Діні бір, дамуы - бір

Уақыты: 17.01.2017
Оқылды: 1327
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасы үшін жексенбі жайбарақат демалатын күн емес. Осы демалыста аязды Астанадан аптап Абу-Дабиге аттанған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Біріккен Араб Әмірліктері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид әл-НАҺАЯНМЕН кездесті. Екіжақты кездесуде экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жұмыстары талқыланып, Қазақстан – Араб арақатынасын дамытатын бірқатар құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті ресми сапарында ғылымы мен білімі қарыштап дамыған орта ғасырдағы ислам әлемін қайыра еске түсіріп, мұсылман мемлекеттерінің бірлігін, олардың инновация мен техникалық прогреске тезірек бейімделуін сөз етті.

Мемлекет басшысы мінген ұшақ Абу-Даби қаласына жексенбі күні түс ауа қонды. Діндес бауырлар Қазақстан тарапынан келген ресми делегацияны салтанатты түрде қарсы алып, ыстық ықылас көрсетті. Шейхпен кездесуде екі елдің инвестициясын, энергетикасы мен сауда-экономикасын, мәдениеті мен гуманитарлық байланысын дамытатын бірнеше келіссөздер шешімін тапты. Атап айтқанда, қос Елшілікке бөлінген өтеусіз жер учаскелеріне, визасыз барыс-келісті реттеуге, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы діни қарым-қатынасқа, туризм мен халықаралық көлік тасымалына қатысты хаттамалар мен келіссөздерге қол қойылды. Бұдан кейін Елбасы «Эмират палас» сарайында «Calatrava Grace Corporation» компаниясының атқарушы директоры Майкл Калатравамен жүздесіп, Астана қаласының ажарын айшықтайтын жобаларды қаржыландыру бойынша әңгіме өрбітті.
Ресми сапардың келесі бөлігінде екі елдің белді кәсіпкерлері форум өткізді. Мұнда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың Қазақстан үшін де, БАӘ үшін де маңызы зор екендігі айтылып, екі жақтағы мамандардың бұл тұрғыда тәжірибе алмасып тұруы кеңінен сөз болды. Әсіресе, жуырда Астанада өтетін ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесіне қатысуға Абу-Дабиден ынталы азаматтардың көптігіне баса назар аударылды. Президенттің айтуынша, Қазақстандағы тауар айналымы бойынша Азиядағы елдер арасында бірінші орында Біріккен Араб Әмірліктері тұр.
– Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда үш есеге дейін артты. Тәуелсіздік алған сәттен бері Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвестицияның көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті, – деді Елбасы форумда сөйлеген сөзінде. – Қазақстанда Әмірлік тарапынан құйылған капиталдың көмегімен 200 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстан жан-жақты инвестициялық қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, кейбір саланың инвесторлары 10 жылға корпоративтік табыс және жер салығынан, 8 жылға мүлік салығынан босатылған.
Елбасы Әмірлік кәсіпкерлеріне Қазақстандағы капиталға қолайлы жағдайды таныстыра келе, экономикалық ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Сонымен бірге, өзге елден келген компаниялардың құқығы мен жұмыс нәтижесін қорғайтын Шетел инвесторлары кеңесі қызмет атқарады. Кездесуде Астанада Сирия келіссөзінің келешегі туралы да әңгіме қозғалды. «Бұл келіссөз өтуі мүмкін және біздің осы өңірдегі бейбітшілікті дамытуға қосқан үлесіміз болады. Мен Иран Президенті мен Сауд Арабиясы Королімен өзара қарым-қатынастарын жақсарту үшін келіссөздер жүргіздім. Ислам әлемінің екіге жарылуына жол беруге болмайды. Сондықтан ислам елдерінің, мұсылман мемлекеттерінің бірлігі, ғылыми-техникалық прогреске, инвестицияға, инновацияға жұмыс істейтін исламға бейім мемлекеттерге бағдарлануы – бұл біздің жолымыз. Бір кездері ислам әлемі ғылым мен техникада бүкіл ғаламшарды басқарған еді. Біз прогресске, ғылым мен болашаққа бағдарлануымыз қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Расында да, адамзат өркениетіне үлкен үлес қосқан ғылымның түп-тамыры мұсылман ғұламаларының есімімен тығыз байланысты. Әдебиетте, мәдениетте, философияда, медицина мен музыкада, құрылыс пен адал сауда-саттықта ислам мемлекеттерімен теңесетін ешкім жоқ еді. Бұл ретте біздің өлкенің өркениетін дамытқан бір ғана әл-Фарабидің өзін атап өтсек жеткілікті. Бірақ бүгінде мұсылман әлемінде діни және саяси шиеленіс күшейіп келеді. Екіжақты кездесуде Қазақстан мен БАӘ-нің дінге жауапты өкілдері исламға күйе жаққан экстремизммен бірлесіп күресуге уағдаласты. Сапардың екінші күні болашақтың энергиясы төңірегінде өрбитін маңызды жиынмен жалғасын тапты.

Қуаныш ТҰНҒАТАР