БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

Уақыты: 06.06.2019
Оқылды: 855
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

9 маусымда өтетін ҚР Президентінің сайлауы еліміз үшiн ең маңызды қадам болып отыр. Өйткенi, сайлау – әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықтың кепілі. Сайлаудың нәтижелi болуы бiрқатар экономикалық, әлеуметтiк және рухани факторларға да тәуелдi. Экономикалық факторларға меншiктiк, нарықтық қатынастың, ерiктi кәсiпкерлiктiң дамуы, жекеменшiкке ие экономикалық тәуелсiз адамдардың көбеюi жатса, әлеуметтiк фактор – қоғамдық тұрақтылықты қолдаушы, экономикалық ауқатты, күштi «орта таптың» өмiр сүруi. Оның дамуына отбасылық қатынас тұрақтылығы сынды жағдайлар да ықпал етедi.

Сайлауды нәтижелi пайдаланудың рухани негiзiне  халықтың патриотизмдi сезiнуi, заңға деген құрмет, азаматтық жауапкершiлiгi жатады. Мұнда, әсiресе, халықтың жоғары саяси мәдениетi мен бiлiмдiлiгi, оның демократиялық дәстүрi маңызды саналады.

Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдаудың өте маңызды әрі қажетті қадам екенін, Елбасының арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекетке айналғанымызды ерекше атап өткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, биылғы Президент сайлауы еліміздегі демократиялық үрдістің қарқын алғанына дәлел болуы керек. Сондықтан елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін елімізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі бұлыңғыр ахуал Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек.

Президент сайлауы – халық өміріндегі ерекше кезең, тарихи оқиға. Болашағына бағдар беретін маңызды шешімді қабылдау үшін әрбір Қазақстан азаматы тоқсан толғанып, он ойланып, жеті рет кесіп, маңызды шешім қабылдайтыны ақиқат. Қазақстан – демократиялық мемлекет, сондықтан, Президент халықтың таңдауымен сайланады. Сонымен бiрге, сайлау нәтижесi мен өту барысы қоғамның саяси өмiрiнiң көптеген қыр-сырын түсiнуге мүмкiндiк бередi. 

Саясат ғылымдарының докторы, Л. Гумилев   атындағы ЕҰУ профессоры Роза Нұртазина еліміздегі кезектен тыс сайлауға қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешімінің үш факторын ерекше атап көрсетеді. Оның біріншісі: «Қ. Тоқаев Президенттікке сайлау нәтижесі арқылы келмеді. Яғни, уақытша президент деген аты бар. Конституция бойынша Мемлекет басшысын халық сайлайды. Ал біздегі келесі сайлау 2020 жылдың желтоқсан айында өтетін болса, заң бойынша уақытша президент 2020 жылдың сәуір айында өз өкілеттігін тоқтатуы тиіс. Сонда арадағы жеті айда елімізде Президент болмайды дегенді білдіреді». Екінші фактор – дүниежүзіндегі тыныштық. «Әлемде түрлі жанжалдар орын алып, мемлекеттер бір-біріне санкция жариялауда. Осындай алмағайып уақытта шетелдік инвесторлар уақытша Президент басқарып тұрған елге инвестиция бөлгенді жөн көрмейді», – деп санайды профессор. Үшіншіден, қазір дүниежүзінің назары әлемде өз орнын қалыптастырған Қазақстанға ауып отыр. Халықаралық сарапшылар біздегі саяси жағдай қалай өзгеретінін бақылауда ұстауда. Сондықтан, ішкі ғана емес, сыртқы саясатты да тұрақты қалпында сақтау үшін мерзімінен бұрын өтетін сайлаудың пайдасы зор.

Жалпы кезектен тыс сайлаудың мемлекет үшін пайдасы зор. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген халық даналығы бар. Еліміздің көркем келешегі мен бақытты болашағы, әрбір отбасы мен әр азаматтың тағдыры әрқайсымыздың таңдаған шешімімізге тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтеріне сенім мол.

Қорыта айтқанда, биылғы 2019 жылдың 9 маусымында мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлау ел дамуындағы тұрақтылық пен оң үрдісті сақтап қалуға мүмкіндік берері ақиқат.

Асқар МҰСТАБЕКОВ,

генерал-майор,

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы