Судьялар жауапкершілігі артады

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 1459
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облыстық сотының ғимаратында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәмидің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтіп, облыстық соттардың 2016 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы шығарылды. Облыс әкімі Амандық Баталов, облыстық мәслихат хатшысы Серік Мұқанов, облыс прокуроры Ғабит Миразов, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Сәбит Құрманалиев, облыстық ІІД бастығының орынбасары Бейбіт Келгенбаев қатысқан жиынды облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденов ашып, жүргізіп отырды.

Алқалы жиында үш мәселе қаралды. Бірінші мәселе – облыс соттарының былтыр сот төрелігін жүзеге асыруының және істерді қараудағы заңдылықты сақтауының негізгі қорытындысы бойынша облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденов баяндама жасаса, екінші кезекте Судьялар одағының облыстық филиалы Судьялар әдебі комиссиясының төрағасы Болатбек Зағиев Жетісу жеріндегі судьялардың әрекеттеріне қатысты өтініштер мен шағымдарды қараудың нәтижесімен таныстырды. Кеңейтілген кеңесте қаралған үшінші мәселеге орай Көксу аудандық сотының төрағасы Қайрат Иманханов, Еңбекшіқазақ аудандық сотының төрағасы Венера Тохтарбаева, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Гауһар Қасымбаева, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Берікжан Байжүнісов кезекпен мінберге көтеріліп, атқарған жұмыстарының нәтижесін көпшілік назарына ұсынды.
Баяндамашылардың айтуынша, облыста судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттер мен тапсырмалар негізінде жүзеге асырылып келеді. Соған орай судьялардың VII съезінде «Судьялық әдеп кодексі» қабылданып, сот қызметкерлерінің кескін-келбеті, жұмыста және жұмыстан тыс уақытта өзін ұстауы, отбасындағы қарым-қатынасы секілді қарапайым халықтың сенімін тудыратын аса маңызды ережелердің қамтылғаны айтылды. Сондай-ақ, Алматы облысында судьялар мен сот қызметкерлеріне «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың тиімділігі түсіндіріліп, сот залдарын аудио-бейне жазу құрылғыларымен қамтамасыз ету тапсырмасының толықтай орындалғаны таныстырылды. Бұл, ең алдымен, соттың ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз ету үшін жасалып отырған қадамдар.
Былтыр Алматы облысында 22 мың 783 азаматтық, 2 мың 54 қылмыстық іс тіркеліпті. Сонымен қатар, өзара арызданған тараптарды татуластыру мақсатында былтыр 1 мың 850 азаматтық және 931 қылмыстық іс медиация тәртібімен қаралған. Соның ішінде облыстық соттың соттар алқасы былтыр 30 істі медиация тәртібімен келістіруге қол жеткізген. Одан бөлек, Алматы облысындағы аудандық және соларға теңестірілген соттарға барлығы 42 мың 390 азаматтық істер мен арыз-шағым түскен. Соның 40 мың 173-і соттың алғашқы қарауында шешілсе, 22 мың 783 іске шешім шығарылған.
Осындай жетістіктерді әңгімелеген соттардың жұмысына жақсы баға берген облыс әкімі Амандық Баталов Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмидің алдында Жетісу жерінде қаралып жатқан істерге байланысты соттар алқасын құруға облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетінін, соған орай қаралған істердің бәріне дұрыс шешім шығарылғанын атап өтті.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Заңның басымдығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2016 жылы дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу институтын белсенді енгізу және жан-жақты дамыту, сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану бойынша өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ, алқабилерге кандидаттардың тізімін қалыптастыру мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойғанбыз, – деген Амандық Ғаббасұлы еліміздегі сот реформаларын жүзеге асырудың тиімділігіне тоқталды. Соған байланысты, облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, облыс соттарына қажетті көмек берілетінін, Елбасы ұсынған бағдарламаларды бірлесе атқару жолында облыстық соттарға сенім артатынын жеткізді. Осыған орай жиынды жүргізіп отырған облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденов өңір жетекшісіне ризашылығын білдіріп, былтыр облыста судьяларға 17 үй берілгенін атап өтті.
Алқалы жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құрған жұмыс тобының алғашқы қадамдарын таныстырып өтті.
– Жалпы алғанда үш сатылы сот төрелігі жағдайындағы соттар жұмысы Судьялардың VII съезінде мемлекет тарапынан оң бағаланды. Алдымызда құқықтық реформаның жаңа кезеңі тұр, – деген Қайрат Әбдіразақұлы еліміздің сот жүйесінің жұмысында жобаланған реформаларды талапқа сай жүзеге асыру керектігін, сот қызметкерлері біліктілігінің жоғарылығын, халықаралық стандарттарға сай талаптардың толық атқарылатынын атап өтті. – Жаңа шарттар сот қазыларының кәсібилігіне деген талапты күшейтті. Осыған орай былтыр 1 мың 220 судья кәсіби шеберлік сынынан өткізіліп, олардың басым бөлігі өзінің кәсіби біліктілігін көрсетті. Арнайы сынға түскен Алматы облысындағы 77 судьяның төртеуіне біліктілігін арттыруға және сынақтан қайта өтуге тапсырма берілсе, екі судьяға қызмет саласын ауыстыру ұсынылды. Биылғы жылы сынақтан жақсы баға алмаған судьялардың қызметінен босатылатынын ескерткім келеді. Сондай-ақ, Алматы облыстық сотының жұмысында аздаған кемшіліктер бар. Қылмыстық істер бойынша апелляция жұмысының сапасы нашарлап кетті. Осыған орай облыстық сот төрағасына 8 ескертпе-хат жіберілді. Оның бесеуі қылмыстық істерге қатысты болса, үшеуі әкімшілік істерге байланысты жазылған.
Сот қызметкерлерінің алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын айтып өткен Жоғарғы Сот төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бағдарламаларды толық жүзеге асыруға күш салу керектігін ескертті. Өз атына айтылған ескертпе-сыннан нәтиже шығаруға уәде берген облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденов алдағы күндерде мұндай кемшіліктерді болдырмауға күш салатынын жеткізді.
Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмидің Алғыс хатымен марапатталса, 60 жасқа толған ауданаралық экономикалық сот төрағасы Қуанышбай Әлжіковке Құттықтау хаты тапсырылды.

Мәди АЛЖАНБАЙ