Серік ҮМБЕТОВ: "АТА-АНАҢДЫ ЖЕРГЕ ҚАРАТПА!"

Уақыты: 06.01.2019
Оқылды: 1840
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Астана төрінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялысы Серік ҮМБЕТОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті. Уақытының тығыздығына қарамастан "Жетісу" газетіне сұхбат берген халық қалаулысы рухани тұрғыда әңгіме тиегін ағытып, кейінгі толқын - жастарға керек кеңес айтты. 

– Серік Әбікенұлы, сіз өңірлердің басшысы болған кезіңізде елдің алдында жүрдіңіз. Халыққа қызмет еттіңіз. Ел арасында «Үмбетовтің үлгісі» деген сөз қалдырдыңыз. Алайда депутаттыққа келгелі көп көрінбей кеткен секілдісіз...
– Мен өзімді қазір де елдің алдында жүрмін деп санаймын. Жуырда Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолда- уын жариялады. Әрбір Жолдауды халыққа жан-жақты түсіндіріп, өңірлердегі маңызды мәселелерді көзімізбен көріп, оны Мәжілісте жауапты орындардың назарына ұсыну – біздің басты міндетіміз. Егер заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындап жатса, оны тиісті орындар назарына ұсынумен қатар дер кезінде орындалуын да талап етеміз. Сонымен қа-тар, депутаттар өңірлерді аралап, елдің тұрмыс-тіршілігімен танысып жүреміз. Осы тұрғыдан алып қарағанда мен халықпен біргемін. Ал, мен басшылық еткен өңірлердің тұрғындары сұрап, іздеп жатса, ол – менің сол өңірдің өркендеуіне аз да болса еңбегімнің сіңгені, үлесімнің болғаны деп білемін. Тұрғындардың үніне дер кезінде құлақ түргендігімнен болар.

Жәнібек Кәрменов: «Адам боп келдім өмірге, адам боп өту – тілегім» демеуші ме еді. Ал, адамша өмір сүру үшін бала кезден тәрбие дұрыс болу керек. Мені әкем жас кезімде аяған жоқ. Күннің суығына да, ыстығына да қарамай қара жұмысқа салды. Одан мен жаман болған жоқпын. Кейбір ата-аналар баласының қиындық көрмей, тарықпай өскенін қалайды. Ол да дұрыс шығар. Бірақ баланың бос белбеу емес, ширақ, шымыр, әр нәрсеге бейімді болып өскені болашақта өзіне жақсы. Жолында кездескен қиындықтарға берілмей, жігерімен жеңіп шыға алады.

– Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «алдымен экономика, сосын саясат» деген ұстанымда болды. Қазір экономикамыз даму үстінде, саясатымыз да бір жолға түсті. Енді Елбасымыз руханиятқа да көңіл бөлетін кез келгенін аңғартқандай. Өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да, кешегі «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында да осы салаға көп көңіл аударды.

– Рас айтасың. Экономикамыз да, саясатымыз да Елбасының арқасында бір ізге түсті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жағдай өте қиын еді. Ол кезде езіліп қалған елдің еңсесін тіктеу, тұралап қалған тұрмысты түзеу бірінші кезекте тұрды. Тәуелсіздікке дейін не тарихы жоқ, не әдебиеті жоқ, не мәдениеті жоқ, далада малдың соңында жерген ұлт ретінде қарап келді. Және соны санамызға сіңірді. Егемендік алғаннан кейін біз тарихымызбен табысып, өзіміздің кім екенімізді, бұрын кім болғанымызды білдік. Елбасымыз «алдымен экономика, со-сын саясат» десе де руханиятты ешқашан ұмыт қалдырған жоқ. Бүгінгі Қазақстанның кезіндегі Алтын Орданың заңды мұрагері екендігін айтты. Алтын Орда хандығының заманында қандай болғанын білесіз.

Қазақтың тарихы тереңде жатыр. Сан ғасырлар бойы осы ұлы далада қаншама дүркіреген мемлекеттер құрылды, қаншама сәулеті жарасқан, сән-салтанатымен атағы жер жарған қалалар салынды. Соның барлығы қазір біз мекендеп отырған осы ұлы далада болды. Егер тарихтың шаң басқан парақтарын ақтарып қарай бастасақ бұл даланың, бұл мекеннің жеті емес, жетпіс қырын табуға болады. Елбасымыз соның барлығын ұғынықты етіп, ұлттың таным- түсінігіне лайықтап, қазақ үшін қасиетті саналатын жеті санының маңайына топтастырып отыр.

Мемлекет басшысы мына ұлан-ғайыр даланы бекерге «Ұлы Дала» деп атаған жоқ. Бүкіл әлемнің батысы мен шығысына, оңтүстігі мен солтүстігіне мәдениет пен өркениеттің осы даладан тарағандығын тарихи қазбалар дәлелдеп отыр. Адамзат тарихында ең алғаш болып жылқыны қолға үйреткен де, оны мініп көлік қылған, жау шапқанда қару қылған, сауып саумалы мен қымызын ішкен де осы ұлы даланың тұрғындары. Яғни, біздің бабаларымыз. Ең ақыры тізгін мен үзеңгіні ойлап табуының өзінен де сол заманның тізгінін ұстағандардың аяқ тіреген жері осы дала болды деген ой қорытуға болады.

Аталарымыз ер баланы үш жасынан бастап ашамайға отырғызып, бес, алты жасында қолына тізгін ұстатқан. Бұл баланың бойында өзіне деген сенімділігін оятады. Қазірдің өзінде қалада өскен қазақтың өзі атқа қонса арқаланып кетеді. Неге? Себебі, атқа міну, жылқыға жанының жақын болуы оның қанында бар.

Елбасымыз «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлы даланың ежелгі металлургиясы туралы айтады. Бүгінгі таңда тарихшыларымыз біздің тек көшпенді ел емес, отырықшы да ел болғанымызды айтып жүр. Оған дәлел – осы кен өндіру, метал өңдеу орындарының болғандығы. Бүгінгі дамыған технологияның жасай алмайтын бұйымдары мен өрнектерін жасағандығы. Ажары аймен таласқан қалалар салғандығы. Егер төрт түлігін айдап, тек түзде жүрген ел болса бұлардың бі-   реуі де болмаған болар еді ғой.

Елбасымыздың «Қазақтың ешкімнен ұялмайтын тарихы бар» деген тамаша сөзі бар. Расында да тарихы бай, ешкімнен кем емес, ешкімнен артық емес, жалпымен тең дәрежедегі елміз.

- Жалпы өзінің тарихын білу арқылы ұлттың рухы көтеріледі ғой...

– Елбасымыз соны жақсы біліп отыр. Тек кезінде бодандықтың салдарынан тарихымыз көміліп, біразы бұрмаланып кетті. Егер сол тарихты қайта қарап, анығын айтатын болсақ, ұлттың рухы көтеріліп, еңсесі тіктелері анық. Қазіргі латын графикасына көшкелі отырғанымыздың өзі сананың сілкінісі. Бұл қадамдардың барлығы Елбасымыз айтып жүрген қоғамдық сананы өзгертуге алып келеді. Ол үшін оның өткен замандарда басынан кешкен кезеңдерін сана елегінен қайта өткізу керек. Ештеңеге кіріптар емес, ешкімге тәуелді емес жаңа қазақтың санасын қалыптастыру қажет. Содан кейін ғана дүниеге санасы таңның нұрындай таза ұрпақтың, жасампаз ұлттың көзімен қарай аламыз.

– Сіз де ұлттың рухын оятуға, дүние танымының өзгеруіне біраз жұмыс жасадыңыз. Ел үшін жанын қиған батырларға ескерткіш орнаттыңыз.

– Мен жасаған жұмыстың барлығы да ең алдымен осы Тәуелсіздігіміздің арқасы. Елдің алдында жүргеннен кейін қашанда сөзің мен ісің қабысып тұруы керек. Сөзіңді сұлулап сөйлегенмен ісің жөнді болмаса елдің алдында абырой да, бедел де болмайды. Сосын, қазақты жерге, жүзге, руға қарап сүюге болмайды. Қазақ деген – тұтас ұғым.  Бұл ретте  қазақтың мақал-мәтелдері мен ауыз әдебиеті үлкен мектеп. Сондықтан да осы мақал-мәтел мен ауыз әдебиетін арнайы кітап қылып бастырып, елге тараттым. Ол қазақтың дәстүрін жаңғыртуға аз да болса өз үлесімді қоссам деген ойым еді. Себебі, ол кітапты оқыған әрбір адам өзіне керегін алады, ойланады.

Ат бәйгесін, ұлттық ойындар өткізуге мүмкіндіктер тудырып, халықтың біріге жұмыс істеуіне қозғау салдым. Сөйтіп, елді серпілте сергітіп алып, тағы бір тың қадам ретінде ескерткіш белгілер орнату қолға алынды. Әлбетте, тарихи деректерге сүйене отырып әрі белгіленген стандартқа сай осыдан төрт жүз жыл бұрын ел қорғаған қазақтың даңқты батыры – Қарасай батырға, одан берідегі қасиетті Райымбек батырға, Өтеген, Қабанбай, Сұраншы, Саурық батырларға өздері найзаның ұшымен, білегінің күшімен қорғаған қазақ даласына ескерткіштер орнаттырдым. Қазақтың билері – Ескелді, Балпық пен Қаблиса жырауға, оқымыстысы – Қадырғали Жалайыриға, ақындары – Сүйінбай, Жамбыл, Мұқағалиға, ұлтымыздың ірі өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Мұхаметжан Тынышбайұлына, сазгері – Нұрғисаға деп жалғаса беретін жалпы тарихи тұлғалардың ескерткіштерін Астанада, Алматыда, Таразда, Талдықорғанда орнатуға мұрындық болдым. Бұлардың барлығы ұлтына жан-тәнімен беріліп қызмет еткен тұлғалар. Кейінгі ұрпақ олар туралы білуге міндетті. Елбасы да мақаласында «Ұлы Даланың ұлы есімдері» дейтін саябақ ашуды, «Ұлы Дала тұлғалары» дейтін серия шығаруды міндеттеп отыр  емес пе?! Мұның барлығы болашақ ұрпақтың қамын ойлағаннан деп білемін.

– Өмірде көргені мол, түйгені мол алдыңғы буын ағасыз. Жастарға қандай кеңес айтасыз?

– Бүгінгі жастар бақытты. Мемлекет жастарға барлық жағдайды жасап қойды. Білім іздеймін дегендердің «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің кез келген еліне барып, ең озық оқу орындарында білім алуға мүмкіндігі бар. Жұмыс жасаймын дегендеріне де, бизнеспен айналысамын дегендеріне де арнайы бағдарламалар қарастырылған. Қазір біздің жастар ақылды. Кейде кейінгілерге қарап отырып сүйсінемін. Ертең елдің басындағы бүгінгі бағын ұшырмай, тыныштығын бұзбай, шаңырағын шайқалтпай ұстап отыратын осылар ғой. Алайда кейбір жастар жастықпен, албырттықпен осы мүмкіндіктердің барлығын елемеуі мүмкін. Бірақ, сәл уақыт өткеннен кейін осыншалықты мүмкіндікті дер кезінде пайдалана алмағанына, өз уақытын босқа өткізіп алғанына өкінетін болады. Өмір адамға бір мәрте ғана беріледі. Оның өзі сынақ. Сондықтан өмірді өкінбейтіндей қылып сүру керек.

Менің жастарға айтар ақылым, түрлі адасқан ағымдардың ізімен емес, бабаң салып кеткен сара жолмен жүр. Еңбектен қашпа. Адалдықтың ақ жолынан аттама. Ата-анаңды, Отаныңды ешқашан жерге қаратпа. Кезінде Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін» деп жырлады ғой. Бүгінгі таңда Елбасымыз да «Болашақ жастардың қолында» деп үнемі жастарға жол сілтеп, қамқор болып, солардың болашағына алаңдап жүреді. Елбасының сенімі ол – елдің сенімі. Сондықтан жастарға қашанда ел сенімін ақтай біліңдер дегім келеді. 

Сұхбаттасқан - Олжас СӘНДІБЕК
АСТАНА