Адалдық – мемлекет айнасы

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1141
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекеттік қызметкерлер  жұртшылықты тыңдай білу, өзін-өзі ұстау және әдептілік сияқты қасиеттері арқылы бағаланады. Осыны іске асыру мақсатында Елбасы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын айқындап берген болатын. Жоспардың алғашқы реформасы –  кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. 

Бүгінгі таңда осы бағытта нақты әрі ауқымды істер атқарылуда. Бұл ретте Жамбыл ауданынан бастау алып, Талдықорған , Кербұлақ, Сарқан аудандарында  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кешенді жоспарына сәйкес  мемлекеттік қызметкерлермен көшпелі кездесу өткенін атай кеткен маңызды. Сондай-ақ, облыс орталығында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында агенттік өкілдері журналистермен тілдесіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Жамбыл ауданы әкімі Бағдат Әлиев төрағалық еткен жиында басты әңгіме сыбайлас жемқорлықпен күрес төңірегінде өрбіді. Астанадан келген лауазым иелерімен кездесуге аудан әкімінің аппараты, мәслихат қызметкерлері, ауылдық округтер әкімдері мен мамандары, аудандық мекеме, бөлім басшылары мен қызметшілері, «Нұр Отан» партиясы, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық арнайы мониторинг тобының және БАҚ өкілдері, сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандары мен Қапшағай қаласынан мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Онда Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында  жемқорлықпен күрес пен заң үстемдігінің маңыздылығы ерекше аталғаны, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мәселелерінің өзектілігі сөз болды.
Аталған агенттіктің  мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Төлебаев, жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин жұртшылықпен байланыс қашанда ашық екенін  арнайы мониторингтік топ құрылып, оған белгілі қоғам белсенділері тартылғанын атап өтті. Сондай-ақ, қолға алынған басты жобаның бірі қоғамдық бақылау картасы жайында сөз қозғады. Мәселен, бір ауылда су құбыры тартылып, жол немесе ғимарат салынып жатқанда, ондағы сын көтермейтін жайтты халық көретін болса, ол дастарқан басындағы пыш-пыш сөз ғана болып қалмай, тікелей агенттікке хабарлай алады. Қазіргі кезде жемқорлық қылмысы үшін республикалық деңгейдегі 19, облыстық деңгейдегі 62, аудандық 115 басшы жауапқа тартылып жатқаны, қолды болған қаражаттың 7,7 млрд. теңгесі қазынаға қайтарылғаны көп жайтты аңғартады.
Жиыннан соң Астанадан келген лауазым иелері аудандық Мәдениет үйінің алдында «Адал жол» атты облыстық марафонға арналған мерекелік шараға қатысты. Аудан әкімі Бағдат Байшалұлы жиынның құрметті қонақтарына алғысын жаудырып, тілегін жеткізді. Ал агенттік өкілдері  жастарды  жақсылыққа жақын, жамандықтан қашық болуға шақырды. Ортаға біркелкі киім үлгісімен шыққан жасөспірімдер жемқорлыққа қарсылық білдірген көріністер қойып, қолдарындағы  көрнекіліктерін алға тартып, қоғам дертімен күресу туралы жалынды сөздерін айтты. Талдықорған қаласынан бастау алып, көршілес Қарасай ауданында жалғасқан эстафетаны қабылдап алған марафоншылар шеруі бұл кезде Ұзынағаш ауылының кіреберісіндегі Жамбыл ескерткішінің жанынан өтіп, орталық көшемен алаңға жеткен еді. Жиналған көпшілік оларды қошеметпен қарсы алды. «Адал жол» марафонының ақ жалауын аудан басшысы Бағдат Әлиев талғарлықтарға  тапсырды. Шара соңы  «Сүйінбай сазы» ансамблі әншілерінің ән-жырымен аяқталды.
Кербұлақ ауданына ат басын бұрған Равиль Қуанышбайұлы жалпы өңірлерді, аудан-аудандарды, ауылдық округтерді аралап, мемлекеттік қызметшілермен, тұрғындармен кездесу себебін түсіндіріп өтті.  Сонымен қатар, негізгі мақсат елімізде жасалып жатқан соңғы кездегі реформаларды, жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізу екендігін айтып өтті.
Елбасы бастамасымен қолға алынған реформаның жүзеге асуына жауап беретін кәсіби мемлекеттік аппараттың рөлі өте жоғары. Үлкен мақсаттарға қол жеткізу үшін әрбір мемлекеттік қызметкердің әдептілік бет-бейнесін қалыптастыру әбден маңызды.  Осы орайда қызметкер бойындағы шынайылық, адалдық, жауапкершілік жүгін арттырып, халықпен қатынасын нығайту, жағымды дағдылар қалыптастыру жұмыстары жүйелі жүргізілуі керек.  Равиль Қуанышбайұлы елімізде атқарылып жатқан істерді баяндап өтіп, Ұлт жоспарының аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол өз сөзінде: 
– Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін мемлекеттік қызмет туралы  жаңа заң қабылданды. Мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексіне қол қойылды. Әдеп нормаларының бұзылуын алдын алуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған жаңа Әдеп жөніндегі кеңес, Әдеп жөніндегі уәкіл институттары  енгізілді. Бұрынғы тәртіптік кеңестерге қарағанда Әдеп жөнін-        дегі кеңестердің өкілеттері кеңейтілді. Ендігі кезекте кеңестің қызметінде тек қана тәртіптік істерді қарау емес, оны болдырмауға бағытталған профилактикалық жұмыстарды таныстыру да енген, – деп статистика цифрларын да саралап өтті. Оның айтуынша, 2015 жылы осы кеңестердің жалпы  отырыстарында қаралған істердің, сұрақтардың 5 пайызы тәртіптік істер болса, 2018 жылдың 8 айында бұл үлес 40 пайызға дейін өскен. Қалған 60 пайызы профилактикалық бағыттағы сұрақтар. Сондай-ақ, тәртіптік кеңестің құрамы да өзгерген. Бұрын көбінесе мемлекеттік мекемелердің басшылары отырған болса, қазір олардың құрамының 3/2 бөлігін үкіметтік емес ұйым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының редакторлары, ғылыми педагогикалық қауымдастық, мәслихат депутаттары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының өкілдері құрайды. Әрі биылдан бастап Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері дербес негізде жұмыс жасайды.  Равиль Қуанышбайұлы  2017 жылы әлеуметтік сауалнама жүргізілгенін, мемлекеттік қызметшілердің 80  пайызы Әдеп жөніндегі уәкіл туралы білетінін және оған қандай мәселелер бойынша жүгіне алатынын айтып өтті. Бұл көрсеткіш бойынша біздің өңіріміз 95 пайызға жетіп отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің 74 пайызы орын алған заңбұзушылықтар туралы Әдеп жөніндегі уәкілге хабардар ете алады. Әлеуметтік зерттеуге сәйкес, еліміздегі азаматтардың 73 пайызы мемлекеттік қызметшінің сыпайылығы мен кәсіби әдептілігіне қанағаттанады. Департамент төрағасының сөзіне сүйенсек, біздің облыс бұл бағытта төмен көрсеткішке ие. Ендігі кезекте азаматтардың мемлекеттік қызметкердің сыпайылығына, әдептілігіне деген көзқарасын өзгерту бағытында жұмыстар жүйеленуі тиіс. 
Бүгінде мемлекет аппарат құрамын 30 пайызға шартты түрде қысқарту арқылы сарапшылардың еңбекақысына алпыс пайыз көлемдік үстемақы қосып төлеуге қол жеткізілді. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің тиімді жұмысқа бағытталуына және жұмысқа қызығушылығын арттыруға бағытталған іс-шаралардың бір көрінісі. Агенттік лауазымдық өкілдіктердің көлемін дәл айқындау бойынша нұсқаулықтарға талдау жүргізген. Бүгіннің өзінде елімізде 10 мыңнан астам функциялық міндеттеме талданып, оның 2500-і қайта қаралды. Оның ішінде мемлекеттік қызметкер жұмыстан тыс уақытта қалып, жұмыс жасау себептерінің бірі болып саналатын кейбір функциялар лауазымдық міндеттен алынып тасталды. Жұмыстан тыс уақытта қызметкерлерді жұмысқа тарту мәселесі былтырдан бастап мониторингпен қамтылып отыр. Агенттік қоғам белсенділерімен бірігіп, рейдтер жүргізіп, жұмыстан тыс уақытта қалу фактілерін көп анықтаған. Бүгінде бұл олқылықтар шешіліп, әрбір министрлікте компьютерлерді сағат кешкі 19.00-де де автоматты түрде өшіру жүйесі енгізілген. 
Өз кезегінде сөз алған Арман Бердалин қасиетті жерге, қадірменді елге іссапармен келгенін зор мәртебе санап, жергілікті жұртшылыққа ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың ыстық ықыласын жеткізді. Артынша агенттік кәсіби мемлекеттік аппарат құруға баса назар аударып, мемлекеттік қызметкерлер әдебіне қатты көңіл бөлетінін айтып өтті. Мемлекеттік қызметкердің бір олқылығы тұтас мемлекетке кір келтіретінін ұмытпау жайын еске салған Арман Тілектесұлы  әкесіндей адамға әкіреңдеп сөйлеп, анасындай адамға алайып қарайтын, сонау ауыл түкпірінен сұрақтарын арқалап келіп отырған тұрғынға жүрдім-бардым сөйлейтін жанға мемлекеттік қызметте орын жоқтығын қадап айтты. Сондай-ақ, интернет дамыған заманда бір айтқан  сөздің жер шарын бір айналып келетінін ескертіп, әр қызметшіні барынша әдепті болуға шақырды. Мемлекеттік қызметкерлер бір-біріне айна болып, бір-бірінің қателігін түзету керектігін де тілге тиек етті. Ол өз сөзінде:
– Агенттік пилоттық режимде балдық шкалаға сүйенген еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізіп отыр. Бұл агенттіктің өзі және аумақтық департаментте, Әділет министрлігінде, сонымен қатар, Астана қаласы мен Маңғыстау облыстық әкімдіктерінде жылдың басынан бастау алған. Жаңа жүйе басшылардан гөрі атқарушы қызметшілерге көбірек пайдалы. Себебі, осыған дейін олардың жалақылары екі, екі жарым есеге көтерілген. Осынау сынамадан сүрінбей өтсек, шапағатты дүниенің шарапаты республиканың әр түкпіріне жетері сөзсіз, – деп өзгеріс өзектілігін атап өтті.  
Арман Тілектесұлының сөзіне сүйенсек, бүгінде жемқорлықты азайтудың бір жолы   мемлекеттік қызметтерді электронды түрге ауыстыру. Бұл үйде отырып-ақ 746 мемлекеттік қызметтің 60 пайыздан астамын алуға мүмкіндік береді. Ел бойынша осы жолда 5000-нан астам информатика мұғалім оқытылған. Ойланбай жасаған іс ойбайға алып баратыны белгілі. Сондықтан, алдын ала ескерту мақсатында агенттік біраз ауқымды шаралар атқарған. Жыл басынан еліміздің барлық өңірлерін аралап, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиятын түсініктер жүргізген.  «Есті адамға айтқан сөз шыңға тіккен тумен тең, ессіз адамға айтқан сөз құмға құйған сумен тең» демекші, кейбір тұста айтылған анықтаманың айтылған жерде қалып, артынша тәртіпбұзушылық орын алып жатар кез көп. Бұл істер агенттік өкілдерін өкіндіріп, жүйелі жұмысына кедергі келтірген. Дегенмен, мұндай бассыздықтардың қарасы аз бүгінде. Аудандағы мемлекеттік қызметкерлерді барша жайттан хабардар еткен агенттік өкілдері шара соңында сыбайлас жемқорлыққа байланысты бейнероликтер көрсетіп, түрлі сауалдарға жауап берді. 
Кербұлақ ауданынан шығып, Талдықорғанға табан тіреген департамент басшылары бірден Журналистер үйіне бас сұғып, сұхбат алаңына жайғасты. Жоғарыда айтылған әңгімелерді  осында тағы айғақтай түсіп, жемқорлықпен күресті  мектеп қабырғасынан бастап отырғандарын айтып өтті.  Себебі, әр азаматты бала кезден біреудің затын алудан аулақ болуға шақыру – бұл болашақтағы тәрбиенің негізгі көзі. Осы орайда Арман Тілектесұлы  «Бұзау ұрлаған өгіз ұрлайды» сөзін мысалға келтіріп, «Адал  ұрпақ», «Адал жол»  атауымен жұмысын жүргізіп жатқан еріктілер клубы жайында сөз қозғады.  Бұлар мектепте, жоғары оқу орнында  үнемі тәрбиелік жұмыстарын  жүргізіп келеді.  Сондай-ақ, Равиль Қуанышбайұлы қазынадан бөлінген қаржының бір тиыны да назардан тыс қалмайтынын журналистерге жеткізді. Осы орайда 2018 жылдың 8 айында 1393 жемқорлық қылмыс фактісі тіркелген. Бірақ бір қуантатыны, бұл өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 10 есеге азайған.  Жемқорлық бойынша тамырын тереңге жайып, көп тараған сала басын құрылыс бастап тұр екен. Әрмен қарай білім мен жер қатынастары, ауылшаруашылығы салалары жалғасқан. Ал айтулы мәселе бойынша парадан дара көрінген көшбасшылар Қостанай мен Түркістан облыстары болса, ең төменгі орынға Солтүстік Қазақстан облысы жайғасқан. Айта кетерлігі, осы жылы қолды болған қаржының 7.7 млрд. теңгесі қазынаға қайтарылған. Сөз соңында Арман Бердалин агенттіктің әр азамат үшін есігі ашық екенін айтып өтіп, әлеуметтік желілер арқылы агенттік төрағасы Алик Шпекбаевқа тікелей  сұрақ қою мүмкіндігі барын жеткізді. Жемқорлық – жеті басты дию емес, агенттік жұмысы осы жүйеде жалғаса берсе, әр азамат қасындағы қызметкерге қамқорлықпен қараса, бұл да бір күні тыйылмақ. 
Сарқан ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өткен мемлекеттік қызметті өткерудің өзекті мәселелері жөніндегі жиынға қатысушылардың көкейіндегі көптеген сауалдарға жауап бергені анық. Активке Сарқан, Алакөл және Ақсу аудандары  әкімдері және аудандық мәслихат аппараттарының қызметшілері, қала, ауылдық округі әкімдері мен мамандары, мекеме, бөлім басшылары мен қызметшілері  және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері  қатысты.
 Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков жиынға төрағалық етіп, мемлекеттік қызметтің ел дамуындағы ерекше мәніне жан-жақты тоқталды. Елбасы бүтіндей еліміздің даму жолын айқындайтын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында мемлекеттік аппараттың кәсібилігін және тиімділігін арттыруға бағытталған нақты міндеттерді көрсетіп берді.
Жиын төрағасы аудан көлемінде мемлекеттік қызметшілерді толғандырып жүрген мәселелерді талқылап, пікір алмасу үшін  келген агенттік өкілдері Равиль Төлебаев, Арман Бердалин, облыстық Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі  Ләззат Бейсеқұлованы таныстырды. Жиын тақырыбына сәйкес сөз алған Равиль Қуанышбайұлы мен Арман Тілектесұлы  қатысушыларды мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістерден хабардар етіп, жауапты саланың алдында тұрған міндеттерді саралап берді. Сонымен қатар, семинарда сыбайлас жемқорлық тақырыбында көрсетілген бейнеролик жиналғандарды бейжай қалдырған жоқ. 
Жиынға жиналғандардың  тарапынан сауалдар мен ұсыныстар көп түсті.  Департамент өкілдері өздеріне бағытталған сауалдарға толық жауап тауып, жиналғандардың белсенділігіне ризашылық білдіріп,  мемлекеттік қызметшілердің көкейінде жүрген мәселелерді ширатып, тың мәліметтер берді.  
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Құралбек  СӘБИТОВ,
“Жетісу”