ӨМІР КӨКТЕМІ

Уақыты: 05.05.2019
Оқылды: 1131
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жетісудың ақын қызы Гүлнәр Өмірзақованың «Қауырсын-өмір көктемім» атты шығармашылық кеші өтті. Әдеби-сазды кеш асқаралы 60 жасқа толған сөз зергерінің мерейін өсіріп, ақындар мен батырлар елі жұртшылығына тамаша көңіл-күй сыйлады.


Мерейтойына орайластырылған шараға алыс-жақыннан рухани сала майталмандары келіп, көрермен назарына алдымен ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шерткен бейнефильм ұсынылды. Одан кейін «Сүйінбай» театры әртістерінің сомдауымен ақын шығармалары желісінде әзірленген «Мейірім» атты поэтикалық қойылым тамашаланды. Кешті белгілі жыршы-термеші Жылбек Тоқтасынов жүргізді.

Аудан әкімінің орынбасары Әділбек Далабаев мерейтой иесіне арнаған аудан басшысы Бағдат Әлиевтің құттықтауын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті. Аудандық мәслихат депутаты, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әскербек Абаев өзінің ағалық ізгі тілегін білдірді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтауы тапсырылып, ақын-жазушылар Орысбай Әбділдә, Қуат Қайранбаев және Мылтықбай Ерімбетов қаламгерлер атынан лебіз айтты. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің басшысы Ләйләш Бәкірова мерейтой иесінің ұстаздық қырынан сөз қозғап, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі журналист-жазушы Күмісжан Байжан жылы пікірімен бөлісті. Ұстаз-ақынға республикалық «Өрлеу» білім-ғылым-технология порталы тарапынан «Оқу ісінің үздігі» төсбелгісі тапсырылды.

Сахна төрінде Гүлнәр Өмірзақованың жуырда «Толғанай Т» баспасынан жарық көрген «Қауырсын-өмір көктемім» атты кітабының тұсаукесері жасалып, рухани дүние алғашқы оқырмандарының қолына тиді.

Беріктас ауылында туып-өскен Гүлнәр Өмірзақованың есімі жетісулықтармен қатар республика оқырмандарына да жақсы таныс. Ол Жамбыл, Абай, Мағжан, Мұқағали атындағы жыр мүшәйраларының жеңімпазы, түрлі байқаулардың лауреаты, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасының иегері. Сөз өнеріне жас күнінен-ақ етене бойлаған ақын қыз:
Өмір-өлең, өзекті белеңдерім,
Жаңа күнге құс болып елеңдедім.
Поэзия – ақ бастау шымырлаған,
Ақ бастауға келеді тереңдегім», –
деп өмірін өлеңмен қосөрім етіп, атамекенін асқақтата жырлайды. Туған топырақтың шұрайлы табиғатын, шырайлы азаматтарын шығармаларына арқау етіп келеді.

Лирикаға толы, кестелі тіл, образды сурет, сыршыл сезіммен ерекшеленген «Жапырақ ғұмыр», «Жүрек лүпілі», «Беріктас – берік босағам», «Жандауа» атты жеке жыр жинақтары оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген. Сонымен қатар, балаларға арналған республикалық басылымдарда жарық көрген «Сахна – өмір мектебі» атты драмалық шығарма авторы. Әдебиетті жанымен сүйген ол 1980 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, біраз жыл аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде, Қазақ радиосы мен Орталық мұрағатта қызмет істеген. 1996 жылдан бері Жазушылар одағының мүшесі. Қолынан қаламы түспей, ұлт руханиятына қызмет етіп келе жатқан ақын кейінгі уақытта аудан орталығында тұрады. Қайназар №2 орта мектебінде және Өнер мектебінде ұлағатты ұстаз. Шәкірттері бүгінгі күні еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген Отанының нағыз патриоттары.

Мерейтой иесінің ұлы Аят – суретші, қызы Гүлзар – педагог. Бүгінде ұл-қызынан бес немере сүйіп, мейірімді әже атанып отыр. Әжесінің шығармашылық кешінде немерелері сахнада билеп, ақын ұрпағының өнерден құралақан еместігін аңғартты.

Кеште Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «драма» сыныбының студенттері тау суындай тазалық, қазақи мінезге толы ұлттық болмыс тұнып тұрған ақын жырларынан әдеби композиция орындады. Сондай-ақ,  Г. Өмірзақованың сөзіне жазылған Талғат Сембаевтың «Бәйтеректей алыбым», Қыдырбек Мәлібековтің «Анашым – сағынарым», «Түнгі сыр» әндері орындалды.
 

Серік САТЫБАЛДИЕВ