ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

Уақыты: 06.06.2019
Оқылды: 1077
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов пен «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идиговтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. 


Бірінші болып сөз алған Мейрам Базарұлы мемлекеттік рәміздердің алғаш қабылданған уақытында журналист ретінде игі істің басы-қасында болғандығын айтты. Мемлекеттік рәміз болуға лайық деп түскен көп ұсыныстың ішінен Елбасы Н. Назарбаев Гимн, Ту, Елтаңбаны бекіткендігін тілге тиек етті. 

Мемлекеттік рәміздердің бүгінгі қоғамдағы орны мен маңыздылығы аясында өрбіген әңгіме алаңы патриотизм және қоғамдағы тіл мәселесіне ұласты. Ұлттық тілдің жанашыры Атсалим Саламұлы: «Ұлтым шешен екен деп мен қазақша сөйлемеуім – үлкен әбестік. Өйткені, тіл – рухымыздың берік болуының негізі. Ұлттық код. Мен үнемі қазақы ортада жүремін. Ешбір адам ұлтым, я болмаса менің руым немесе тайпам туралы сұрамайды. Неліктен деп ойлайсыз? Себебі, мен барлығымен бір тілде сөйлесіп, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, менталитетін, өмір сүру дағдысын жақсы білемін. Қазақстанда туып-өскен, осында өмір сүріп келе жатқан бейбіт елдің әрбір азаматы, әр қазақстандық қазақша сөйлеуге міндетті», – деп орысша сөйлеп, тілімізді шұбарлап жүрген кей жастарды сынға алды. 

Сондай-ақ, сахнада патриотизмге қатысты ән айтып не болмаса кеудесін керіп «Мен ұлтжанды, елжанды азаматпын, патриотпын» деп жар салатын жандар жөнінде: 
– Бүгінгі күні біреуді тоқтатып қойып сұрасаң, өзін патриотпын дейді. Тіпті, жұлдыздар да. Ал оның мағынасын сұрасаң үндемейді. Неге? Себебі, олар елжандылық сөзінің түпкі мағынасын түсінбейді. Ұлтжанды болу – елін, жерін, тілін сүю. Соған адал қызмет ету. Осыны түсінген абзал, – деп сөзін қорытындылады. 

Өз кезегінде Мейрам Базарұлы рәміздерді бренд ретінде қолданып, келеңсіз жағдайлардың орын алатындығына тоқталды. «Тудың, Елтаңбаның суретін аяқкиімнен байқап жатамыз. Одан қалса жерде тапталып, балконда ілініп тұрған кездер де болды. Егер де осындай Қытай мемлекетінде орын алса, сол мезетте жаза қолданар еді. Бұл дегеніміз, біздегі заңдық жүйенің әлі де ақсап тұрғанын білдіреді», – деп сөзін мысал келтіре отырып түйіндеді. 
Жиын соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, толыққанды жауап алынды. Әсіресе, сауал легі бүгінгі қоғамдағы мемлекеттік рәміздердің мәртебесіне қатысты болды. 

Аймарал ДӘУЛЕТБЕК