КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК ЧЕМПИОНАТЫ

Уақыты: 06.06.2019
Оқылды: 1055
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «WorldSkills Taldykorgan» облыстық аймақтық кәсіби шеберлік чемпионаты өтті. Үш күнге созылған шеберлік сынының шымылдығы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында түрілді. Шараны облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов ашып, аймақтық чемпионатқа қатысушыларға сәттілік тіледі.


Сайысқа облыстағы  35 колледжден 16 мамандық бойынша 149 студент қатысты. Байқауға сарапшы ретінде «KHAMA PARK”,   «Метакон», «Раушангуль», «Малькеева»,  «Даиров», «Данияров», «Мансур»,  «Сандыбаева», «Шымыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінен, «ТАТЭК», «IDEA» дизайнерлік компанияларынан, «Катюша» оқу орталығынан, «My Genius» бағдарламалау мектебінен  мамандар шақырылды. 

Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі өтті. Жеңімпаздарды білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов марапаттады. Оның ішінде Гран-при иеленгендер қатарында дәнекерлеу технологиясы бойынша Ақсу политехникалық  колледжінің студенті Дәурен Ыстамбеков, электромонтаждық жұмыстар негізінде Текелі  кәсіптік колледжінің білімгері Семен Нестеренко, ауылшаруашылық машиналарының слесарі мамандығы бойынша Көксу  ауылшаруашылық колледжінің студенті Абылайхан Қанатбеков,  жеңіл автокөлікке қызмет көрсету және жөндеу  слесарі негізінде Талғар политехникалық колледжінің білімгері Роллан Жүндібаев, наубайхана  ісі бойынша Алматы  экономикалық  колледжінің тәлім алушысы Дәулет Мылтықбай, шаштараз өнері негізінде Талдықорған  сервис және технология колледжінің студенті Айым Исан, кондитерлік іс бойынша Алматы экономикалық  колледжінің шәкірті Татьяна Шабанова, аспаз ісі мамандығы негізінде Алматы  облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің білімгері Жайық Сейітқали, киім үлгісінің дизайны және модельдеу бойынша Талдықорған сервис және технология колледжінің білім алушысы Маржан Сейдахметова бар. 

Тартысты бәсекеде  Талдықорған  жоғары  политехникалық  колледжінің бес бірдей шәкірті жеңімпаз атанды. Атап айтар болсақ, құрғақ құрылыс және жөндеу жұмыстары бойынша Әділбек Құспеков,  бизнес үшін ІТ шешім аталымы негізінде Қуаныш Мұсанов, веб-дизайн және әзірлеу мамандығы бойынша Алексей Ложенко, графикалық дизайн негізінде  Ибрагим Абдурзаков,  желілік жүйелік әкімшілендіру бойынша Назар Албосынов Гран-при иеленді. Қатысушылардың кәсіби шеберлігіне тәнті болған демеушілер «KHAMA PARK”, «Раушангуль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі,  «IDEA» дизайнерлік компаниясы қатысушыларға арнайы сыйлық табыс етті.  

Жеңімпаздар қазан айында өтетін Ұлттық чемпионатта Алматы облысының намысын қорғамақ.

Алма ЕСЕНБАЕВА