Кәсіпкерлікті қолдау күшейеді

Уақыты: 17.01.2017
Оқылды: 1318
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мешін жылы жетісулық кәсіпкерлер үшін табысты болды. Әсіресе, аудандық және қалалық кәсіпкерлер палатасы филиалының жанынан кәсіпкерлер кеңесінің құрылуы осы саланың тамырына қан жүгіртті. Кеңестің құрамына ауылдар мен округтердің іскер азаматтары кіріп, ауылдағы ірі және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің рөлі мен белсенділігін арттыруға серпін берді. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасатын болады. Осы және бұдан басқа да жаңалықтар жайлы толығырақ біле түсу үшін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаевамен жолығып, ойда жүрген біраз сұрағымызға жауап алдық.

– Ләззат Алтынбекқызы, жалпы, өткен жыл қандай жетістігімен ерекшеленді?
– Біздің жұмыста әрбір жылды бөле-жарып, айрықша баға бере алмаймыз. Еліміздің әр жыл сайынғы өркендеуімен бірге кәсіпкерлік саласы да даму үстінде. Өткен жылы кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер саны артты. Бұл бизнестің бізге деген сенімінің жоғарылағанын білдіреді. Десе де, кәсіпкерлік саласында әлі де күрмеулі мәселелер жетерлік. Айталық, даму институттарының, қолдау құралдарының жұмыс жасап жатқанына қарамастан секторда туындап қалатын қиыншылықтар жоқ емес. Мәселе адам факторына ғана емес, сонымен қатар, заңдағы кедергілерге де тіреліп тұр. Осы кедергілерді жою керек. Десе де, отандық бизнес ішкі нарықтық және сыртқы экономикалық өзгерістерге қарамастан дамудың даңғыл жолын тауып, өз жұмысын жалғастыруда. Бәлкім, кәсіпкерлік қызметтің бір ерекшелігі де осында шығар. Осыдан біраз жыл бұрынғы жұмыс жағдайымыз тым қиын еді. Қазіргі таңда «Атамекен» Ұлттық палатасы жайында бәрі біледі.
– Палатаның жұмыс нәтижелерін санмен өрнектеп берсеңіз?
– Үш жылда өңір кәсіпкерлерінің жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайтын құқығы мен мүддесі қорғалса, өткен жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 319 өтініш тіркеліп, олардың 70 пайызы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Ақшамен есептегенде, олардың жалпы құны 744 млн. теңгелік мүдделері қорғалды. Палата сарапшылары 155 сот дауына қатысса, оның ішінде 108 шешім бизнестің пайдасына шешілді. Мысалы, 2016 жылы біз монополияға қарсы орган «Баға белгілеуде сыбайластыққа барды» деп кінәлаған екі құс фабрикасының мүддесін қорғап, оларды 30 миллион теңгелік айыппұлдан арашалап алдық. Сонымен қатар, палата, кәсіпкерге заңсыз алынып қойылған жер телімін қайтаруға көмектесті. 
Былтырғы жыл палата үшін маңызды жобалардың бірі – Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жасалды. Осы картаға облыс бойынша 22 инвестициялық жоба ұсынылды. Соның нәтижесінде, Панфилов ауданында балық өнімдерін қайта дайындау жөніндегі зауыт құрылысын қаржыландыруға қол жеткіздік. Талдықорғандағы спорттық-сауықтыру кешенінің және Жамбыл ауданындағы этно-мейрамхананың құрылысын қаржыландырдық. Біздің инвестициялық жобаларымыз Бейжің және Чанша қалаларында өткен 8-ші инвестициялық жобалар жәрмеңкесі мен 10-шы мерейтойлық «Чанша-ЕО – 2016» инвестициялық форумында таныстырылды. Тәуелсіздік күні қарсаңында өңірлік карта жобалары «Made in Kazakhstan» Қазақстан Республикасының тауар өндірушілері жәрмеңкесінің және Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жобаларының инвестициялық жәрмеңкесінің қатысушысы атанды.
Осы тұста өткен жылы пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (ПҚӨС) мөлшерлемесінің жоғары болғаны да бірқатар мәселені туындатты. Заңдағы өзгерістерге байланысты жерасты суларына төленетін ПҚӨС құны өсіп, бір шаршы метрге 1 АЕК мөлшерінде салық төлеу ұсынылды. Осының салдарынан кәсіпкерлер ондаған миллион теңгеге артық салық төлеуге мәжбүр болды. Алайда бұл соманы төлеу демалыс орындары үшін қиынға соғып, кәсіпкерлердің наразылығын тудырды. Осы тұста біз Үкіметке бекітілген ПҚӨС құнының 0,3-0,6 пайызын ғана қолдану туралы ұсыныс жасадық. Ұсынысымыз Мәжіліс депутаттарының– Об назарына ілігіп, мәселенің оң шешім табуына түрткі болды.

Облысымыз  аграрлық өңір саналады. Мұнда ауыл шаруашылығымен 47 мыңнан аса шаруа айналысады. Өткен жылы  ауылшаруашылығы өндірушілеріне қандай жағдай жасалды?
– Былтыр егіс алқаптарына үздіксіз барып, шаруа қожалықтарымен кездесіп, кооператив құрудың пайдасын түсіндірдік. Шынын айтайын, адамдар бұрынғы кеңестік кооперативтер туралы теріс пікірден әлі де арыла қоймаған. Біздің сарапшылардың осындай бірігулердің мүмкіндіктері мен оларды қолдау жөніндегі шараларды тиянақты түсіндіруінің нәтижесінде 22 ауылшаруашылық кооперативі тіркелді, осы бағыттағы бірігу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қазір сол кооперативтердің сауда желілерімен әріптестік орнатуына көмектесіп келеміз. Мысалы, «Ақ өзек» АӨК Новосибирск қаласындағы супермаркет желілеріне пияз жеткізуді бастады. Сондай-ақ, ауылшаруашылық кооперациялары мен Алматы қаласының ритейлері арасында кездесу ұйымдастырдық. Нәтижесінде сауда желілері ет, көкөніс және жемістерді сатып алуға қызығушылық білдіріп, «Федор» АӨК мен «Golden Food» компаниясының арасында 2017 жылы 60 тонна көкөніс пен жеміс жеткізу туралы келісім жасалды.
 «Өңірлер бизнесі» деп аталатын «Атамекен» ҰКП шағын несиелеу пилоттық бағдарламасын сәтті жүзеге асырдық. Оған «ALMEX» инвестициялық қоры арқылы «Атамекен» ҰКП мен облыс әкімдігі 300 млн. теңге бөлді. Несиелерді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ұсынды. Алдағы уақытта жобаның сәтті іске асуын қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлердің барлық өтініштерін облыстық кәсіпкерлер палатасының несие комитеті қарап, облыстың бизнес-қоғамдастық өкілдері ҰКП ұсынысы бойынша 87 жобаны  қаржыландырды.
– Тауық жылы қандай табыспен өріледі?
– Өткен жылғы жұмыс барысында аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де белсенді жұмыс жасау керек екеніне көз жеткіздік. Расымен, ауылдық жерлерде тұратын кәсіпкерлер қолдауға мұқтаж. Олар заңдағы соңғы өзгертулер, жеңілдіктер және бизнесті қолдау тетіктері туралы біле бермейді. Сондықтан биыл  ауыл кәсіпкерлерін қолдау тетігін күшейтуді мақсат етіп отырмыз. Осыған орай, аудандық және қалалық филиалдардың жанынан алғашқылардың бірі болып кәсіпкерлер кеңесін құрдық, оның құрамына ауылдар мен өңірлердегі танымал бизнесмендер енді. Биыл да кеңестің рөлін арттыру жалғаспақ.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Қажет Андас.