақтау салаларының жетістіктерін паш ететін көрмені тамашалады. Бұл көрме көпшіліктің көзайымына айналды.

Мереке күніне тағам саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер де сүбелі үлестерін қосты. Атап айтқанда, қала күніне арнайы диаметрі 550 см. болатын алып пицца мен 80 келі тартатын көлемді торт әзірленіп, қала тұрғындарына тарту етілді.

Шара барысында өңір басшысы алыстан ат терлетіп келген республикалық басылым редакторларына арнайы сұхбат берді.

Біз “Жастар” саябағын жалынды жастарымыз бен қазыналы қарттарымыз бос уақытын осындай тамаша орында өткізсін деп арнайы салғанбыз. Музыкалық субұрқақ, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев ескерткіші және 92 метрлік Көк Туымыз мәдени демалыс орнының шырайын одан әрмен көркейтуде. Бұл жердің гүлденуі мен өркендеуі үнемі менің бақылауымда. Жуырда осы маңайдан мемлекеттік және жекеменшік серіктестік негізінде жүзу бассейні мен жеңіл атлетика манежінің құрылыс жұмыстарын бастаймыз, – деді ол.

Туған күнге жиылған халықтың санында шек жоқ. Қазыналы қарттар оюлы шапанымен ортаның сәніне айналса, ақжаулықты әжелеріміз кимешегімен көптің көңілін баурады. Жастар сәнді киімдерімен сап түзеген. Бүлдіршіндер болса, қала жайлы тақпақтарын таласа айтып, үлкендердің жүрегін елжіретті.

Мерекелік жиын “Жетісу” стэлласы мен жеті өзенді бейнелеген сахналық қойылыммен басталды. Салтанатты шарада сөз алған Амандық Баталов қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтады.

– “Жетісу жүрегінің” мерекесі әр талдықорғандыққа қуаныш сыйлайды. Осындай салтанатты күні баршаңызға шаттық пен бақыт, әр шаңыраққа береке тілеймін. Жер жаннаты – Жетісу төріндегі Талдықорғанның келбеті күн санап көркейіп келеді. Шаhарымыздың күн сайын жаңарып, гүлденіп жатқаны бәріміз үшін зор мәртебе. Біз ежелден бақ-береке, құт қонған жерімізді мақтан етеміз. Отанға, туған жерге, елге құрмет көрсету – туған ауылды, туған қаланы сүюден басталары сөзсіз. Сіздер де сұлу қаламыз  Талдықорғанның өркендеп дамуына, жарқырап жайнауына үлес қосып келесіздер. Сол үшін сіздерге үлкен алғыс білдіремін! Табиғаты әсем, жасыл қала сәулеті асқан, тамаша, көрікті шаhарға айналды. Тарихы тасқа тұнған қазақтың әр даласы бір шежіре. Жеті өзені тасып, мерейі асып жатқан Жетісу жері – біздің алтын қазығымыз. “Жақсы сөз – жарым ырыс” демекші, біздің мекенге ат басын бұрған әр қонақ жұмақ жер деп мақтайды. Біздің осындай жерде тұрып жатқанымыздың өзі бақыт. Талдықорған қарыштап дамып, мәртебесі биіктей берсін, – дей келе, өңіріміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшылар мен мәдениет саласының үздіктерін марапаттады.

Мереке барысында Джакартада өткен Азия ойындарында жеңіске жеткен спортшыларға алғыс айтып, Ділдәш Күрішбаеваға пәтер кілтін табыстады. Сонымен қатар, Дастан Тұрарбекұлы қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлесін  қосқан бірқатар азаматқа “Талдықорған қаласының Құрметті азаматы” атағын табыстап, “Ең үздік” байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Жетісулықтар қуанышына ортақтаса келген Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, аты аңызға айналған “Дос-Мұқасан” ансамблі мен эстрада жұлдыздары, “Жігіттер” квартеті әсем әннен шашу шашты.

Қала күніне орайластырылған мерекелік шаралар кешқұрым Қазақстан эстрадасы әншілерінің қатысуымен өткен би кешімен және мерекелік отшашумен өз межесіне жетті.

 

Мұхтар КҮМІСБЕК