Өңірді электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1283
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«KEGOC» АҚ «Солтүстік–Шығыс–Оңтүстік транзитінің 500 кВ. ӘЖ-сін салу» ірі көлемді жобасының екінші кезеңінің құрылысы бойынша жұмыстарды аяқтауда. Жаңа желілерді пайдалануға беру республиканың энергетикалық инфрақұрылымын дамытудағы елеулі қадам болып табылады. 
2014 жылы «KEGOC» АҚ мемлекеттік «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» бағдарламасы аясында Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл жобаны жүзеге асыруға кірісті. 
 «KEGOC» АҚ «Алматы жүйеаралық электр тораптары» филиалының директоры Қайрат Қаракесеков жоба жайында редакциямызға кеңірек әңгімелеп берді.

– «500 кВ. Солтүстік–Шығыс–Оңтүстік транзитін салу» жобасын толықтай пайдалануға беру Шығыс Қазақстан және Алматы өңірлерін электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, «Солтүстік–Оңтүстік» бағытындағы транзитті күшейтеді. Мұны Қазақстан халқы мен экономикасының өсіп келе жатқан қажеттіліктері талап етеді.
Сонымен қатар, экономика мен экономикалық байланыстардың өсуі, бизнестің транспорттық шығындарының көптігі, оған қоса жаңадан қалыптасып келе жатқан өңірлік нарықтар елдің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін арттыруды қажет етеді. Қазақстанда ішкі бірыңғай нарықты қалыптастыру үшін өңірлер арасындағы транспорттық арналарды жолға қою, облыстарды өнеркәсіптік дамыту, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік салаларды бірқалыпты дамытумен қатар жүйе қалыптастыратын Ұлттық электр тораптарын (ҰЭТ) дамыту арқылы елді энергиямен қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесін нығайту қажет.
Жаңа желілер елдің солтүстік, шығыс және оңтүстік өңірлерін энергиямен қамтуды байланыстырып, сыртқы жеткізушілерге деген тәуелділікті төмендетуге және энергия тапшылығы болған жағдайда оны тиімділікпен қайта бөлуге мүмкіндік береді, оған қоса электр қуатының құнына оң әсер етеді, ол, өз кезегінде, тауарлар, жұмыстар мен экономикадағы қызметтер құнының төмендеуіне ықпал етеді.
«500 кВ Солтүстік–Шығыс–Оңтүстік транзитін салу» жобасы екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең – 500 кВ Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» желілері белгіленген мерзімнен бұрын салынып, 2016 жылы пайдалануға берілді, мұның өзі энергетиктердің республика тәуелсіздігінің 25 жылдығына дайындаған қомақты сыйлығы болды.
Жалпы алғанда, 500 кВ Солтүстік–Шығыс–Оңтүстік транзитін пайдалануға бергеннен кейін Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы электр жеткізу желілері бойынша рұқсат етілген ағым мөлшері 2100 МВт-ты (шамамен жылына 14 млрд. кВт* сағат) құрайды. Соның нәтижесінде ҰЭТ-тың Қазақстанның Солтүстік–Оңтүстік бағытындағы транзиттік әлеуеті 1350 МВт-тан 2100 МВт-қа дейін (750 МВт өсім) ұлғаяды деп күтілуде. Шығыс аймақтың Қазақстан БЭЖ-бен байланысы күшейеді. Теміржол телімдерін (Ақтоғай–Мойынты, Ақтоғай–Алматы, Ақтоғай–Достық) электрлендіру, шекара маңындағы аумақтарды дамыту мен жаңғыртылатын энергия әлеуетін (Жоңғар қақпасы және басқалар) игеруді ұлғайту  үшін барлық жағдайлар жасалады. 
Сонымен қатар жаңа жоғары вольтті желілер салу қуатты көп талап ететін Ақтоғай ТБК-ны және өңірдің басқа да кәсіпорындарын электрмен жабдықтау үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. 
– Қайрат Ізбасарұлы, бұл жоба ҚР ҰЭТ-тың қандай қайта құруларын қамтиды?  
– Бірінші кезекте, «Солтүстік–Шығыс–Оңтүстік транзитінің 500 кВ. ӘЖ-сін салу» жобасының ІІ кезеңін жүзеге асыру аясында жалпы ұзындығы 883 км. 500 кВ. «Семей – Ақтоғай», «Ақтоғай – Талдықорған» және «Талдықорған – Алма» үш желі бойынша Қазақстанның Солтүстік өңірінен Оңтүстік аймағына қуат тасымалдайтын әуе желілері салынды. Жаңа 500/220 кВ. «Семей», «Ақтоғай», «Талдықорған» қосалқы станциялары салынды. 500/220 кВ. «Алма» ҚС кеңейтілді. 
Жаңа энергия нысандарын салу және қолданыстағыларын қайта құру барысында басқарылатын шұнттаушы реакторлар, элегаздық және вакуумдық ажыратқыштар, трансформаторлар, релелік қорғау және автоматиканың микропроцессорлық құрылғылары, деректер жинау жүйелері мен техникалық процестерді жедел диспетчерлік басқару (SCADA) және тағы басқа заманауи технологиялар мен жабдықтар қолданылды. Мұның барлығы желі жабдықтары мен қосалқы станциялардың жүктемесін азайта отырып, реактивті қуатты тиімді реттеуге, соның нәтижесінде олардағы шығынды азайтуға, қосалқы станциялардың шиналарындағы кернеуді тұрақтандыруға және энергия жүйесінің статикалық және динамикалық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. 
– Бұл жобаны жүзеге асыру өңірімізге қандай пайда береді? 
– Жоба аясында, бұрыннан бар 220 кВ. ӘЖ-ні қайта құру есебінен облыс орталығы Талдықорған қаласы желілерінің схемасы күшейтілетін болады. Нәтижесінде жалпы алғанда өңірді электрмен жабдықтау сенімділігі жоғарылайды.
Бұдан басқа, «Алма» қосалқы станциясын кеңейту жұмыстары жүргізілді. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігі жылда-        рында салынған 500 кВ. кернеулі алғашқы қосалқы станция. Бұрын басқа жобалар бойынша қолданыстағы 500 кВ. қосалқы станцияларды кеңейту жұмыстары ғана жүргізілетін. 500/220 кВ. «Алма» ҚС-да мынадай заманауи жабдықтар орнатылды: жиынтық қуаты 1002 МВА екі автотрансформатор, қуаты 180 МВАр реактор, Францияның «Areva» компаниясының ажыратқыштары.
Алматы облысында да           500/220 кВ. «Талдықорған» ҚС жаңа қосалқы станциясы салынды. 
Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл жобадан біздің облысымыздың ғана емес, жалпы еліміздің оңтүстік өңірі ұтады. 
– Сіз жобаның әлеуметтік құрауышы туралы не айтар едіңіз?
– Жоғарыда аталғандарға қоса, аталмыш жоба қолданыстағы қосалқы станцияларға жүктеменің қайта бөлінетіндігі есебінен тұрғын үй-коммуналдық сектор тұтынушыларын сенімді түрде электрмен жабдықтауға, Алматы облысының өнеркәсіптік өндірісін дамытуға, әлеуметтік-тұрғын үй инфрақұрылымының жаңа салынып жатқан нысандарының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.  
Жоба аясында жаңа жұмыс орындарының құрылғандығы да маңызды. Құрылыс кезеңінде 1861 жұмыс орны құрылды, сонымен қатар 500кВ. «Талдықорған» және «Алма» жаңа қосалқы станцияларына қызмет көрсету, олардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 62 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Н. ДОДАБАЙҰЛЫ.