КЕШІГІП ЖЕТКЕН МАРАПАТ

Уақыты: 09.05.2019
Оқылды: 930
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мереке қарсаңында Талдықорған қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының қызметкерлері тағы  бір қуанышты жаңалыққа ортақтасты. Басқармаға жиналған Ұлы Отан соғысының ардагері Салық Ұлтарақовтың ұрпақтары 70 неше жылдан кейін «Хабар-ошарсыз, із-дерексіз кетті» делінген аталарының дерегін тапты. Тіпті 1945 жылы Салық Ұлтарақовтың атына Қызыл Жұлдыз орденін тапсыру туралы бұйрық шығып, қайтыс болуына орай берілмей қалған сол марапат ұрпақтарының қолына тиді.
Жақсы жаңалыққа көңілі толқыған Салық Ұлтарақовтың қызы Райыс Салыққызы:
– Әкем 1923 жылы туған. 1942 жылы Ақсу ауданынан соғысқа аттанады. Ол кезде мен бір жарым жастағы сәби едім. Әкемнен соңғы рет 1945 жылы хат келіпті. Онда: «Біз қазір Вена қаласындағы бір ғимаратты басып алу үшін ұрысқа кіргелі жатырмыз», – деп жазылған. Содан хабарсыз кетті. Кейін интернеттің көмегі арқылы әкемнің қайтыс болған дерегін тауып, сол кезде Қызыл Жұлдыз ордені берілгенін білдік.  Қайтыс болуы себепті ол дер уағында тапсырылмапты. Талдықорған қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының көмегімен атамызға тиесілі марапаттың құжаты бүгін қолыма тиді, – дейді. 
Соғыс біткелі қанша жыл өтсе де хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру жұмысы тоқтап қалған жоқ. Талдықорған қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасы жұрттан түскен өтінішті ескерусіз қалдырмай, Ресей Федерациясына сұрау салып, бұл жұмысты ілгерілетіп келеді.
– Бұрын із-дерексіз кеткендердің арасынан табылғаны арнаулы журналда жарияланатын. Қазір интернет желісі арқылы іздеу жұмысы біраз шаруаны жеңілдетті. Жыл сайын бізге дерегі табылған жауынгерлердің туыстары, ұрпақтары хабарласып, көмек сұрайды. Оларға қашанда көмектесуге дайын тұрамыз. Салық атамыз туралы дерек осы жылдың қаңтар айында табылды. Біз осы дерек бойынша Ресей Федерациясына өтініш жібердік. Міне, сол марапат мереке қарсаңында келіп, ұрпақтарына тапсырылды, – дейді Талдықорған қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының басшысы, полковник Ерен Оқасұлы.
Әкесінің дерегін сексен жасына дейін сарыла күткен Райыс апамыз сияқты әлі қанша адам бар десеңізші? Осылайша «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген нақылдың өміршеңдігіне тағы да көзіміз жетті. 

Қажет АНДАС