ҚАР ЕРІДІ, БІРАҚ ҚАУІП ЖОҚ

Уақыты: 28.02.2019
Оқылды: 1565
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Көктем – 2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды. Алматы облысында өткен Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына әртүрлі техника мен арнайы жабдықтар, 137 адам қатысты. 

 

Оқу-жаттығу жиыны­нан кей­­ін облыстық әкім­дікте штаб отырысы өтті. Тө­тен­ше жағдайлардың ал­дын алу мақсатында бас қосқан жиынды облыс әкімінің бірінші орынбаса­ры Лаззат Тұр­лашов өткіз­ді. Жиын се­лекторлық режим­де өтіп, оған облыс­тың барлық аудан, қала әкім­дері қатысты. Лаззат Махатұлы бірін­ші сөзді облыстық төтен­ше жағдайлар де­пар­та­менті төтенше жағдайлар­ды жою бөлімі бас­­тығының міндетін уа­қыт­ша атқарушы азаматтық қорғау майоры Нұрлан Ыбы­шевқа берді.

Нұрлан Жолдасқанұлы облыста өткен оқу-жаттығу жиыны жайлы егжей-тегжей баяндап, өңірде тө­­тен­ше жағдай туғызатын қауіпті аймақтарды атап өтті. Өткен жылмен салыстырғанда таулы аймақта қар қалыңдығы едәуір жоғары. Қар қалың түскенімен ауа райының қалыпты жағдайда екенін ескертіп, айтарлықтай қауіп­ті жағдай туғызбайтындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қандай жағ­дайға да қарсы тұруға облыстық төтенше жағдайлар қызметінің сақадай-сай тұр­ғанын  атап өтті.

Бұдан кейін «Казгидромет» республикалық мемлекет­тік кәсіпорнының Алматы об­лысы бойынша филиалының директоры Алмасхан Нұр­ланов сөз алып, алғашқы он­күндіктің ауа райы жайлы ай­тып өтті.

"Казгидромет" болжамы бойынша, облыс аума­ғында күндіз температура 0+8 градустан (кезеңнің соңына қарай +5+13 градусқа дейін) және түнгі температура – 2-10 градустан -2+3 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар, 28 ақпан мен 1 наурызда жауын-шашын болады деп күтілуде.

Ақпараттарды толықтай тың­даған Лаззат Махатұлы төтенше жағдайлар департаменті мен аудан, қала басшыларына жағдайды жіті бақылап, қауіпті аймақтарға кезекшілік қоюды тапсырды.

Селекторлық режимде тыңдап отырған аудан әкімдері кезегімен сөз алып, аудандар­дағы жағдайды баяндады. Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сәтбаев су басу қаупі бар аймақтарға кезекшілік қойып, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатымен ауданда арнайы топ құрылғандығын және техника мен жанар-жағармайдың дайындалып қой­­ғанын атап өтті. Бұған қо­са су өткізу құбырлары мен арықтардың тазаланып, жағдайды күнделікті бақылап отырғанын жеткізді.

Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары, штаб төрағасы Лаззат Тұрлашов қауіптің алдын алуға дайын болуды және жағдайды жіті бақылап, төтенше жағдайлар департаментіне күнделікті ақпарат беріп отыруды тапсырды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ