ТӨРТ ТІЛДЕ ШЫҚҚАН ШЕРЛІ ДАСТАН

Уақыты: 28.04.2019
Оқылды: 1278
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматыдағы Ұлттық кітапхананың үлкен залында көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Абай және Махамбет атындағы ұлт сыйлықтарының иегері Ғалым Жайлыбайдың қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдеріне тәржімаланып басылған «Сұлубайдың әні» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Салтанатты шараны жүргізіп отырған қазақтың белгілі ақыны Жүрсін Ерман поэма жазу ақыннан шеберлікті ғана емес, үлкен парасат пен терең білімді талап ететінін айта келіп, осы күрделі жанрға қалам тартып жүрген Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығына аз-кем тоқталып өтті. Оның оқырман бағасын алып үлгерген өзге өлеңдерін айтпағанда, «КарЛаг» лагеріндегі әйелдердің ауыр тағдырын суреттейтін «Қара орамал» дастаны, Жаяу Мұсаның өмірі мен шығармашылығына құрылған «Ақ сиса» поэмасы, «Киікқашқан» дастандары қазақ поэзиясында өзіндік орны бар озық шығармалар екені ақиқат.
Бүгінде солардың қатарына «Сұлубайдың әні» атты тағы бір дастан қосылып отыр. Бұл шегараның арғы бетіндегі қалың қазақтың күреспен өткен ғұмырын, атақты Оспан, Зуха, Сұлубай батырлар мен сал-серілердің тағдырлы тарихын түгел көз алдыңа алып келетін болмысы бөлек туынды. Игілікті шараны қолға алып, кітаптың шығуына демеушілік көрсеткен «Ер  Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия екенін де айта кеткеннің артықтығы жоқ.
Дәстүр бойынша кітаптың лентасын кесуге шыққан әдебиетіміздің алыбы, қадірлі ақсақалымыз Қабдеш Жұмаділов өзіне етене таныс қытай қазақтарының арғы-бергі тарихынан мол мәлімет бере келіп, «Сұлубайдың әні» атты поэманың қазақ руханиятына қосар үлесі жайлы ойларын ортаға салған. Сахна төріне шыққан  Әбсаттар қажы Дербісәлі, жазушы Сәбит Досанов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, академик Уәлихан Қалижан, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия, Әсет Найманбайұлының немересі Бақытбек Сыздықов төрт тілге тәржімаланып,  жарыққа шыққан жаңа кітаптың болмысы мен мазмұны жайлы ой толғап, Ғалым ақынның шығармашылығына жоғары бағасын берді. Ал Қарағанды қаласынан арнайы келген қазақтың арқалы ақыны Серік Ақсұңқарұлы жиылған жұртшылыққа шағын баяндамасын ұсынды.
Шара барысында Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрының әртістері поэмадан қойылым көрсетсе, күй өнерінің шебері Секен Тұрысбеков «Ақ жауын» күйін күңіренте орындады. Ал Жүрсін Ерман ағамыз бастаған ақындар Алмасбек Ахметбек, Мағиза Құнапия, Аманғазы Кәрібаевтар Ғалым Жайлыбайға арналған  өз өлеңдерін оқып, ыстық ықыластарын жырмен жеткізді. Айтыскер ақындар  Бақыт Жағыпарұлы және Серік Қалиевтар тілектерін суырыпсалма ақындық дәстүрімен ұштастырып, жұртшылықты бір сілкіндіріп тастады. Тұсаукесер тойы осылайша тамаша жыр кешіне айналды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Алматы қаласы