ЕРЛІКТЕРІ ЕЛГЕ ҮЛГІ

Уақыты: 09.05.2019
Оқылды: 1649
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ерлік қашанда елге мұра, ұрпаққа үлгі. Мереке қарсаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов пен аймақ басшысының орынбасары Ақан Әбдуәлиев Талдықорғандағы бірқатар ардагерлердің үйіне кіріп, құттықтап шықты. 

Алтыншы шағын ауданда тұратын 95 жастағы ардагер Құрмантай Бақбергеновтің үйіне Лаззат Махатұлы арнайы барып, амандығын біліп, мерекесімен құттықтады.   
– Ерлеріміздің ерлігі мәңгілік жадымызда. Сіздердің арқаларыңызда ұрпақтарыңыз бейбіт күн кешіп жатыр, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. 
17 жасында майданға өзі сұранып барған Құрмантай ақсақал әлі күнге дейін түсінде қанды қырғынды көретіндігін айтып, болашаққа бейбіт күн тіледі. 
Облыс орталығындағы Қабылиса жырау көшесінде тұратын 96 жастағы Қанапия Әлімбаевты облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев құттықтады. «Жыл басында облыс бойынша  тізімде 118 ардагер тұрса, қазір 91-і ғана қалды. Алдыңғы буынның сыйлап кеткен егемендігін қадірлеу – біздің міндет», –  деді өз сөзінде Ақан Жылқышыбайұлы. Сталинград түбіндегі шайқаста жарақат алып, Ташкентте емделіп, қайта ұрысқа араласып, ерлік көрсеткен ақсақал аузынан біз кіргелі «Құдай қуантсын!» деген баталы сөзді тастамады. 
Бүгінде екі ақсақал бақыттың базарында күн кешіп жатыр. Құрмантай Бақбергенов алты баласынан отыз немере, жиырма шөбере, төрт шөпшек көріп отырса, Қанапия Әлімбаев он баласынан отызға жуық немере, елуден астам шөбере және он шөпшек сүйіп отыр. 
Шегінісі жоқ өмірдің зымыраған уақытын-ай! «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп, әнеки, жағада тұр» дейді «Қариялар азайып бара жатыр» өлеңінде Мұқағали.  Жыл өткен сайын ардагерлердің қатары сиреп барады. Олардың ерліктері ұрпаққа үлгі. 

Серік ҚАНТАЙ