КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ

Уақыты: 04.06.2019
Оқылды: 922
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысы өңірлік даму орталығының ұйымдастыруымен кәсіпкерлер мен кіші және орта бизнес өкілдеріне арналған инвестициялық форум өтті. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев өңірдің экономикалық дамуы жайында баяндап, индустрияландыру бағытында мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктерге тоқталды.


Елбасы өзінің Қазақстан халқына арналған Жолдауында Нұр-Сұлтан қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясатты жалғастырудың маңыздылығын айта келіп, аймақтарда «Адалдық алаңдарын» құрудың пәрменділігіне тоқталған болатын. Осы орайда, аталған жоба облыста қолдау тауып, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмысын бастады. Бұл мемлекеттік аппарат, бизнес-қауымдастық және үкіметтік емес сектор арасында оң тәжірибе алмасу үшін тамаша форматқа айналды. 

Осыған байланысты форумға қатысушылардың назарына Мемлекеттік қызмет істері агенттігі дайындаған бейнебаян ұсынылып, жиналғандар осы өзекті мәселе жайында сауалнама қағаздарына өз пікірлерін қалдырды. Форумда аталмыш орталық өкілі Әлішер Ақашов мемлекеттік қолдау және инвестициялық қызмет шаралары жайында кең көлемде мәлімет берді. Инвестициялық жобалардың мақсаты мен түрлері жайлы түсініктеме берген Әлішер Серікұлы кәсіпкерлерге жасалатын жеңілдіктер, салынған қаржыға берілетін субсидиялар турасында жан-жақты айтып өтті. Сол сияқты кәсіпорын ашамын деген кәсіпкерлерге көмек ретінде техника сатып алуға қаржылай көмек, кірме жолдарын, электр желісін, су құбыры мен көгілдір отын жеткізіп беру де қарастырылып отыр.   

Аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Әлібек Ахмедов негізінен өз ісін ашамын деген азаматтарға орталық тарапынан берілетін көмек пен жасалатын жеңілдіктер жайына тоқталды. Орталық «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» бойынша жұмыс атқарып келеді. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілі Мәулен Мырзабеков өлкеміздегі жазасын өтеу орындарында бос тұрған өндірістік ғимараттарды жалға алып, оған арзан еңбек қолы ретінде бас бостандығынан айырылғандарды пайдалану мәселесін көтерді.

 Ал қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты облыстық филиалының директоры Мәрия Жетібаева негізінен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) пен Қазақстан Республикасы заңнамалары шеңберінде сәйкестігі міндетті түрде расталуға жататын өнімді әкелу тәртібі, сәйкестік сертификаттарын және сәйкестік туралы декларация беру тәртібі мен осы мәселеге қатысты жайттарға кеңінен тоқталып өтті. 

Облыс бойынша индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің инспекторы Самғат Рахымбай өз хабарламасында шаруашылық және өндірістік нысандарда қауіпті заттарды пайдалану тәртібі, оларды қолдануға қажетті құжаттар жайында анықтама берді. 

Жиын соңында «Алматы облысының өңірлік даму орталығы» ЖШС директоры Тамерлан Разбеков сөз алып, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға жасалып жатқан жеңілдіктер мен көрсетілетін нақтылы көмек турасында мәлімет ұсынды. Форумды аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев қорытындылап, кәсіпкерлер үшін пайдалы жиын өткізгені үшін ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, сәттілік тіледі.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ