Лаңкестерде ұлттық сезім болмайды

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 1198
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әлем жұртшылығының бәрі де бейбітшілікті, тыныштықты қалайды. Дегенмен, бұл өмірде жақсылық пен жамандықтың текетіресі толастамақ емес. Соның кесірінен жамандық арқылы табыс тауып, пайда көргісі келетін ниеті бұзық, теріс пиғылды жандар жер бетіндегі соғыс өртінің тұтануына мүдделі.

Бүгінде халық Сирия еліне назар тігуде. Себебі, лаңкестер мен бүлікшілер жиналып, «Ислам халифатын» құру мақсатында Башар Асадтың билігін талқандауға кіріскені әмбеге аян. Олардың қатарында қазақстандықтардың да бар екендігі белгілі. Олардың басым бөлігі  жалған уағыз, өтірік өсиеттің жетегімен теріс қадамға барғанын түсінді. Бірақ бәрі кеш...
Мемлекеттер мен халықтарды үлкен үрейде ұстап отырған «Ислам мемлекетін» құрмақ болғандардың көзін түпкілікті жою керектігін көпшілік жақсы ұғынды. Себебі, соғыс өртінен қашқан босқындар кәрі құрлық – Еуропаны басып қалса, лаңкестіктің нағыз зардабын кейбір елдер тарта бастады. Оған Еуропаның бірқатар мемлекеттері мен Түркияда орын алған жарылыстар дәлел. Соған орай Ресей мен Түркия Сирияға әскер кіргізіп, лаңкестердің ошағын дыбыстан ұшқыр ұшақтармен атқылады. Әскери шабуылдан келген орасан зардапты жергілікті халық тартып, ана мен бала ажырады, әке мен шеше мезгілсіз көз жұмды, желкілдеген жастар жарқын өмірдің қызығына тоймай қыршынынан қиылды. Одан бөлек, шекаралас жатқан Ирак мемлекеті де қара туды желбіретпек болған харижиттерге өз тарапынан шабуылдап, ойранға от қосты. Қалай болғанда да бір кездері гүлденген мемлекет Сирияның бүгінгі күні сау-тамтығы қалмады. Турасын айтқанда әлемдік державалардың қыспағында қалған ел соңғы үлгідегі әскери техниканы сынақтан өткізуде таптырмас полигонға айналып отыр. Мұны «Азаттық» радиосы сынды тәуелсіз ақпарат құралдары айтады. 
КСРО кезіндегі айбары мен күш-қуатынан айырылған Ресей Федерациясы айналасындағы елдерге басымдық таныта түскісі келеді-ақ. Жүздеген шақырымнан нысанаға тура тиетін зымыранды әскери кемеден атып, құрылықтағы лаңкестердің ордасына дөп түсірген орыс флотының күшін күллі әлем таныды. Содан кейін де болар, Еуроодақтың салған санкцияларына қыңқ демеген Ресей кейіннен Сирияға әскер кіргізгенде ешкім ештеңе дей алмады. Себебі, Ливан, Сирия, Палестина сынды мұсылман мемлекеттеріндегі тыныштыққа ешкім мүдделі еместей көрінеді.
Қара тулы лаңкестердің қатарында Ресей Федерациясына қарасты Кавказ халықтары мен орыстардың да өкілдері бар. Оған жақында Ирактың Мосул қаласынан табылған жалдамалы лаңкестердің төлқұжаттары арқылы көз жеткізуге болады. Мосул қаласындағы университет ғимаратын көптен шабуылдаған Ирак әскерилері өткен аптада ондағы жалдамалыларды ығыстырып, жоғарғы оқу орнын босатқан еді. Сол кезде қашқандардан қалған заттардың арасынан әлемнің барлық елдерінен келген жалдамалы әскердің 200-ден астам құжаты табылды. Әсіресе ресейліктердің төлқұжаты өзгелерден көп болып шықты. Осыған қарап: «Лаңкес атаулыда ұлт, мемлекет, туған жер, ата-ана, туған-туыс деген ұғым болмайды екен-ау» – дегенді еріксіз ойлайсың. 2015 жылдың күзінен лаңкестердің көзін құртуға кіріскен Ирак мемлекетінің Мосул қаласын лаңкестерден толық тазартқанын «РИА Новости» агенттігі мәлімдеді.
Жан-жақтан қыспаққа алынған лаңкестердің көзін құрту операциялары жылдам жүргізіліп, бүгінгі күні «Ислам мемлекетін» құрмақ болғандардың ту-талақайы шықты деуге болады. АҚШ қара туды көтергеннің көсемі Әбу-Бәкір әл-Бағдади есімді лаңкестің басын алғандарға мол сыйақы тағайындап, сыйақы мөлшерін 25 миллион долларға көтерді. Бұл сома 2011 жылғы қазан айына дейін  10 миллион доллар болатын. 
Шындығында қазақтың «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген сөзіне лайықты әрекеттен пайда бар ма екен?! Өйткені кезінде АҚШ үкіметі Усама бен Ладеннің басына да бәйге жариялаған болатын. Алайда оның бар-жоғының әлі де белгісіз екендігін кейбір интернет сайттары айтып қалады. Қысқасы, әлемдік саясатта адамның жағасын ұстататын құпиялы қадамдар көптеп кездеседі. Сондықтан біздің жағдайымызда ежелден көршілес Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болу пайдалы болмақ. Осыны жақсы ұғынатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытта оң қадамдар жасауда. Ал, шығыстағы көршіміз Қытай мемлекетімен де ынтымақтастығымыз жыл өткен сайын артып келеді.
Жаһандану дәуірінде орын алған әлемдік дағдарыстардан тосылмай, ара-тұра бас көтеріп қалатын империялық арам пиғылдан зардап шекпей тыныштықта, бейбітшілікте, тұрақтылықта ғұмыр кешкенге не жетсін?!

Мәди АЛЖАНБАЙ