ТҰЙЫҚ БАЛА ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

Уақыты: 03.10.2018
Оқылды: 2715
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бала – баға жетпес байлық. Бұл күнде бала тәрбиесі ең өзекті тақырыптардың біріне айналған. Оның қоғамда өзін қалай ұстайтыны, мінезінің дұрыс қалыптасуы қандай деген мәселе де жиі көтеріліп жүр. Осы орайда біршама ой қорытпақпыз.
Егер балаңыз көп сөйлемейтін, балабақша мен үй маңындағы өзі қатарлы жандармен мандытып ойнамайтын болса, сонымен қатар, тек жалғыздықты қалайтын секілді көрініс көрсетсе, онда перзентіңізді тұйық балалар қатарына жатқыза беріңіз. 
Бала тек жалғыз жүргенді ұнататын, бірақ берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын болса, үндемей өз ойын ішінде сақтап, сыртқа шығармаса, онда ол балаға дер кезінде көңіл бөлінуі керек. Осы кезде ата-ананың қатал болуы, дөрекі сөйлеуі, ұрысуы жас ұрпақтың өмірге деген көзқарасының дамуына әсер етіп, одан әрі жасқаншақ күй кешуіне апарып соғады. Сондықтан да ата-ана баласына мейлінше назар аударып, әңгімеге тартып, ағаттығын айқаймен емес, ақылмен түзетіп отыруы керек-ті. Бірақ, бұл көп жандардың қолынан келмейтіндей сипат танытып жатқаны да жасырын емес.
Негізінен тұйық болу отбасында жалғыз өскен балаларда кездеседі. Ағасы мен апайының болмай, амалсыз үйде ойнауы бала өмірінің дамуына кері әсер етеді. Сонымен қатар, ата-аналардың көзқарасына да байланысты. Егер ата-ана туыстарымен онша араласпай, тек жағымсыз жағын естіртетін болса, онда баланың да туыстық көзқарасы бұрыс қалыптасады. Егер балаңыз өз қолымен әдемі сурет салса немесе кесте тігіп, өте қуанышты көңілмен әкеліп ұсынса, ал сіз болсаңыз жай ғана көзіңіздің қырын салып қарай алдай салдыңыз делік.  Кейбір ата-аналар баланы тек материалдық жағын қамтамасыз етуге тырысады. Оған әдемі, қызықты ойыншықтар сатып алып беріп, алдап отырады. Міне, осыдан бала өз бөлмесінде тек ойыншықтармен ойнайды. Ата-анасы үйде бола тұрса да бала олардың бар екенін елемейді. Осындай жағдаяттан кейін пейілі ақ перзент бауырмашылдықтан, ата-ананың ыстық махаббатынан бөлектеу өсіп, көзқарасында өзін өзі қуантып, өз қызығын өзі ғана тамашалайтын деңгейге жетеді де, қоғамнан жырақтап қалады. Ал қоғамнан бөлінгендей күйде тәрбиеленген әрбір перзент Отанына, отбасына қалтқысыз қызмет етер деңгейден төмен сатыда ой қорытатын жанға айналмақ. 
Біздің сан тараулы өмірімізде сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран даналарымыздан қалған жосын бар. Олар әрбір перзентін тұлға етіп шығаруға тырысатын. Сондықтан да атам қазақ перзент болашақ тұтқасы деп танитын. Ал бүгін біз көтерген тәрбие негізі тұлғалыққа тәрбиелейтін кешегілердің кемел жүйесінен мүлдем бөлек. Сондықтан да отбасылық кері жүйені өзгертіп, балаларымызға дұрыс бағыт, тағылымды тәрбие беруді басты орынға қойып, салғырттыққа бармауымыз қажет. Бұл әрбір ата-ананың ойланатын мәселесі. 


М. Рүстембекова,
Ақын Қабан жырау атындағы мектебі
«Күншуақ» шағын орталығының аға тәрбиешісі 
Көксу ауданы