АРХИВ – ТАРИХ КЕНІ

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1548
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қарабұлақ ауылында облыстық мемлекеттік архивтің Ескелді аудандық филиалының ашылу салтанаты өтті. Оған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, аудан, ауылдық округ әкімдіктерінің өкілдері, бірқатар сала басшылары, зиялы қауым, архив ардагерлері қатысты.

Алғашқы құттықтау сөзге шыққан Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев жайдарман жаңалықты лебізіне арқау етті. Ол:
– Ширек ғасыр бұрын жабылып қалған архив мекемесі облыс әкімінің қолдауымен қайта оралып, жаңа ғимаратқа орналасып, бүгін салтанатты жағдайда ашылып жатқаны тұрғындарды зор қуанышқа бөлеп отырғаны даусыз. Енді олар қажетті құжаттарын облыс орталығына барып іздемей, жақын жерден тауып алуға мүмкіндіктері бар, – дей келе Елбасымыздың тәуелсіздік алғаннан бері атқарған ерен еңбектерін тілге тиек етіп, сөз соңын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына  алғыс білдірумен тамамдады. 
– Архив – тарих кені. Бүгінгі құжат – ертеңгі тарих. Мемлекеттік сақтаудағы барлық дерек пен құжаттар халқымыздың өткен ғасырлардағы мәдени, саяси, экономикалық, әлеуметтік ахуалынан сыр шертеді. Мамыр айында облыстық мемлекеттік архивтің Көксу филиалын ашқан едік, енді бүгін Ескелді ауданында да филиал бой көтеріп отыр. Соның нәтижесінде қазір облыс бойынша архив мекемелерінің саны             20-ға жетті, – деді өз сөзінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Әлия Жақыпбекова.
Ақжарма тілек, құттықтау сөздерден кейін мекеменің тұсауы кесіліп, шараға жиналғандар ғимараттың ішіне енді. Жаңа филиал ғимаратын өз көздерімен көріп, көңілдеріне көп дүние тоқып шыққандай болды. Орайлы сәтте филиал директоры Еркебұлан Бақабаевты сөзге тартып, бірер сауал қойғанымызда ол:
– Біздің филиалдың ашылуының арқасында бес адам жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда бізде 112 архив қоры сақталған және 29825 сақтау бірлігімен жабдықталған. Мамандарымыздың да  біліктілігі жоғары. Мәселен,  Гулия Оспанова, Юлия Малютина, Балжан Әлкен сияқты архив қызметкерлері бұл салада көп жыл еңбек еткен білікті мамандар. Сондықтан біз аудан халқына қалтқысыз қызмет көрсетуге дайынбыз, – деп ағынан жарылды. 
 
Шора БАТЫРБАЕВ
Ескелді ауданы