КӨҢІЛДІ БОСАТҚАН ОТА: БАЛАСЫ БАУЫР ЕТІН БӨЛІП БЕРДІ

Уақыты: 28.02.2019
Оқылды: 2737
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бұл тура мағынасында айтылған сөз. Ұзынағаш ауылының тұрғыны Сұлтанмұрат Есерханұлы өз бауырының бір бөлігін анасына беру арқылы дүниедегі ең жақын адамына өмір сыйлады. Перзенттік парызын осылай өтеген жиырма бес жасар жігіттің денсаулығы аз уақыттың ішінде қалпына келді. Анасының жағдайы да қазір жақсы. 

 

Бауыр трансплантациясын жасатқан Күләшхан Қашпиқызы мен ұлының денсаулығын қадағалаушы учаскелік дәрігерден мән-жайды біліп алғаннан кейін өздерімен тілдесу үшін үйіне бардық. Табалдырықтан аттай бере бес-алты жасар бала алдымыздан жүгіріп шығып: «Ассалаумалейкүм!» – деп амандасты. «Уәғалейкүмассалам! Өркенің өссін, үлкен азамат бол», – деп қолын алып, таза қазақы тәрбиелі шаңыраққа келгенімізді түсіндік. Бұл Күләшхан әпкенің екінші ұлы Мұратжан мен келіні Бағжаннан көрген немересі екен. Шағындау ғана ескі баспананың іші мұнтаздай таза. Еденге төселген алаша, текемет, орындықтарға кигізілген ұлттық ою-өрнекті қаптамалардың барлығы да кезінде қолөнермен айналысқан ісмер жанның өз қолынан шығыпты.

Күләшхан – алтын асықтай үш ұлдың абзал анасы. Тұңғышы Тілеужан, екінші ұлы Мұратжан, кенжесі Сұлтанмұрат аналарын алақанға салғандай қатты құрметтейді. Қара шаңырақтан енші алып бөлек шыққан үлкен ұлдан басқасы осында бірге тұрады. Бауыр ауыстырудың барысын ана мен бала асықпай отырып әңгімелеп берді. Тәубә, бүгінде барлық ауыртпалық артта қалды. Үш жыл күттірген ота былтыр жазда Алматыдағы А. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының бауыр трансплантациясы бөлімшесінде жасалған. Оған дейінгі қиыншылықтар, Астана мен Алматыдағы емдеу шаралары, тапсырған сансыз сараптамалар қазір көрген түстей ғана. Сегіз сағатқа созылған ота сәтті өтіпті. Аурухана төсегінде бір апта жатқаннан кейінгі ұзаққа созылған оңалу үрдісі ойдағыдай өтіп жатыр. Денедегі бүкіл қанды сүзгіден өткізіп, тазарту қызметін атқаратын бұл ағзаның басты ерекшелігі – өсіп-жетіліп, бастапқы қалпына келетіндігінде. Ас ішкенде қорытылуы ауыр тағамнан тартынып, бауырға салмақ түсірмей, күтінетінін айтады. 

Жас адамның денсаулығы тез түзеледі. Бауырының 70 пайызын анасына берген Сұлтанмұрат отадан кейін көп ұзамай-ақ жұмысына кірісіп кетіпті. Ол аудандық білім бөлімінде инспектор қызметін атқарады. Ал Күләшхан Қашпиқызы үй шаруасында. Учаскелік дәрігер Олжагүл Сейітмұраттың айтуынша, анасы да, ұлы да дәрігер берген барлық ұсынымдарды бұлжытпай орындайды. Әңгіме кезінде оны біз де аңғардық. Көздерінен өмірге деген құштарлық оты, алдағы күндерге деген селкеусіз сенім анық сезіледі. Болашаққа құрған арман-мақсаттары жарқын. Анасы кенжесін үйлендіріп, немере-шөберенің қызығын көрсем дейді. Ниетіне жетуіне тілектестігімізді білдірдік.

Олар ауданға Моңғолиядан 1991 жылы алғашқы лекпен көшіп келіпті. Ол кезде отағасы Есерхан марқұмның денсаулығы мықты, қырықтағы қылшылдаған шағы. Алғаш Үлгілі ауылында мал бағып, егін шаруашылығымен айналысқан екен. Одан кейін Ұзын-ағашқа қоныс аударып, осындағы орталық базарда сауда жасайды. Жеке кәсіпкер ретінде тірлігін дөңгелентіп, үйінің жанынан шағын дүкен ашқан. Алайда өкпеден науқастанып, ота жасатты. Одан кейін гепатит дерті жабысып, ақыры алып тынды. Күләшхан да сол аурудың азабын жеті жыл бойы тартты. Тірнектеп жиған дүние-мүлкінің ем жолына жұмсалғаны жанының садағасы дейді. Бастысы, басы аман, бауыры бүтін. Отандық медицинаның жетістігі оның ең бірінші байлығын сақтап қалды. Соған шүкіршілік етеді.

Кетерімізде Күләшхан Қашпиқызы ақ халатты абзал жандарға деген шынайы ризашылығын «Жетісу» газеті арқылы жеткізуімізді өтінді. 

– Ұлттық хирургия орталығының профессоры Болатбек Баймұханов, қолы шипалы хирург Шоқан Қаниев, аудан дәрігерлері Гүлнәр Болатқызы, Жақсылық, Олжагүл Сейітмұрат, мейірімді медбикелер Мәдина мен Раушанға рахмет! Сондай-ақ, қиналғанда көмек қолын созған туған-туыс, нағашылар, жора-жолдас, базардағы таныстар, моңғол елінде мектепті 1978 жылы бірге бітіргендерге алғысым шексіз, – дейді ол. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы