ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 25.02.2019
Оқылды: 1033
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің орынбасары Ақан ӘБДУӘЛИЕВТІҢ қатысуымен аймақтағы туберкулезбен сыр- қаттанушылықтың эпидемиологиялық жағдайына байланысты үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. 

 

Жиынға облыстық қоғамдық ден­саулық сақтау департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, облыстық туберкулезге қарсы, психо­неврологиялық, наркологиялық диспансері және  қала, аудан әкімдіктері, медициналық ұйым басшылары қатысты. 

Бірінші болып баяндама жасаған облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов өткен жылғы ахуалға көңіл бөлді. 
– Аймақта туберкулезбен сырқаттанушылар былтырмен салыс­тырғанда 7 пайызға төмендеген. Десе де, Сарқан, Талғар, Бал­қаш, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласындағы сырқаттанушылар саны облыстық көрсеткіштен жоғары. Туберкулездің асқынған 8 жағдайы Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар, Сарқан аудандары және Талдықорған, Текелі қалаларында тіркелген. Туберкулез ошақтарында қарым-қатынастағы 13 жағ­­дай анықталған, – дей келе, Е. Жақ­сыбекұлы 251 азаматтың екпеден бас тарту жағдайы тіркелгендігін жеткізді. 

Сөз кезегін алған облыстық туберкулезге қарсы диспансердің басшысы Дәрібек Әсемғалиев аудандардағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталды. 

Аудандарда емдеу топтары бар­ балабақша ашу мәселесіне тоқ­тал­ған А. Жылқышыбайұлы өңір, аурухана басшыларынан есеп алды. Нақтыласақ, Қаратал ауданы бір ай ішінде осындай балабақша ашылатындығын айтса, сырқатпен байланыстағы балалар саны көп байқалған Жамбыл, Іле, Қарасай аудандары  әлі де уақыт беруін сұрады. Ұйғыр ауданы болса, екі нұсқа дайын тұрғанын, 25 орынды жекеменшікті санаторий тобын жақын арада ашуға тырысатындығын айтты. 

Барлығының өтініші мен ұсыныстарын тыңдаған аймақ басшысының орынбасары наурыз айының екінші аптасына дейін кезең-кезеңімен емдеу тобы бар балабақшаларды ашуды тапсырды. Сондай-ақ, атқарылған жұмыстар жөнінде екінші тоқсан қорытындысында баяндау қажеттігін ескертті. 

Отырыс барысында сырқаттанушылармен байланысы жоғары ретінде анықталған аудандар да баяндалып, жауапты мекеме өкілдерінің сөзі тыңдалды. Мысалы, Талғар ауданында сырқатпен байланыстағы 732 адамның 36-сы ғана емдеу орталығына жіберілген. Сонымен қатар, ауруханада педиатр дәрігер тапшы. 

Іле ауданында флюорография нәтижесінде 83 науқаспен байланыстағы адам анықталып, олардың жалпы саны 129-ға жеткен. Оның ішінде 4 жасөспірімнің екеуі манту арқылы, ал екеуі өзінің өтініші бойынша анықталған. Қапшағай қаласында бала­бақшадан 27 орынды күндізгі емдеу тобы ашылған. Одан бөлек, 1 млн. 700 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. 

– Әлеуметтік көмек көрсетуге бөлі­нетін қаржы – 106 млн. теңге. Ал сырқаттың таралу деңгейі – 56,6 пайызды құрайды. Бұл басқа облыстар­мен салыстырғанда оң көрсеткіш, – дейді туберкулезге қарсы диспансер мамандары. 

Жиын соңында   Ақан   Жылқы­шы­байұлы тиісті сала басшыларына екпеден бас тартуға байланысты тү­сіндірме жұмыстарын жүргізіп, әлеу- меттік көмекке берілетін қаржыны толық игеруді жүктеді. 

Еңлік ҚАБДЕШ.