Өнерлі ұстаздар бақ сынасты

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1391
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Республикалық «Ғұмырдария» продюсерлік орталығы мен  Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өнерлі  ұстаздар  байқауы болып өтті. Байқаудың негізгі мақсаты – өнерлі ұстаздарды  анықтап, дәріптеу. 

Республикамыздың әр өңірінен келген  қырыққа жуық ұстаз  вокал, дәстүрлі ән, жеке аспапта ойнау, көркемсөз оқу, ақындық өнер, бейнелеу өнері, қолөнер шеберлігі номинациялары бойынша сынға түсті. Алматы облысының Жамбыл ауданынан  барған  Үмбетәлі Кәрібаев  музейінің меңгерушісі ұстаз Әуелбек Ысқақов «Дәстүрлі ән» және «Бейнелеу өнері» саласы бойынша жарысқа түсіп, екі номинациядан да  жүлделі  бірінші орын алды.  
Екі күнге  созылған  жарыстың алғашқы күні көрермендер мен қатысушылар халық ақыны  Ү. Кәрібаевтың әдеби-мемориалды  музейінен апарылған жәдігерлермен танысып, ақынның көзі тірісінде ұстаған домбырасын, тұрмыстық заттарын, араб әріптерімен жазылған қолжазбаларын  көріп, тамашалады. Одан кейін бейнелеу өнері бойынша сынға түскен өнерпаздардың жұмыстары  бағаланып, нәтижесінде Алматы облысының Іле ауданы, Байсерке орта мектебінен келген өнерпаз бас жүлдені жеңіп алды. 
Вокал номинациясы  бойынша  бас жүлде Астана қаласынан келген  ұстаздарға бұйырса, күй мен дәстүрлі ән номинациясының бас жүлделерін Астана мен Қызылорда қалаларының ұстаздары бөлісті. Қызықты өткен конкурсқа  ҚР кинематография саласының үздігі           Ш. Имашұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші          М. Нұрмахамбетова, «Ғұмырдария» байқауының авторы     А. Тоқтарбекқызы әділқазылық етті. 
Жарыстың соңында  конкурсқа қатысушылардың барлығы дерлік арнайы  дипломдармен, бағалы сыйлықтармен  марапатталды. Ұстаздар қауымы бұл жарыстың кәсіби мерекелеріне орай өткізілгендігіне ризашылықтарын білдірсе, конкурсты ұйымдастырушылар бұл байқауды биылдан бастап  жылда өткізіп, жеңімпаз ұстаздардың үлкен концертін және  суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесін республикалық дәрежеде өткізіп тұруға уәде берді.

Алма ЕСЕНБАЕВА,
“Жетісу”