ТЫЛСЫМ ДҮНИЕ

Уақыты: 05.05.2019
Оқылды: 2003
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мен Бақтыбай Айнабековті ұзақ жылдардан бері білемін. 1972 жылдың күзінде Жаңақорғанға (Қызылорда облысы) алғаш барғанымда Бақаң аудандық «Коммунизм жолы» газетінде әдебиет бөлімін басқарады екен. Арада бірнеше жыл өткенде аудандық партия комитеті Б. Айнабековті өздеріне жауапты қызметке шақырып алды. Содан Алматыға келгенге дейін осы аталған жұмысында болған еді. Ол бұған дейінгі аралықта өлең жинақтары мен көптеген көркем шығармаларымен қатар «Дін мемлекеттен бөлек пе немесе жауапсыз хаттар», «Фәлсафа – Алланың аян ілімі», «Әзірет Сұлтан кесенесін қорғау – қазақтың имандылығын қорғау», «Елбасын елең еткізген жігіт», «Есігіңді аш, Өкімет пен Үкімет, дін келіп тұр» атты діни тақырыптағы кітаптарын да («Жазушы», «Жалын» баспаларынан) шығарып үлгерген еді. Ол кездегі негізгі өмірлік мақсаты – ақындық, жазушылық саласы болатын.


Алматыға келгелі алғашында «Қазақстан» телеарнасында журналистік жұмыс атқарды. Кейіннен республикалық «Заң» газетінде, «Жұлдыз» журналында жұмыс істеген. Сөйте келіп Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Б. Айнабеков ежелден-ақ жаны сүйген Ислам әлемін ардақтап, оны өзіне мықтап тірек ете бастады. Тегінде адам баласы ерікті, азат көңілмен нені сүйсе, нәтижесінде соның жемісін көреді. Сол жолда Бақтыбай Айнабеков өзіне тән бір тылсым дүниеге тереңдеп бой ұрып кетті. «Аса даналық – былайғы сырт көзге шалықпен, шалықтаумен бірдей көрінеді», – деп француз жазушысы Ларошфуко Франсуа айтқандай, Б.Айнабековтің ендігі әрекеті алғашында жұртқа тосын танылғандай болды. Кімде-кім өзіне түсініксіз тылсым дүниенің сырын ұғына алмаса, оған таңырқай қарайтыны айдан анық. Қазірге дейін жұмырбасты пенде біздерге түсініксіз, яғни адам баласы сырын ашып болмаған құпия, тылсым дүние аз емес. Ол біз үшін тілсіз, мылқау, жасырын сыр. Мәселен, сондайдың бірін ең қарапайым сөзбен айтқанда, аспандағы күн сайын өзіміз көретін сансыз жұлдыздардың әрқайсысы мына біз басып жүрген алып жер шарынан бәлен есе үлкен дейтін ғылыми тұжырым бар. Айтқалы отырғанымыз, соңғы жылдары Бақтыбай Айнабеков осындай көп пендеге беймәлім бір тылсым құпиясы бар, жасырын сырлы тұңғиық әлемге бойлағанын көзі қарақты қауым аңғара бастады. Ол өзі дендеп бойлаған сол табыстары жайлы алғашында «Мұғжиза», «Жылан терісіне жазылған жылнама» деген кітаптарын шығарған еді. Соның артынан іле-шала «Алланың маған аяны» (1182 бет. 2015 ж.), «Бір тұтас Құран – менің тағдырым» (1158 бет. 2016 ж.), одан қазірге дейінгі аралықта «Ілім – ерекше ғылым», «Жәннатқа жол», «Шүкіршілік», «Асылдан келген ақ кітап», «Алланың Йа Сиин сүресін тәпсірлеп түсіндіруі», «Бір Аллаға сиынып, кел, Құранды оқылық», «Елбасына дін туралы екі хат» (жалпы көлемі 304 баспатабақ) және осы жылдың аяғына дейін баспадан шығуға тапсырылып қойған 210 баспатабақ төрт кітап: «Қыбыла» екі томдығы мен Құран тәпсірінің 3-ші томы. Алдағы уақытта қосымша шығатын Жебірейіл мен Ғызырдың екі томдық Ілім кітаптары, Пір Фатима Ана мен әл-Фарабидің «Рух туралы» екі томдығы, «Періштелер әлемі», «Иман шарттары», «Құранда есімі бар пайғамбарлардың Тәңірмен тілдесу мұрағаттары», «Құран қаріптерінің таңбалану қасиеттері», «Ас Сабур ілімі», «Үйсін патшаның төрт құбыласы мен жеті атасы туралы ілім», «Йассауидің жер астында Алламен тілдескен Сары кітабы» (150 баспатабақ), тағы да басқа амал-ілім кітаптары дайындалуда. 

Бір таңғаларлығы, осындай діни-ислами томдарды қашан, қай уақытта жазып және оны арт-артынан ізін суытпай іркес-тіркес бастырып, жұртшылыққа ұсынып жатқандығы. Осыған қарап ойға қалмауың мүмкін емес. Әсіресе, автор қолына қалам алу үшін жағдай іздеп, шарт күтіп, шабыт шақырып отырмайды. Тылсым хабар күндіз, түн жарымында келсе шырт ұйқысын бұзып, қағаз-қаламға жармасады. Жұртқа жұмбақ автор үшін кеш қозғалып алдынан түн шыға ма, ерте қозғалып алдынан күн шыға ма, шарт емес. Жоғарыдан келетін әмір-бұйрық тәуліктің қай кезіне тура келеді, соған қарайды. Егер ол үзіліссіз жалғасып жатса, шаршап-шалдықтым демей, мойнындағы борыш жұмысын ада ете тындырып, бір-ақ түрегеледі. Осыған қарап таңырқамауың, толғанбауың мүмкін емес. Елмен бірге ауыз толтырып ас жеп, тамақ ішіп жатқан ол емес. Осының бәрін мен сияқты жақыннан білсеңіз, тамсанып-таңданбауға болмайды. Ойың жетпей соған құсаланып отырасың да Алла оның ми әлеміне елде жоқ зеректікті, ұстап қалғыштықты кіргізген бе деп ойлайсың. Ғайыптан алған аяндар шоғырын жол-жолымен қағазға түсіру әрі бұл жолда ұйқы-күлкі атаулыны бұғаулап қоярлықтай қауқар қайдан кіріккен?! Әрине, бұл – Алланың Құдіреті. Тұңғиық сырға құл бола бағынған ғажап ынсан өзіне берілетін Аянның келуіне қарайды. Соған тұтқындала байланған.

Рас, мұндай нәрсе діндар Бақтыбайдың заманында ғана пайда болмаған. Мәселен, Әбуғали ибн Сина бастаған «мәдәт-Сина» (яғни «Сина медеті» деп медет тұтқан) ем-дом көрегендігін бүкіл Еуропа 200 жыл бойы пайдаланып, оны «медицина» деген атауға өзгерткені мәлім. Айтқалы отырғанымыз, сол Әбуғалиға әулиелік қонғаны сияқты Б. Айнабековке де өз алдына бір көрегендік қонғаны байқалуда.

                   ***

Жалпақ жаһан жаралғалы бері жын-перінің тілін білген Сүлеймен пайғамбар, Лұқпан хакім әулие, Әбуғали ибн Синадан бері қарай өзгеге беймәлім, жан-әлемі түсініксіз жұмбақ нысандар аз өтпеген. Жан-рухы ғарыш жақпен астасып, соған байланып жататын; аяналғыш, ғайып-құпия тылсымға бағынатын; былайғы жұртқа сыры жат, «құлыптаулы» пенделер ұшырасып отырған. Олардың сан түрі миллиондаған жылдарда тек-тегімен келіп, мүше-мүшесімен жер бетінен өшіп отырған. Олар: біртуар кемеңгер, данышпанымен, сұңғыла, саңлақ әулие-әнбиелерімен; көріпкел, шалық-сәуегейімен; шипахан, тамыршы, тәуіп, емкөстерімен; жын буған бақсы-балгер, құшнаштарымен; шайқы-бұрқы, диуана-дәруіштерімен; аруақ қысқан тәркі-дүние, қиялыларымен; ғашық-мақшұн, мәжнүндерімен; ең аяғы сынық салғыш оташы, мертікшілерімен; атбегі, құсбегі, сайыпқыран сыншы, саятшыларымен; күңіренген күйші, зарзаман қобызшыларымен; көзбайлаушы, сиқыршы-жадыгөйлерімен, тіпті мүттәһәм, мыстан, кәззаптарымен жер бетін мекендеп өткен. Соның бәрі мүлде ізсіз жоғалмай тұқым қуалап, тамыр тартып, әулеттен-әулетке бұтақтап тауып, қонып отырған. Ардақтап ұстай алғаны ел-жұртқа танылып, пайдаға жарады. Ал тұта алмағаны «таза аруақ ұрып», дүн дүниеден баз кешіп, екі есті шалық, шайқы болып жүрді. Байлық, пайда атаулыны мансұқ етіп тозғындаған дәруіштер санатына кетті. Жұрт сөзімен айтқанда, «аруақтары шамданып» мәйіп болған; бет-ауыздары қисайып кәріп болған.

Осыған қарағанда соның ішіндегі аяналғыштар сонау Арыстан бап, Құл Қожа-Ахмет Йассауилермен тоқтап қалмаған. Аяншылардан өзге тобы, мәселен, бақсы-балгер, көріпкел тәуіптер бір жағынан нәпақа түсіру, бала-шаға бағу жағын басты кәсіп ретінде пайдаланса, Бақтыбай Айнабековтікі бұларға мүлде ұқсамайды. Ол, керісінше, қолында барын Құдай жолына атап, қашан көрсең өз үйінде немесе баласының отбасында, тіпті Шаңырақтағы «Бекет Ата» мешіті, Тастақтағы «Төле би» мешіті, «Қайрат» мешіті, тағы басқа Қаскелең мешіттерінде ағыл-тегіл дастарқан жайғызып, қарашоғыр халықты жинап, Алла ризалығына құдайы атап жатқанын көресің. Оның сыртында өзіне келген аян бойынша зайыбы Зүбайрамен бірге қажылық сапарға қайта-қайта бару және өздері ғана емес, балаларын да қос-қостан сол қажылық парыз өтеуге аттандырғанын көресің. Айтар сөзінің басы «Құдайға бер де жыла, Алла ризалығы үшін қолыңда барыңды аяма» деуден басталады. Қысқасы, уағыздайтыны – Алла жолы. Осының өзі тәуелсіздік алған егемен-дініміздің жемісі. Баға жетпес табысы. Ислам дініміздің бұтақтап күшейе түскенінің белгісі деп білуіміз керек.

Қазақ елі небір қиян-кескі, қилы тағдырларды басынан кешкені белгілі. Басқасын қоя тұрғанда жоңғар-ойрат шапқыншылығы жүздеген жылдар бойы қазақтың елі-жұртын қанды қырғыннан көз аштырмаған сұрапыл кездер болды. Жасанған жау тұтқиылдан келіп ауыл үстін қанға бояған кез аз болған жоқ. Бейқам жатқан қайран ел, аялаған ауылы шабыста қалды, арулаған өлігі табытта қалды. Асулы еті қазанда қалды, шулаған ауылы озанда қалды. Есігі ашулы қалды, жүгі шашулы қалды. Үйі тігулі қалды, отыны үюлі қалды. Артқан жүгі теңкиіп түйеде қалды, түйесі кеңкиіп қияда қалды. Сонылаған малы өрісте қалды, соқа басы керісте қалды. Секіргені – бүргедей, семіргені – сүмбедей көз қуаныш жылқысы тауда қалды, таудағы жылқысы жауда қалды. Күлік атын жау мініп, күдіс етті, күдері ерін жау шауып, күмілжік етті. Тұлымдысын тұтқындап тұл етті, айдарлысын тұтқындап құл етті. Сіргелі өгізіне жүгін артты, сырғалы қызына «назын» артты. Түйенің солқылдақ өркеш тайлағына көз салды, әйелдің солқылдақ төс-бойдағына көз салды. Бүлінбеген несі қалды? Ботасынан ажырап мая боздап, жалғызынан айырылып ана аңырап, байы өліп, бақыты күйген келін зарлап, алма бетті аруларымыздың көз жасы парлады. Қалың қырғын ішінде бала жылап, кәрі құлап күңіреніп, қойдай жамырап шулаған зарзаман орнады. Иесінен адасқан ит-екеш ит құлазып ұлыды. Құтырынған жоңғар судай төгілген қанның сұрауы бар демей садақ жебесін қарша боратты. Құнқұйлы жау бала-шаға, кәрі-жас, кемпір-шал демей, ауыл үстін шылқыған қанға бояп, қайран еліңді найзаның ұшына, қылыштың тұсына душар етті. Қарақат көз аруларымыздың қос бүйірін таянтып «Елім-ай» әнін зарлатты. Әнін емес, қанды қырғыннан сыпырыла босқан жоқтауын зарлатты.

                        * * *

Жоңғардан азат болғаннан кейін бір заман өзінің сол баяғы көшпенді тұрмысында «хан тағында, қара орнында» күн кешіп тұрды. Қазақтың елі-жұрты, ұлы даласы қайта көктеп, қайта гүлдеген ғасыр келді. Шаруасын күйттеп, тау, даласын еркін жайлаған ел күні шуақты, қонысы суатты, өрісі малды, дастарқаны майлы тұрмысқа қайта жеткен. Еңбекқор қазақ төрт босағасы төр болып, төрт құбыласы тең болып, төрт түлік мал қасиетінен төрт тұрманы сай келіп, ырысы асып-төгілген, бейқам жатқан жұрт болды. Бір сүріндіріп, екі сүйіндіріп, әдепті жігіт, көргенді ұл өсірген келелі кеңес қарты бар, екі күйіндіріп, бір сүйіндіріп, қылықты қыз, құлықты келін өсірген керме иық, кемел бәйбішесі бар ұлт жатты. Әйелі ерімен, ері елімен ойласқан, ақ қалпақты атасы мен ақ жаулықты әжесін пір тұтынған ұялы тамыр ордалы ел жатты. Орманды өңір, тұрманды тұрмысы бар жұрт жатты. Әр ауыл есті басшыға бағынып, бай-кедейі білінбеген ымыралы ел жайлауға қарай ыңырана көшіп, мыңғырған малмен маңғыстап жылжып, мамырлап қонушы еді. Дауыл келсе алты қанат ақ үйге өрнек құрдан арқан салған, дау келсе ердің құнын екі ауыз сөзбен мойнына алған қазы-биі болды. Шешендік пен көсемдікке зәрулігі жоқ көшпенді қазақ еді. Таралғысын алты қабат тағынып, бөркін шекеге салып, үзеңгісін шіренген бай-бағланы бар, байтал мініп, құлыннан дәме қылмаған жарлы, жалшысы бар, әр мырзасы өзінше шіренген, әр ақсағы өзінше ақсаған бейбіт жатқан ел еді. Мінезде, сыбағада, сөйлер сөз өрелгі-жоралғыда «жақсы» атанып; «көргенді жердің қызы боп», «өскен аруақ келіні боп», «киелі шаңырақ қорымалы боп», қылаудай міні табылмай жайқап отырған «Еділ мен Жайық» бәйбішесі бар, қысы-жазы бел шешпей бай малын сауып, сарыала етек-сауыс болған салбөксе сауыншы қатыны бар, тау, даланы алып жатқан ел еді. Байдың іргесінде қосақбасты-нартайлақ болып байланып шөмелені шөп етіп, қашқан сиырды мал етіп, көз сүзіп отырған кедейі бар. Шықпаған жаннан үміт, бітпеген малдан үміт болған жалшы еркегі бар. Іші томпайған әйелге, тумаған балаға «кіндік шеше» болғыш еміншек әйелі бар жайымен жатқан ел еді. 

Келе-келе қазақтың бұл күні де өзгеріп, Кеңес өкіметі орнады. Ұлтымыздың ең маңдайалды жақсысы мен жайсаңын түгендеп, жоюды көздеді. Елдің елдік сиқын кетіріп, оның бас көтерер бекзаттарын тұтқындады, жойды. Түп-тамырына балта шапты. Бірақ халық бар жерде жақсылық атаулы өшіп жоғалмайды екен. Еліміз егемендікке қол жеткізіп, өз ұлтынан тұңғыш рет Президент сайлады. Осындай жағдайда Бақтыбай Айнабековтей Ислам әлемін бар жан-тәнімен сүйген, тылсымға бағынған азамат пайда болды. Ол өз өмірін Алла жолында құрбандыққа тіккен адам. Осы орайда қоса кетуге тура келген бір жайт, наурыз айының 18-і күні «Пендеміз ғой» хабарына түркістандық суретші Бақытбек деген кісі кейіпкер ретінде қатысты. Сау басына сақина тілеп алды. Құпияға сенбейтіндер жан-жақтан талап, кергіге түсті. Омар Жәлелұлы бастаған көзі қарақты, ойлы қатысушылар дүниенің екі жағы барын, яғни көзге көрінбейтін және оның құпия, тылсым жақтары болатынын ортаға салып, жан-жақтылы өрісті пікір айтты әрі көкейге қонымды болды. Аллаға сенген Бақытбектің жазығы – қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да елге пайдасын тигізіп жүргені. Ол көріпкел де, бақсы-балгер де емес, ойлап қарасаң, ол шексіз күшіне қылаусыз сеніп, өзін соған тас қып байлаған жан сияқты. Қазақта бұрыннан келе жатқан «сілтегені – ем болған, «сүф» дегені – дем болған» деген сөз бар. Аллаға зары жететін ішінара адамдарға сол тектес қасиеттер берілетінін білмейтін өмірден көргені аз, ойы қысқа адамдар аңғырт сөйлеп, үстірт баға беріп жатады. Өкінішке қарай кейбір психологтар мұндайда өздерін елдің бәрінен жоғары санап отырады. «Психолог» деген атағын бетке ұстайды. Ол құпия, тылсым дүниелер барын есепке алмайды, қиялына кірмейді. Тек өзінің оқып алған дипломдық дүниесін қару етуден аспайды. Сол күнгі психолог әйел Бақытбектегі бар болмысты былай бағалады: «Рухани әлсіз адамдар былайғы естіп жүргені бойынша суретте құдірет бар дегенге сенеді де сол арқылы өзіне шипа табуы мүмкін» дегенге ойысты. Көзге көрінбейтін құпияға сенбей отыр. Құранда Алла сөзімен айтылатын жын-шайтан бары, періштелер бары психологтың есінде бар ма, жоқ па, белгісіз. (Құранға сенбеген адам кәпір болады). Аспан әлемінің құпиясы әлі ашылған жоқ. Мәселен, сан мыңдаған жұлдыздардың әрқайсысы жерден үлкен. Оларда қандай сыр бар? Олай болса «көзім көрмегенге сенбеймін, қолмен салған суреттің астарында «емдік қасиеті» болады дейтіндер – рухани әлсіз адамдар, яғни не болса соған сене салатын, иі жұмсақ адамдарға тән» деп бір жақтылы кетуге болмайды. Мәселен, сол күнгі психолог әйел осы мақала арқауы болып отырған Бақтыбай Айнабековтің аян алуын да әрі оған сенетін біздерді де «рухы әлсіз, босбелбеу» біреулерге жатқызары сөзсіз. «Кербезсінген қыз кемсейген кемпір болады» дейтін мәтел бар. Жас психолог қыздарымыз, қыз-келіншектердің кейбірі кейін кемпір болған кезінде дүние сырын қазіргіден басқаша түсінуі мүмкін. Тылсымға жақын адамдардың жүрегін жаралап жүргенін сонда біледі. «Бояушы» дегенге сақалын бояу» деген осындайдан.

Негізі психологтарды оқытатын ұстаздың өзі Омар Жәлелұлы айтқандай «дүниенің көрінетін және көрінбейтін» жағынан хабары бар адам болса, құба-құп болар еді. Тек психология іліміне байланысты кітаптарда айтылғанға тас байланып қалмау керек. Оған да өзгеріс енгізілуі керек. Бір бұтағы дін-исламға байлануы керек. Сонда ғана жазықсыздарды жазаламайды. Атеистен оқып шыққан атеист-психологтар қасиет қонған адамдарды былайғы жұртқа жек көрсетуде, оларды дүмшелікке апарады. Өз көзі жетпеген нәрсе үшін біреудің көңілін, жанын жаралау – қиянатқа жатады. Айтарым, Бақытбек сияқты аспан-жер әлемінде сыры ашылмаған құпия қасиеттер барына, яғни Құдіреттің күшіне тән тылсым сырға сенетін адал, ақжүрек адамдарды ел-жұрт болып қорғауымыз керек. Ондай кісілердің, әлгі айтқанымыздай, сілтегені ем болып жатса, арғы жағын қазбалап неміз бар? Мүмкін, ол өзіне шексіз берілген пенделеріне Алланың дарытқан лайықты қасиеті болар.

Қорыта айтқанда, мақаланың негізгі арқауы болып отырған Бақтыбай Айнабековтің жөні мүлде басқа. Ол өз басын аян алу ісіне құрбан еткен ынсан. Бар тапқанын сол жолда шашып, үзбей құдайы ас беріп, үзбей қажылық сапарға бала-шағасымен аттана кетуді ойлап отырған отбасы. Аллаға сенген ісін Алла өзі оңғарсын деуден басқа бір ауыз айтарымыз жоқ. 

Жанат АХМАДИ, 
этнограф-жазушы,  
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
«Құрмет» орденінің иегері